Билік төрт баланың жәрдемақысын екі сиыр үшін бермейді

2239
Adyrna.kz Telegram

Өткенде Алматы облысының көрікті жерлерін аралап қыдырып жүріп Кеген ауданына ат басын тіреп Тоғызбұлақ ауылына түскен болатынмын. Тоғызбұлақ ауылында көкем тұрады. Ол кісі әуелден бізді қонаққа шақырып жаны қалмай күтіп жүрген еді. Үйіне түскесін көкеміз жайылып жастық, иіліп төсек боп бәйек болды.
Отағасының (есімі Ерден) төрт баласы бар. 17- 18 дегі екі ұлы Алматыда студент, оқуда. Екі кішкентай ұлы мектепте, 1- 3 сыныпта оқиды. Жұбайы - Салтанат тәтем ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс істейді.
Отағасының жастау кезінде Алматыда істемеген жұмысы жоқ, кейін денсаулығы сыр бергесін, ауылға кеп қарашаңырақты ұстап, қора - жай, бау - бақшаға, үйге ие болып жұмыссыз отыр. Оған инвалидность те алмайды екен.
Содан ас үстінде әңгіме боп, тәтемнен "өткенде Назарбаев айтқан көп балалы аналардың пособиесін алып отырсыздар ма? " деп сұрасам, "жоқ, әкімшілік екі сиырларың бар екен, сендерге не положено деді" деп күмілжиді.
Сөйтсе, Тоғызбұлақ ауыл әкімі Салтанат тәтемнің Клубтан алатын 42 мың жалақысына екі сиырларын қосып, оларды орта дәулеттілер санатына қосып пособиеге іліктірмепті.
Мен мында - фейсбукте жұрттың 21 мың теңге пособие туралы түрлі баннер, фотоларын көріп, осы тақырыпқа қатысты түрлі әңгімесін оқып "қалжыңдап жүрген шығар" деп мән бермей жүрсем, мына жерде бұны естігесін "ойпырау мынау рас екен ғой өзі" деп таңғалып қалдым.
Көкемнің екі ұлы жоғарыда айтқандайын, студент. Оқуларын бітіргесін әскеріне барады, болашақ отан қорғаушылар, бір үйдің сондай төрт азаматы бар. Қазақстанның келешегі.
Менде бұл жерде мындай сұрақ туындайды: сонда аталмыш көпбалалы аналарға арналған пособие мынау далиған жерімізді иемдену үшін, оны меңгеру үшін туылған балалардың игілігіне берілмегенде, басқа кімге беріліп отыр? Нағыз "уа халқым, тез арада көп бала туыңдар, көбейіңдер, жеріміз үлкен, енді оны ұстап қалайық десек халқымыздың саны көбеюі керек" деп осынау игілікке ақша шашатын мемлекет біздің мемлекет емес пе еді.
Жергілікті Кеген ауданының, Тоғызбұлақ ауылының әкімшілігінің осы мәселеге қатысты не ойлағаны бар екен. Жалпы, басқа жерде осы мәселе қалай боп жатыр жұртым?

Олжас Әбіл

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер