Сот сайлау комиссиясына Абай ауданының кандидатын қайта тіркеуді міндеттеді

8805
Adyrna.kz Telegram
Фото: жеке мұрағатынан
Фото: жеке мұрағатынан

Аудан әкімдерінің сайлауы басталмай жатып-ақ кандидаттарға қысым жасалған. Әсіресе, Абай облысында ерекше шиеленісіп тұр.  Әкім лауазымына үміткер Айжан Сабырқызы Мұқатаева өз мандатын қалпына келтіру үшін айтарлықтай қиындықтарға кездескен.

Ол құжаттарының түпнұсқалығы туралы нақты дәлелдер келтіріп, адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Күтпеген жағдайдың қаржылай шығыны бір бөлек, сайлау науқанына да кесірі тиді.

 Абай аудандық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 7 қазандағы №6 хаттамалық шешімімен А. Мұқатаева Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес додаға түсуден шеттетілді. Қажетті еңбек өтілі мен зейнетақы жазбасының сәйкестігін ескерместен соны ілік етіп біржақты шешім шығарған болатын.

 Алайда, кеше (11.10.2023 ж. №1094-23-00-4/535 іс) Семей қаласының судьясы М. Н. Завалов кандидат Айжан Сабырқызының әкімшілік талабын ішінара қанағаттандырды. Сот Абай аудандық сайлау комиссиясын Мұқатаеваның құжаттарын қабылдауға және сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны Абай ауданы әкімінің лауазымына кандидат ретінде тіркеуге міндеттеді.

 Дәл осы сот шешімі “Әділетті Қазақстан” қағидаттарының төрге озуының жарқын мысалы емес пе?! Кандидаттардың құқықтары қызғыштай қорғалғаны және сайлау кезінде заңдылықтың сақталғаны игі. Сонымен қатар, бұл шешім сот тәуелсіздігінің маңыздылығын және оның азаматтық құқықтар мен бостандықтарды қорғаудағы рөлін көрсетеді. Өз алдына дербес билігі бар сот органдарының әділеттілікті қалпына келтіруге және сайлау комиссиялары жіберген қателіктерді түзетуге дайын екендігін көрсетеді.

Енді ол өзінің сайлауға қатысу құқығын және басқа кандидаттармен бәсекелестікті толық сеніммен жалғастыра алады.

Айта кетейік, Айжан Мұқатаева - мемлекеттік қызметте де, бизнес саласында да мол тәжірибесі бар білікті кандидат. Ол Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, сондай-ақ экономикалық зерттеулер институтында жұмыс істеген. Сонымен қатар, “Атамекен” ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық саладағы белсенді рөлін атап өтуге болады.

 Одан бөлек Айжан Мұқатаева Корея даму институтының түлегі, бұл оның кәсіби өсу мен дамуға деген ұмтылысының айғағы іспеттес. Оның сайлауға қатысуы демократиялық процестерді дамытудағы және Қазақстандағы әділдік пен заңдылық қағидаттарын сақтаудағы маңызды қадам саналады.

 

Пікірлер