Қазақстандағы ғылым: жетістіктер мен инновациялар

5924
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Орталық Азияның ұлан-ғайыр кеңістігін алып жатқан Қазақстан ғылыми биіктерге, техникалық прогреске ұмтылуда. Соңғы онжылдықта еліміз ғылымның түрлі саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.

Вакциналардың жасалуы, жасанды интеллекттің дамуы, экзопланеталардың ашылуы, зағиптерге көру тәсілдерін ойлап табу – осы және тағы да басқа әлемдегі жаңалықтар соңғы жылдардағы ғылым мен техниканың жемісі. Әлемдік ғылым бұрын-соңды болмаған жаңалықтарды бастан кешіруде, ал Қазақстан әлемдік оқиғалардың алдыңғы қатарында болуға ұмтылып келеді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы 28 наурызда Қазақстан Республикасының жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ғылыми қауымдастықпен бірлесіп әзірленген құжат жыл сайын гранттар бөлуді, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуді, 85 жетекші ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын базалық қаржыландыруға қосуды қамтамасыз етті. Алдағы уақытта ғалымдардың қатары бір жарым есеге артып, еліміздің ғылыми экожүйесін жаңартып, ғылымның нақты сектор мәселелерін шешуге қосатын үлесі артып, ғылыми-зерттеу жұмысының жақсаруы күтілуде.

Мәселен, 2020 жылы ғылымға республикалық бюджеттен 89 миллиард теңге инвестиция тартылса, 2023 жылы қазірдің өзінде 158 миллиард теңге жұмсалды. Ғалымдардың орташа жалақысы да өсті – 2021 жылғы 152 мыңнан 2022 жылы 252 мыңға дейін.

Ғылыми жаңалықтардың 27%-ы коммерцияланған. Өткен жылдың соңында жалпы табысы 16,4 миллиард теңгеден асатын 120 жоба сатылымға шықты, 15 жоба шетелге экспортталды. Осыдан Қазақстан ғылымның дамуына шындап кіріскенін байқауға болады. Дегенмен, еліміз ғылыми жетістіктерден кенде емес. Бүгінге дейін Қазақстан ғылымға қандай үлес қосты?

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДЫ ЖОЛЫ

Қазақстан ғарыштық зымырандарды ұшыру алаңы ретінде танымал. Тарихы жарты ғасырдан астам уақытқа созылатын Байқоңыр ғарыш айлағы көптеген ғарыштық экспедициялардың бастау нүктесіне айналды. Мақтанып та, марқайып та айтатын Байқоңыр Қазақстанның ғылымдағы жетістіктерінің бірі. Себебі, 2019 жылы мұнда Қазақстанның тұңғыш ғарыш аппараты KazSat-1 сәтті ұшырылып, еліміздің ғарыштық зерттеулерінде жаңа дәуір ашты.

2008 жылы «Қазақстан» қорытпасы патенттелді. Жаңа материал металлургияда болатты тотықсыздандыру, легірлеу және модификациялау үшін қолданылады. Басқаша айтқанда, отандық қорытпа металл емес қосындыларды және көрінетін ыстық жарықтарды азайту арқылы болаттың құрылымы мен сапасын жақсартады. Қорытпада кремний, алюминий, кальций, барий, ванадий, титан, көміртек және темір бар. Сондай-ақ, «Қазақстан» қорытпасы марганецтің болатқа алыну дәрежесін арттыруға мүмкіндік береді және оның соққыға төзімділігін арттырады. Ал қорытпаның экономикалық орындылығы қымбат кокстың орнына арзан күлді көміртекті жыныстарды пайдалануында жатыр.

Сондай-ақ, Қазақстан баламалы энергия көздеріне елеулі ресурстарды инвестициялауда. 2019 жылы «Байкал» және «Сарыарқа» ірі күн электр станциялары іске қосылып, еліміздің энергетикалық секторындағы жаңартылатын көздердің үлесін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар, «Жасыл экономика» стратегиялық бағдарламасы экологиялық тұрақты дамуды қолдауға бағытталған.

COVID-19-БЕН КҮРЕС. ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕДИЦИНАДАҒЫ ЖАҢАЛЫҒЫ

Қазақстан медициналық және денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерде ғылымға үлесін қосты. 1994 жылы медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Алшынбай Рахышев Ұлттық патенттік ведомстводан лазерді медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат беретін өнертабысқа авторлық куәлік алды.

Профессор Рахышевтің көп жылғы тәжірибелерінің нәтижесі өз жемісін берді. Отандық ғалым аз энергиялы газ лазерлерінің адамның қан тамырлары мен жүйке жүйесіне оң ынталандырушы әсерін эксперименталды түрде дәлелдей алды. Бұл жаңалық лазер сәулесін адам денсаулығын жақсарту үшін қолдануға мүмкіндік берді.

Қазақстанның медицинадағы ғылыми жетістігінің бірі – COVID-19 пандемиясымен күресуге бағытталған. Бүкіл әлем аурумен арпалысқанда Қазақстан QazCovid-in аталатын вакцинасын әзірледі. COVID-19-ға қарсы вакцинаны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасап шығарды.

Вакцинаның клиникалық сынақтары 2020 жылдың 25 желтоқсанында басталды. Қазақстанда бұл вакцина 2021 жылдың 26 сәуірінен бері қолданылып келеді.

Сондай-ақ, Қазақстандағы университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары шетелдік серіктестермен белсенді ынтымақтастықта. Бұл білім және тәжірибе алмасуға ықпал етеді, сонымен қатар студенттер мен ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына мүмкіндіктер жасайды.

Одан бөлек, Қазақстанда ақпараттық технологиялар стартаптары танымал болуда. Astana Hub сияқты жоғары технологиялық компаниялардың кластерлері цифрлық экономиканың дамуына үлес қоса отырып, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді.

Бүгінде елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 400-ге жуық ұйым бар. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосуда.

Ғылыми прогреске бастар жол Қазақстан ғылымының жетістіктері елдің технологиялық даму мен инновацияға деген ұмтылысын көрсетеді. Ғарыштық зерттеулер, энергетика, медицина, білім беру және ақпараттық технологиялар саласындағы көптеген жобалары бар Қазақстан қазіргі заманның сын-қатерлерін қабылдап қана қоймай, әлемдік ғылыми қауымдастыққа өзіндік үлесін қосуға дайын.

Пікірлер