Өздерін «халал балабақшалар» дейтіндер кімді тәрбиелеп жатыр?

9849
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық білім беру деректер қорының статистикалық мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда 7880 балабақша болған. Жартысы жеке меншік. Биыл бұл сан өспесе, кемімеді. Дегенмен, балабақша кезегінде тұрғандар да жетерлік. Жарайды, айтпағымыз бұл емес.

“Тәрбие тал бесіктен” деп,  баламызды тәрбиелеуге келгенде жаңылысып жатамыз. Жұмысы бастан асатын ата-ана баласын балабақшаға сүйреп әлек. Бірақ тілі енді шығып, күбірлеген балаға олар не үйретіп жатыр?  Оған жұмысбасты әке мен ана мән бере ме?

Қазір “халал” атауы балабақшаларға да тіркеліп алған.  Дінтанушы мамандардың айтуынша, “халал” десе, “діни балабақша” деген түсінік келеді. Алайда, олар “тамағымыз адал болғандықтан, халал атауын қойдық”, дейді.

Дегенмен, бірқатар “халал” атауы бар балабақшалар ағылшын тілінен бөлек араб тілін үйретеді екен.

Интернетте де жарнамасы жер жарады. “Халал балабақша” деп жаза қалсаңыз, алдыңыздан тізіліп шығады. Мұндай балабақшалардың айлық төлемі де жоғары. Сондай халал балабақшалардың біріне хабарласып көргенімізде, айына 70 мың теңге екенін, ал екіншісі 1 балаға 130 мың теңге, егер күнара немесе түске дейін ғана келсе, 100 мың теңге екенін айтады.

Мұндай жекеменшік балабақшаларға кез келген теріс пиғылды діни ағымның құрық салмасына кім кепіл? Ақ пен қараны ажырата алмайтын сәбилер дінді қалай ажыратады? Мұндай балабақшалар кімді тәрбиелеп шығады? Олардың жұмысы бақылана ма?

Бұл жөнінде “Адырна” тілшісі дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлынан сұрап білді.

«БАЛАЛАРДЫ ДІНИ СИПАТ НЕГІЗІНДЕ ОҚШАУЛАП, БӨЛЕК ОҚЫТУ ДҰРЫС ЕМЕС»

“Негізі “халал балабақша” деп айту түсініксіз нәрсе. «Халал» десе діни балабақша деген түсінік пайда болады, себебі бұл діни термин. Яғни, музыка мен бейнелеу өнеріне тыйым салынған, балалар мен қыздар бөлек ойнайтын жер дегенге саяды. Бірақ Қазақстан Республикасының заңы бойынша діни мекемелер бөлек тіркелуі тиіс. Егер тамақтары адал, құрамында тыйым салынған шошқа еті мен қан жоқ деген мағына болса, онда сол үшін бүкіл балабақшаны қандай да бір діни терминмен атаудың қажеті жоқ. Балабақшалар зайырлы сипатта болуы тиіс. Тағам мәселесіне келсек, ата-аналар балабақша әкімшілігіне балаларына тұтынуға болмайтын тағамдар тізімін беру керек, ал әкімшілік соны ұстанып, балаларға ата-анасы рұқсат еткен тағамдармен тамақтандыруы тиіс. Балаларды діни сипат негізінде оқшаулап, бөлек оқыту дұрыс емес”, - деді дінтанушы.

Сондай-ақ, Әл-Фараби Нұрбекұлы балалардың діни ағымға ермеуінің алдын-алу керегін айтты.

“Балабақшаларда діни сабақтар берсе, бұл - Заң бұзушылық. Осыған ұқсас әдістермен, қайырымдылық қорлар атын жамылып, Түркиядан келген «Сүлейменшілер» деген қауіпті ұйымның балаларға діни сабақ беру, оған қоса зорлық жасау фактілері ашылған еді. Бәлкім, бұл жерде де соған ұқсас жағдай орын алуы мүмкін, анықтау керек. Әртүрлі мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарында шетелден келген жамағат өкілдері насихат жүргізіп, оқушы, студенттерді арбағандарын білеміз. Ал кішкентай баланың миын улау әбден оңай келеді. Сол себепті балаларымызды барынша зайырлы сипатта оқытуымыз тиіс», - деді дінтанушы.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер