Қазақстандағы "Қытай терезесі". "Жібек жолындағы" Жунго қазақтың ет пен майына зәру

1541
Adyrna.kz Telegram

18 қазанда Қытай астанасы Пекинде  «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумының үшінші отырысы салтанатты түрде ашылады. Сол қарсаңда жергілікті БАҚ осы жобаның маңызы жайында жиі жазып, көрсетіп, талқылап жатыр. «Жэньминь жибао» (Халық газеті) басылымының қазақша нұсқасында жарияланған Қазақстан-Қытай қатынасы туралы кейбір мақалаларға шолу жасағанды жөн көрдік.

Осы форум қарсаңында «Жэньминь жибао» газетінде Қазақстан-Қытай арасындағы маңызды ақпараттар жарияланып, елдің ынтымақтастық қарым-қатынасы сөз етілуде.

17-18 қазан аралығында Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жоғары деңгейдегі ынтымақтастықтың үшінші форумы өтуде. Еліміздің сарапшылары «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысында Орталық Азияның бес елі шешуші болып табылатынын айтуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы форумға қатысу мақсатында іс-сапармен ҚХР аттанған болатын. Қазақ тілінде сайраған қытайлық сайтта қос басшының кездесуі туралы ақпарат басты бетте тұр.

Қазақстандық сарапшы Айдар Әмірбаев ынтымақтастықтың үшінші форумы «Бір белдеу, бір жол» шараларын бірлесіп талқылауға және одан әрі даму үшін стратегиялық негізгі бағыттарды белгілеуге тамаша мүмкіндік екенін жеткізді.

ҚЫТАЙ ТАҚЫРЫБЫНА АРНАЛҒАН КІТАП ДҮКЕНІ

«Жэньминь жибао» басылымында жарияланған тағы бір мақалаға көз салсақ, «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысы аясында Қазақстанда «Қытай тіліне қызығушылықтың» артқаны әрі күллі Орталық Азиядағы Қытай тақырыбына арналған алғашқы кітап дүкені Қазақстанда ашылғаны хабарланып тұр.

Мақалада: «... қытай тілін үйрену арқылы «Бір белдеу, бір жолдың» мүмкіндіктерін пайдалану Қазақстандағы көптеген жастың таңдауы болды. Қазақстанда қытайша кітаптар мен Қытай тілін үйрену бойынша кітаптардың жариялануы мен таралымы жылдан жылға артып келеді. Қазақстанның бірнеше кітапханасында «Қытай терезесі», «Қытай әдебиетінің бұрышы» ашылды, ал Алматы қаласының бас көшесінде Орталық Азиядағы Қытай тақырыбына арналған алғашқы кітап дүкені жұмыс бастады»,-делінген.

Алматы қаласының орталық көшелерінде орналасқан кітап дүкендерінің бірінде «Бір белдеу, бір жолдың» он жылдығына байланысты Қытай әдебиеті мен мәдениетіне қызыққандар қатары көбейіп келеді екен.

ҚАЗАҚТЫҢ ЕТ ПЕН МАЙЫНА СҰРАНЫС

«Жэньминь жибао» басылымындағы тағы бір мақалаға қарағанда,  соңғы кездері Қытай дастарханынан қазақстандық ауыл шаруашылығының өнімдері мен қазақстандық ұн мен майды жиі ұшыратуға болады. Қазақстандық фермерлер мен кәсіпкерлер, экспорттық компаниялар Қытайдың тұтыну нарығының әлеуетін жақсы сезінуде.

Қыркүйек айының басында Үрімжіде Қытай мен Қазақстан арасындағы халықаралық ауыл шаруашылығы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі конференция өтіп,  қазақстандық 11 компанияның өкілдері тұқымдарды зерттеу мен әзірлеуді, жемістер мен көкөністердің көшеттерін өсіруді, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдері мен жанама өнімдерді қайта өңдеуді және басқа да салаларды қамтитын сұраныстың тоғысуын жүргізген болатын.

Тағы бір мақалада «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысы аясында ауыл шаруашылығы саласындағы Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы жемісті болатыны айтылған.

ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо бір мәлімдемесінде: «Сіздердің азық-түліктеріңіз: бидай, ұн, бал, өсімдік майы, әсіресе, ет Қытайда өте тапшы – өйткені оған сұраныс зор» деген болатын.

Ал Қытайдың ауыл шаруашылық саласы елдің әлеуетімен бәсекелес бола алмайтыны белгілі. Сондықтан бұл жоба ауыл-шаруашылығы үшін пайдасы мол болуы ықтимал.

ЖУНГО БАСТАҒАН «ЖІБЕК ЖОЛЫ»

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қытай даму банкінің несиелері есебінен шетелде көлік, энергетика және басқа да инфрақұрылымдарды салу бағдарламасы ретінде басталған болатын. Жоба мақсаты ежелгі "Жібек жолы" сауда маршруттарының 21 ші ғасырдағы нұсқасын жасау және Қытайдың Таяу Шығыспен, Еуропамен сауда-экономикалық қатынастарын нығайту болып отыр.

Бұл жобаға қатысты ҚХР-дың  Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қытай мен Қазақстан мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен және дербес алға жылжуымен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы екі ел арасындағы прагматикалық ынтымақтастықты дамытуға ұдайы ықпал ете отырып, Қазақстанның даму стратегиясымен терең интеграцияланғанын атап өткен болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер