"Жез киік, біздің жаққа қайдан келдің?" Министр киік атылатын түн туралы айтты

1635
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қазақстанда  киіктерді ату жоспарлануда. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік саны қалай реттелетінін айтты, деп хабарлайды “Адырна”ұлттық порталы.

Министрдің айтуынша, киік санын басқару жөніндегі биологиялық негіздемеде популяцияны реттеудің екі тәсілі ұсынылған. Біріншісі – тор құру арқылы ұстап, етін ет өңдейтін зауыттарға жеткізу. Бұл әдіс күндіз жасалады. Екіншісі – түнде атып алу.

"Бүгінде біз тормен ұстау тәсілін бастадық. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көп жауып, бұл тәсілді жүзеге асыру қиындық туғызды. Осыдан кейін біз биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді қолдануға шешім қабылдадық. Жалпы биологиялық негіздеме бойынша 337 мың бас киік реттелуі қажет. Қазір тор арқылы 91 бас киік ұсталса, екінші тәсілмен бар-жоғы 14 бас киік атып алынды", - деді Нысанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Биылғы көктемгі төлді санамағанда киік саны 1 млн 950 мың басқа жеткен.

"Жалпы киік – өсімтал мал. Келесі көктемде санақ өтеді, бірақ біз қазір ең төмен болжаммен алғанда, мысалы 30 пайызды алғанның өзінде тағы 600 мыңнан астам киік қосылып отыр. Яғни бүгінгі күні киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде болады," - дейді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, Нысанбаев  ақбөкендердің ауыл шаруашылығына 12 миллиард теңгеден астам зиян келтіргені туралы деректерді келтірді.

"Біз бұрын киікті неге атқызбай келдік? Неге киік санын реттеу мәселесін қарастырған жоқпыз? Себебі ол уақытта киіктердің саны өте төмен болды. Ал қазір олардың саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Бүгінде киіктерден диқаншыларға 12 млрд теңге залал келгенін білесіздер. Сол себепті киік санын реттеу қажет. Мысалы, бұрын киікті кім реттейтін? Оны реттейтін қасқыр, жұт, ауру болатын. Ал қазір табиғатта ежелден келе жатқан мұндай реттеу тәсілдері жұмыс істемейді, - дейді Нысанбаев.

Пікірлер