ШЫҢҒЫС МҰҚАН: “Қазақстанның халық жазушысы” қазақ әдебиетін дамытып жібере ме?

1294
Adyrna.kz Telegram
Баспа саласында жүрген соң, шетел баспасы мен әдебиетін зерттеп жүрмін. Мәселен, қазір өтіп жатқан Франкфурт кітап жәрмеңкесін айтамын. Әлемнің мен деген жазушылары осында кездесу өткізіп жүр, себебі баспа саласы әдебиеттің локомотиві.
Көп елдер бір-бір стенд құрыпты. Түркияны көрдім. Тайваннің баспагерлерінің бұрышы ұнады.
Егер Қазақстан болып келсек, не көрсетеміз деп ойланып қалдым. Жоқ болған соң да келмейтін шығармыз.
Қазақ әдебиеті өлмесе де соған жақын. Заманауи неміз бар? Балалар әдебиеті десек, “Менің атым Қожа” мен “Көксеректі” еске аламыз. Ей, ол қазіргі қазақтардың емес, бұрынғылардың еңбегі, қазіргі жүйенің емес, сол кезде әдебиетке қанат бітірген бұрынғы жүйенің жемісі. Кітап иллюстраторларынан кімдер бар? Қандай шығарма “Хәрри Поттер” секілі шет тілдеріне аударылып жатыр? Дым жоқ қой. Бас баспалар мемтапсырыспен мемлекеттік оқу бағдарламасына кітап шығарумен әлек. Олар шығаратын кітаптарды айтпай-ақ қояйын.
Енді, жақында “Қазақстанның халық жазушысы” деген атақ заңнама негізінде қаралмақшы. Оны Сенат қарамақшы. Маулен Ашимбаев Қарай берсін, жақсы! Бірақ бұл атақ та үлкен проблема болады күні ертең. Президент Әкімшілігінің сол құлағына тыныштық болмайды. Жазушылар екі жылда бір беретін мемсыйлыққа қалай таласады. Таласқан тараптар екі жыл бойы бір-бірімен көріспей жүреді. Алмағандар биліктің тағы да сол құлағын шуылдатады. Әдетте алмай қалғандар көп болады.
Әңгіме онда да емес. Әңгіме дәл осы атақ қазақ әдебиетін дамытып жібере ме? Бұл Кеңес кезінде қалыптасқан атақ. Бірақ ол кездегі әдебиетті бұл атақ емес, сол жүйенің жазушыларды қолдау тетіктері күшейтті.
Осылай арзан абырой жинауды қою керек қой. Билікке де опа бермейтін, жазушыларға да эгосын қанағаттандырғаннан басқа пайдасы жоқ трюктердің не керегі бар. Қажет болса, түбегейлі өзгеріс әкелетін парадигмалық, жүйлік шешім шығар, болмаса, косметиканың қажеті қанша?!
Мен үшін біздің жазушылар таласатын атақтар “Халық жазушысы” немесе мемсыйлық иегері емес, Booker Prize бен Pulitzer Prize. Nobel сыйлығын айтпай-ақ қояйын. Қашан да саясиланған сыйлық. Дегенмен оны да кіл мықтылар алады. Booker Британияның сыйлығы, Pulitzer Американың сыйлығы. Мына сурет - Pulitzer берілетін Колумбия университетінің алды.
Бізге "Халық жазушысы" дегендей атақтар емес, әдебиет саласында глобал бірнәрсе ойлап табу керек. Ең болмағанда түрік не ислам әлемі, ары кетсек Азияны түгел қамтитын, жылда Қазақстанда берілетін бір сыйлық керек. Оны және Парламент талқылап, ПӘ мақұлдап, Үкімет бекітетін емес, қоғамдық негізде, Жазушылар одағы бас болатындай, билік қаржылай қолдайтын жоба керек.

 

 

Пікірлер