Асқар Садықов:  30 кәсіпкер сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шағым түсірді   

581
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттің дамуына тежеу болып, қоғамның тамырына балта шапқан індет- жемқорлық.  Аталған дертпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі. Сыбайлас жемқорлықтың тамырын жою үшін халықтың құқықтық сауатын арттыру аса маңызға ие. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі-жемқорлықпен күрес.  Көркем тілде айтқанда, «бармақ басты, көз қыстының» алдын алудың жалғыз жолы-сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру. Мәуелі бәйтеректің ұзақ жасауы, оның діңгегінің тазалығына байланысты. Мемлекетте дәл бәйтерек тәріздес. Оның тұғырының биік болуы да ішкі тазалықпен астасып жатыр.  Үлкен мемлекетті шағын қалалар мен елді мекендер құрайтыны айдан анық. Ендеше, елдің ішінде сыбайлыс жемқорлықтың белең алмауына тосқауыл қою өңірлерден басталуы тиіс.  Осы орайда, біздер Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің басқарма басшысы Асқар Садықовпен аймақтағы ахуал жайлы сөз қаузадық.

 

Депаратамен басшысы әңгіменің әлқисасын 2022 жылғы
2 ақпанда Президент Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін, бас құжаттың  шеңберінде   Агенттік пен оның аумақтық департаменттерінің 5 жылға арналған стратегиясы айқындалғанынан бастады.  Жалпы, аумақтық департамент заң негізінде сыбайлас жемқорлықтың себептері мен салдарын жоюға, бұл қылмыстарды ашу және жолын кесу бойынша жедел жұмыс атқаруға және тергеу, яғни істің сапалы және заңды аяқталуын қамтамасыз етуге міндетті.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу» деген сөзін басшылыққа алған  Агенттік Төрағасы сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан қоғам қызметінің түрлі салаларын қамтитын арнайы жұмыс картасын бекіткен еді. Құжаттың шеңберінде Алматы облысында жүйелі жұмыс атқарылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары салалар анықталды.

Олар, ұрпақтың келешегін сеніп тапсырған білім, басты байлығымызды аманаттаған денсаулық сақтау және айналасында дауы бітпейтін жер қатынастары саласы болып шықты.

Дейтұрғанмен, Асқар Садықов  сандарды сөйлетуден бұрын  аталған салалардағы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою бойынша мақсатты жұмыс жүргізу басты назарда болатынын жеткізді.

Мамандардың сөзіне құлақ ассақ,  заң бойынша превенция, яғни сыбайлас жемқорлықтың себептері мен салдарын жою сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және  мониторинг,  жемқорлық тәуекелдерін талдау сынды  әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.

-         «Өткен жылы Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымы өзгергеннен кейін түрлі нысаналы топтармен 100-ден астам кездесулер өткізілді»,-дейді Асқар Жұмаханұлы.

Департамент басшысы атаған насихат шаралары Алматы облысындағы Қарасай, Ұйғыр, Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарының  тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен де өткізілген.   Мұндағы негізгі мақсат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптары мен жаңалықтарын жеткізу.

Асқар Садықов, халықпен уақытылы кездесулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тиімділігінің кепілі деп санайды.

Өткен жылы атқарылған жұмыстарға келер болсақ, мониторинг жүргізу бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз жұмсау фактілерінің жолын кесу мақсатында мемлекеттік сатып алу ісін тексеруден бастау алған. Сан мыңдаған қаржы жол ортада өзге бағытты бетке алатын, тармағы көп, ұшы жоқ бұл жол департаменттің қашанда жіті назарында. 

Асқар Садықовтың айтуынша, былтыр тамыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың 984 млн теңгеге бағаны негізсіз көтеруіне жол берілмеген.

- «Өткен жылы  құрылыс басқармасы сатып алу жоспарына шамамен 900 млн теңгеге бір құрылыс құрылымын енгізгені байқалды.  Ал, «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталының деректеріне сәйкес, мұндай құрылымның орташа бағасы небәрі 750 мың теңгені құрайды. Олар өз жүйелерінде бағаны 1200 есеге артық көрсеткен. Осыған байланысты, біз ұсыныс хат жібердік, соның негізінде сатып алу тоқтатылды»,-дейді Асқар Жұмаханұлы.

Облыстық Департаменттің бастамасымен қолға алынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингінде  денсаулық сақтау саласы, «АртСпорт» мемлекеттік бағдарламасы және ауыл шаруашылығы жерлерін суару жүйесі қамтылған.

«Алматы облысындағы үш медициналық мекемеден конкурстық рәсімдерді бұзу, жеке әріптестердің қызметіне бақылаудың болмауы, шарттық міндеттемелерді орындамау және т.б. фактілер анықталды. Бұл әлеуметтік нысандарды сенімгерлік басқаруға беру процесін егжей-тегжейлі реттеудің болмауынан туындады. Барлық анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша ұсынымдар дайындалды, оларды Ұлттық экономика және денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ облыстық әкімдікте орындауда»,- деп атап өтті спикер.

Ал, Департаментпен жүргізілген  «АртСпорт» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мониторинг барысында мемлекеттік тапсырысты бөлудегі оғаш тұстар мен жалған құжаттарды ұсыну, бюджет қаражатын мақсатқа сай жұмсамау, ақпараттық платформаның жетілмегендігі секілді заңға томпақ келген әрекеттер әшкере болған.

Бұған Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманын айыптау дәлел болып табылады. Оған жеткізушінің өтінімін оң қарағаны үшін пара алу фактісі бойынша 12 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған еді. Сонымен бірге, Алматы облысының көші-қон полиция басқармасының мәліметі бойынша «АртСпорт» платформасында деректері жоқ немесе ата-анасының деректеріне сәйкес келмейтін 552 жеке сәйкестендіру нөмер тіркелген. Осы жеке сәйкестендіру нөмірлері бойынша алдын ала есептеулерге сәйкес 13 млн тенгеден астам залал анықталған. Бұл да Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің жемқорлқтың жолын кесуге жасаған сәтті әрі нақты қадамы болғанын атап өткен абзал.

Сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін зерделеу  ирригациялық желілер саласында айнадып өтпеді. Жалпы, Алматы облысында кооператив түрінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 24 бірлестігі жұмыс істейді.

Заң бойынша олардың міндеті Үлкен Алматы каналынан шаруа қожалықтарына дейін суару каналдары арқылы су жеткізу болды. Алайда, іс жүзінде олар коммерциялық құрылымға айналды. Осыны дер кезінде қаперлеріне алған облыстық Департамент кооперативтер суару арналарына құқықтары жоқ және табиғи монополиялар субъектілерінің тіркеліміне кірмей, 1 м3 үшін 70 тиыннан Су алып, шаруаларға гектарына 20-28 мың теңгеден бергенін, бұл орташа есеппен 1 м3 су үшін 2 теңгеден асатындығын анықтай алды.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі нысанаға алған кезекті бағыт-кәсіпкерлік. Кәсіптен нәсібін тапқандардың құқығын қорғау үшін бір ай бұрын ғана  «Бизнеске жол» атты жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге қойылатын әкімшілік кедергілерді және бюрократияны жою, қабылданатын шешімдердің уақытылығын және ашықтығын қамтамасыз ету.

-        «Бизнеске жол» шеңберінде Кәсіпкерлер жерді ресімдеу, бақылаушы органдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосу, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды алу кезінде кездесетін нақты мәселелерді шешумен айналысатын боламыз»,- деді Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің басқарма басшысы Асқар Жұмаханұлы.

Айта кетейік, жоба іске қосылған сәттен бастап Алматы облысы бойынша түрлі проблемалық сұрақтары бар 30-дан астам кәсіпкер департаментке өз шағымдарын арқалай келген. Оның ішінде 20 іс оң шешімін тапты.

-        «Жедел-тергеу желісі бойынша 2022 жылы және ағымдағы жылғы қаңтарда Департаментпен 157 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелді, оның 64% - ы  сыбайлас жемқорлық болып табылады.  Нәтижесінде 67 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 13 – і әртүрлі дәрежелі бірінші басшылар»,-деп сөзін сабақтады спикер. 

Айта кетеу керек, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың негізгі үлесі парақорлыққа тән. Пара алау дерегі бойынша  84 қылмыс, ұрлық және алаяқтық 40 іс, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға қатысты  3 факті тіркелген.  Мамандар, жергілікті атқарушы органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары сондай-ақ, ішкі істер органдары сыбайлас жемқорлық көріністеріне барынша бейім екенін жасырмай айтуда.

Асқар Жұмаханұлының сөзіне сенсек, лауазымды тұлғалар тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың  41 қылмыстың беті ашылып,   бюджетке 204 млн теңге шығын өтелген.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің басқарма басшысы өткен жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазселденқорғау басшысы мен оның орынбасары аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша ұсталғанын және Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полиция батальоны инспекторларына қатысты Республикалық маңызы бар автожолдарда әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны үшін ақша қаражатын жүйелі түрде жинау фактілері бойынша қылмыстық іс сотқа жолданғанын тілге тиек етті.  Сонымен қатара, жыл басында  Алматы облысы прокуратурасының үйлестіруімен фармацевтикалық бақылау саласындағы лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық қызметіне тосқауыл қойылған екен.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің басқарма басшысы Асқар Жұмаханұлы, еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету жолында бір қолдың саласындай жұмыла еңбек ету қажет деген пікірде.

- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат-қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас-жемқорлық-бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен кесірін тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ  міндет»,-деп сөзін түйіндеді Асқар Садықов.

Расында, сыбайлас жемқорлық- заман ағысымен бәсекеге толы қоғамда тамыр жайғаны жасырын емес.  Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына  үлес қосу тұтас ұлттың парызы болуы шарт.

Анар Сабырова 

Алматы облысы

Пікірлер