Назарбаев: Жеті кандидатқа бірдей жағдай жасалған

1541
Adyrna.kz Telegram
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев "елдегі президент сайлауына жеті кандидат қатысып жатыр. Бұл елде саяси бәсекенің барын көрсетеді" деді. Бұл туралы ол 23 мамырда Нұр-Сұлтанда Нұр-Отан партиясы кандидатының штабымен кездесуде айтты.

Назарбаевтың сөзінше, сайлауға түсіп жатқан жеті кандидатқа бірдей жағдай жасалған.

Жиында Қазақстанның бірінші президенті инфрақұрылымды дамыту, аймақтарда тұрғын үй салу, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде тағы айтты.

– Қазақстанда жұмыссыздық деген мәселе жоқ, кәсіптің тапшылығы бар. Сол себепті қажетті мамандықтарды тегін оқытатын бағдарлама әзірленген болатын. Біз жастар үшін барлық жағдай мен мүмкіндік жасадық, – деді Назарбаев.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні басталған елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол маусымның 8-іне дейін созылмақ.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер