Жамбыл Ахметбеков: "Сталин үшін кешірім сұраймын!"

1968
Adyrna.kz Telegram

Коммунистік партияның атынан Президенттік сайлауға түсіп жатқан Жамбыл Ахметбековтің жағдайы біздегі көп балалы аналардан онша мәз емес екенін өткенде өзі жайып салды. Каратэрист, адал коммунист ағамыз әлі күнге баспанасыз жүріпті. Естуімізше, жақында ғана кредиттеніп жүріп, баспанаға қол жеткізген екен, оны да төлеуге айлығы жетпей, бәйбішесі көмектесіп жүр екен. Ал бәйбішесінің бір басында екі кредит... қиын.
Сөйте тұра Жәкең ел үшін, халық үшін белді бекем буып, екінші рет сайлауға түсуге ниеттеніп отыр. Жуырда бағдарламасын жариялады. Жемқорлықпен күресіп, олигархтарды жөнге сап, шетелге тыққан-мыққандардың барлық қаражатын елге қайтарып, таза коммунизмді орнатам депті... бұл жолы да.
Әрине, жақсы ғой. Біз Жәкеңе одан гөрі тиімді бір жарнамалық тақырып ұсынуды құп көрдік.
Егер Жамбыл Ахметбеков дәл алдымыздағы 31 май күні (бұ кісілер мамыр дп айтпайтын болса керек) бүкіл командасын ертіп, Косаревті де қалдырмай, Алматыдағы қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштің алдына келіп, қазақтың жартысынан көбін жалмаған аштық пен кілең сорпа бетіне шығарларын өлімге қиған қызыл террор саясат үшін күллі қазақтан кешірім сұраса, бұ кісінің атағы елге емес, әлемге жайылар еді. Сонда алдыңғы жолғыдай
1,36% дауыстан көбірек дауыс жинап, кемі 2 пайызға жуықтар ма еді, деп ойлаймын. Кешірімді жай сұрамай, анау күні "Бессмертный полкке" қатысқан 120 мың шерушіні ертіп алса, қандай сенсация жасар еді.
Жәкең сонда былай бастаса сөзін:
– Құрметті халайық, қойдан қоңыр қазақ халқы, біз коммунистер, Сіздерге барлық жақсылық пен игіліктер болуын тілей отырып, өткен тарихтағы кейбір кемшіліктер үшін (жұмсартып айта берсін- ред.), ұлы көсеміміз, жарты әлемді жарылқаушы (оған жарық дүниеден армандары орындалмай кеткен коммунистердің игілігі мен сәлемі болсын) Иосиф Виссаринович Сталиннің кейбір қателіктері үшін иіліп, кешірім сұраймыз! Егер сол бір кемшіліктер "орын алмағанда", мына сіздер, қазақ халқы бүгіндері 40-45 миллион болар едіңіздер. Ол туралы бір сөзінде Нурсултан Абишевич те айтты ғой. Енді өткенді кері қайтара алмаймыз. Амал жоқ. Біз кешірім сұраймыз. Сіздер кешіресіздер... Бізге дауыс беріңіздер. Егер алда-жалда мен жеңіске жетер болсам, бұрын орындай алмай кеткен коммунистердің арманын - нағыз коммунизмді орнатамын! – десе... Бұдан артық сөздің тегі керегі жоқ. Егер осылай істесе, Жәкеңді бір күнде бүкіл әлем таныр еді әрі қазақ елінің зұлмат тарихын да жалпақ әлем білер еді.
Егер осылай етсе, сөз жоқ, кешегі Сталиннің суретін көтерген-көтермегендері бар, бәрі жиылып, Жәкеңе әжептәуір қолдау көрсетері даусыз. Бәлкім бір атымтай шығып, Жәкеңе көп балалы аналармен бірге бір баспана сыйлап жіберуі де ғажап емес. Өміріңізде осындай бір ерлік жасап көрсеңізші, Жәке. 31 мамыр ана бір аядай жерде кезігейік...

Тоқтарәлі Таңжарық
Пікірлер