Қазақ ғылымының дамуының негізгі күші ғылыми зерттеу институттары - маман

1340
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы ғылым саласының дамуы еліміздегі ғалымдар тарапынан бағаланып, жиі талқыға түспейді. Көпшілік еліміздегі жас ғалымдар туралы, ғылым саласының жаңа өркениеті туралы жаңалықтардан бейхабар. Аталған тақырып аясында «Адырна» тілшісі Алматы технологиялық университетінің «Тағамтану» факультетінің оқытушысы, PhD доктор Молдағұлова Зылиха Нұрғалиқызымен әңгімелесті.

- Соңғы 10 жылдықта Қазақстанда ғылымды зерттеу саласы қалай дамыды?

- Қазақ ғылымының дамуының негізгі күші ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын 396 ұйым бар. Бұл ұйымдар министрліктің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ҒЗО-лардың құрылуы да отандық ғылымның ілгерілуіне өзіндік үлесін қосуда. ҚР Ғылым қоры желісі бойынша 2016 жылдан бастап ғылыми қызмет нәтижелері коммерцияландырылатын 151 жоба қаржыландырылады. Бүгінде 120-дан астам жоба сату кезеңіне шықты. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша ғылым саласында 22 665 ғалым мен зерттеуші жұмыс істейді. Олардың 35%-ының ғылыми және академиялық дәрежесі бар. Сондай-ақ ғылымға қызығушылық магистратура мен доктарантурада дамуы үшін және шетелдерде тағылымдамадан өтуі үшін арнайы атрибуттар берілуде. Соңғы жылдары гранттардың саны да, оларға берілетінін стипендияның көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Магистратура мен докторантурада көбейген гранттар негізінде елімізде жас ғалымдар артып келеді.

- Қазақстанның ғылыми қоғамдастығы қандай мәселелермен бетпе-бет келіп отыр және бұл мәселелерді шешу үшін қандай бастамалар бар?

- Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте ғылымдағы мәселелерді шешу жолдары: біріншіден бизнесті тарту жолдары, ынталандыру мәселері талқыланды. Екіншіден университеттегі ғылымды дамыту көзделген. Үшіншіден ұлттық деңгейдегі кеңесте ғылымды дамытудың басым бағыттары және де әртүрлі мәселелер талқыланады. Атап айтқанда, ғылым бағытында бөлінетін қаражат көлемін арттыру, университеттерге, зерттеу институттарына құрал-жабдықтар алу тақырыптары қозғалады.

Әлемдік рейтингтерде ЖОО саны мен қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыстарының жалпы санындағы коммерцияландырылған жобалардың үлесін арттыру үшін мақсатты индикаторлар қатары жүзеге асырыла бастаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 2-қыркүйегінде жарияланған Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауында білім экономикасы, еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллект, жаһанның негізгі факторларына айналғандығына бірнеше мәрте екпін жасады. Бүгінде ҚР-да білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған жоғарғы және жоғарғы оқу орындарынан кейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту жоғары және жоғарғы оқу орындарынан кейінгі білімнің мазмұнын жаңарту және бәсекеге қабілетін арттыру ЖОО-да басқару жүйесін жетілдіру басты тұжырымдалардың бірі.

- Сіздің ойыңызша, елімізде жасанды интеллект, биотехнология сияқты жаңа технологиялар қалай қолданылып, дамып келеді?

- Ғылым мен технология үздіксіз дамып келе жатқан қазіргі таңда жасанды интеллект технологиясы адамдарды қызықтыратын әрі алаңдататын салалардың бірі болып табылады. Күнделікті тұрмыста біз жасанды интеллектің көмегіне жиі жүгінеміз. Өйткені қазірдің өзінде ЖИ адамзаттың сеніміне әбден ие болған. Көптеген сараптау, талдау, есептеу, кескіндеу қызметтері осы ЖИ арқылы жүзеге асады. Бірақ оның барысында ЖИ салдарынан алаңдатарлық мәселеге де тап болуы мүмкін. Мәселен жұмыссыздық, адамдардың көмегін керексіз етіп қалу деген сынды болжамдар күтілуде.

- Қазақстандағы зерттеулер мен инновациялардың келешегі қандай және болашақта қандай мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз?

- Қазіргі таңдағы инновацияның қарқынды дамуы жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілетті факторларды, алдымен елдің инфрақұрылымы, оның ғылыми күш қуатын халықтың білімділік деңгейін арттыру болып табылады. Индустриалды инновациялық саясат индустриядан кейінгі дамудың перспективалы шақтарында ғылыми техникалық, инновациялық және өндірістік әлеуетті ұлғайтуға бағытталған. Ол болашақта қағидатты бәсекелестік артықшылықтарды алуға жәрдемдесуі тиіс. Жоғары технологиялық өндірістер қалыптастыруға оның ішінде шетелдік те, салааралық та технологиялар трансферінің тиімді жүйесін жасауға жәрдемдесу, жоғары ғылыми технологиялық әлеуеті бар ғылыми техникалық және өнеркәсіптік ұйымдар мен кәсіпорындар желісі бар қалаларда қазіргі заманға ғылыми және инновациялық инфрақұрылымды алсақ, оның қазіргі заманғы элементтерінің қызметін қолдауда маңызды рөл атқарады.

- Жауабыңызға рақмет!

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер