Партия бөліс

1719
Adyrna.kz Telegram

(тоқсаныншы жылдардағы сатира)

Біздің жырақта жатқан «Жыраққалған» ауылындағы саяси жағдай кейінгі кезде керемет ушығып тұр. Бәрін басынан бастап баяндайын. Қайсыбір күні Мықтыгүл екеуіміз (біздің үйдегі кісі) азанғы шайымызды алдымызға енді ала бергенде, ауыл әкімі Әңгірбайдың көмекшісі ақ шұнақ қыз алып-ұшып кірді. Жұмысы тым асығыс болса керек, бір аяғы босағаның ар жағында:
–Сәләтсіз..., срочно акиматқа..., партиядан кісілер келеді, – деді алқынып.
«Партиясы несі, кісісі несі?» деп Мықтыгүл екеуміз аң-таң болып отырғанда, есікті тарс ұрып шығып кеткен әлгі қыз қайта кіріп, біздерге бастан-аяқ бір қарап алып, көңілі толмаған кейіппен: «Киініп келіңіздер!», – деді. Біздің Мықтыгүлден сөз қалған ба, дереу «ответный» берді: «Жоқ, шешініп барамыз!». Бәйбішемнің мінезін білетін хабаршы қыз абырой енді таппасын білді ме, «как хотите» деп иығын бір қиқаң еткізіп, есікті бұрынғыдан да қаттырақ серпіп кете барған.

«Әкімат шақырады» деген соң, бас екеу емес, Мықтыгүл екеуміз «барымызды киіп, байлауышымызды салып» дегендей, ентігіп жеттік. Біраз адамның басы құралып қалған екен. Алдыңғы қатарда осы ауылдағы орыс тілінің бірден-бір жетік маманы саналатын орта мектептің директоры Тырақбай отыр екен. Жеті айлығында шала туған бұл немені қол-аяғы тырбиған арық болған соң, әкесі Әусекең марқұм Тырақбай атапты. Бірақ, өзін танымайтын ортада «Турок-бей» деп таныстырып жүреді. Бұл жазғанның қай жерде оқып, қалай диплом алғанын сайтаным білсін, әйтеуір орысшасы өзім деңгейлес. Өткен жылы аттестациялық комиссияның төрағасына «Газель» деген сөзді қателесіп «козел» деп айтып, қызметінен шығып қала жаздаған. Айтпақшы, тағы бір қызығы бар. Биыл облыстан тексеріс келеді деп, мектеп абыр-сабыр болды. Ауыл мектебінен «ши шықса», аудан үшін оңай шаруа емес. Келетін тексерушінің көңілін табу керек. Аудандық оқу бөлімінің әдіскері, шалақазақтау жігіт Тырақбайға телефон шалады: «Едет комиссия из области, два мужика, «телки нужны». «Телка» дегені «современный» тілмен айтсақ – қыз-келіншек дегені ғой. Яғни, «тексерушінің көңілін көтеретін қыз-келіншек тауып қой» дегені. Мұны Тырекең өзінше, «комиссияға сиыр керек екен» деп түсініп, ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жинап, бір шу болған.
Тырекеңмен иықтас, осы ауылдағы білікті саясаткер болып саналатын Көсу ағамыз жайғасыпты. Шәпкісінің бір құлағы салбырап, әдетінше ара-тұра қалғып кетіп отыр. Көсекеңнің сонау кеңес заманынан бері «түртіп жіберетін», яғни домалақ арызды ермек ететін әдеті бар. «Екі совхоз директорын, үш зоотехникті соттатқан» деген «құрметті атақ» бұл төңіректе осы кісіде ғана. Көсекеңнің: «Қарағым, менің қаламыма ілігіп кетіп жүрме!» деген «қанатты сөзі» біздің ауылдың тарихнамасында мәңгілік қалатын шығар.
Көсекеңмен қатар басына қарқарадай ақ кимешек салып, алтын зерлі қамзол киген Балдыбике апамыз орналасыпты. Бұл кісінің салтанатты бейнесі біздің сұрғылттау топқа жараспай-ақ тұр. Кезінде бұл апамыз талай азаматты «аһ» ұрғызып, талай атқамінердің «нақсүйері» ретінде «Валька красавица» атанып, Қырым мен Қара теңіздің қызығын көрген адам. Кейінгі жылдары ауыл әйелдерінің айтуынша «тоқтап», емшілік жолға түскен. Қазір осы төңіректегі басы ауырып, балтыры сыздағандар «Емші апаның» (ел солай атайды) алдынан өтеді. Тіпті, ауылда дәрігердің жоғын да елемейміз. Алда-жалда кәсібін сұрай қалған адам болса, апамыз осы мені шынымен білмей ме дегендей әлгіге
мүсіркей қарап, өте маңызды түрде: «Қалқам, мен кісі қараймын!» – дейді. «Адам емдеймін» дегеннен гөрі «кісі қараймын» деген сөздің керемет «эффектный» естілетінін сонда білдім. Жуырда үйдегі жалғыз ешкіні беріп, осы кісінің «от всех болезней» (Мықтыгүлдің айтуы) деген ішірткісін ішіп, отбасымызбен ішіміз өтіп, есіміздің кеткені бар. Ішіміздің қатты бұзылғаны сонша, бұрынғы ауруларымыздың бәрін таза ұмытып кетіппіз. Міне, емшіліктің «құдіреті» қайда!
Жарайды, бірді айтып, бірге кетпейін. Бұл үшеуінен кейін ауылдың өзім деңгейлес «простой смертныйлары» орын теуіпті. Әлгіндей болмай бүйірдегі есіктен ауыл әкімі Әңгірбай кірді. Соңында шашын тақырдың аз-ақ алдында қылып қидырған, қайқы бел қарагер келіншек пен көзілдірігі өзінен үлкен, үйткен сирақ секілді тапал қара бар. «Партияның адамдары» осылар болса керек деп топшыладық. Меймандарды президиум есебіндегі сынақ үстелдің жиегіне қонақтатқан әкім мырза тамағын бір кенеп, қолындағы сиырдың тіліндей қағазына қарап алып: «Тауаршы, сигодна...» деп бастай бергенде, қарагер келіншек: «да, уж, говорите на государственном» деп кіржің ете қалды. Сөзін бастамай жатып, ескерту алған әкіміміз сәл-пәл абдырап, екі танауын кезек шұқып (сасқандағы әдеті): «Жолдастар!» деп жалғап келе жатыр еді, сөзге қалғып отырған Көсеу ағамыз килікті
–Әй, слушай, қарағым, осы сендер «жолдастарды» қашан қоясыңдар? Қай заманда, қай қоғамда өмір сүріп отырмыз, ә?
–Енді... ескі әдет қой, – деп берекесіз ыржиып, төбесін қасыған Әңгірбайдың берекесі біржола кетті. Соғымға шақырған жерде табандаған бір сағат «тост» айтып, елді ығыр қылатын қасқаны бұл жолы қара басты.
–Сонымен құрметті... нелер, тойыс... кімдер, бүгін біздің ауылға партиядан нелер кеп, бізді нетпекші, кешіріңіздер, біз партияны не қылсақ деген оймен нетіп отырмыз...

Қарагер келіншектің шыдамы бұдан әрі жетпеді білем: «Ладно, я сама представлюсь» – деп орнынан тұрды.
Негізі, партияны ақшалы адамдар құрады деуші еді, рас болар. «Партия келіншектің» үстіндегі көйлегінің бағасы біздің ауылдың «жылдық бюджетінен» әлдеқайда артықтау сияқты көрінді маған.
–Во-первых хочу сказать са-ла-мат-сын-ыздар ма?!
Бұл шіркіннің қазақшасы тым жұтаң екен, қол басындай сөмкесінен бір жапырақ қағазын алды (қазақша мәтіні болса керек).
–Біздің партиямыздың названиесі «Отбасы и очаг касы». Очаг – это домашний уют, тепло. Сокращенно айтсақ: «ОБОК». Да, кішкене нелеу... но главное не название, а дело, как говориться... Кешіріңіздер, мен кішкене орысша нетіп... біз многодетныйларға көп қараймыз. Кстати, бұл жерде многодетный мамалар бар ма?
Халық әрі-бері қозғалақтап, күбірлесіп, бәрінің назары біздің Мықтыгүлге ауды. Жасыратыны жоқ, Мықташ екеуміз (Мықтыгүлді айтам) кейінгі бірнеше жылда, социализм тілімен айтсақ, «жоспарды асыра орындап», бала санын алтауға жеткізіп тастағанбыз. Әңгірбай ымдап «тұр» деген соң, сүйретіліп Мықтыгүл орнынан тұрды.
–Вот, вы какая, неше баланыз бар?!
–Алты баласы бар, – деді Әңгірбай елден бұрын әңгірлеп, дәл бір өзі туғызғандай.
–Алты бала?! Какая прелесть! Қарагер келіншектің таза есі кетті. Бұл ауылға партияның жұмысымен емес, әдейі Мықтыгүлді көруге келген адам сияқты. –Вот вы обязательно біздің партияға кірілуініз (кіруіңіз дегені) керек.
Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, жиналыс Мықтыгүл бастаған он шақты әйелдің (бәрінің 5-6-дан баласы бар) «ОБОҚ» партиясына кіруімен аяқталды. Жиын соңында қарагер келіншек Балдыбике апамызға қарап: «Апа, теперь нам дайте бата!» деп қолын жайып еді, манадан бері назардан тыс қалып, терісіне сыймай отырған апамыз: «Шырағым, менің батам екінің біріне беріле салатын «привет» емес, бата іздеген адам үйге келеді!» деді нығыздап. Жиын соңында «ОБОҚ» партиясының біздің ауылдағы штабы құрылып, Мықтыгүл оның төрайымы болып бекітілді.
Осыдан соң-ақ әртүрлі партия өкілдерінің біздің ауылға сапары жиілей бастады. Келесі келген партияның атауы «Ағыл-тегіл» екен. «Мақсатымыз, — деді өкіл болып келген кертпеш танау, қозы қарын жігіт, —баяғы ит май жемейтін ағыл-тегіл заманды қайта орнату, осы өңірді төрт түлік малға толтыру. Аманшылық болса ауыздарыңыз аққа, ауларыңыз атқа тиеді!». Халық мәз: «Шіркін-ай, ел үшін туған азамат екен, тіл-көзден аулақ болсын!». Көсеу ағамыз бастаған он шақты адам осы партияға кірді.
Келесі партияның ныспысы «Ожау-инвест» деді. Құлаққа тосындау естілген соң барып едік, өкілі сөйлеп тұр екен.
–Біз «ожау» деп елді «образно» алып отырмыз. Мақсатымыз осыған инвестиция тарту. Құдай қаласа, өңірлеріңізді түрлендіріп, өмірлеріңізді гүлдендірмекпіз.
Сөз білетін жігіт екен. Ара-тұра осы төңіректе жасап өткен белгілі-белгілі адамдардың атын атап, «сол кісілердің аруақтарын разы етелік» деді дауысы дірілдеп. «Қайтсін-ай, ел баласы ғой!» деп екі-үш кемпір көзіне жас алды. Бұл партияға менің Дымқыл, Шипай секілді құрдастарым бастаған бір топ адам мүше болды.
Бұдан кейін... бұдан кейін шынын айтсақ, партиялар мен қозғалыстардың санынан жаңылып қалдық. Ер мен әйелдің арасын... і-і-і... не қылатын, ит пен мысықтың құқығын қорғайтын, шет елге апарып жұмысқа орналастыратын (жасы 18 бен 20-ның арасындағы бойжеткендерді), шенеунік біткеннің «халық жауы» екенін дәлелдеп беретін, алдағы он шақты жылда ауылдағы азып-тозған ағайынды басқа планетаға көшіретін, әйтеуір не керек, толып жатыр...
Соңғы келген партияның атауы «Қаламұш» екен. Сөз алған жігіт: «Біз негізінен творческий адамдарға қолдау жасаймыз, араларыңызда ондай кісілер бар шығар» деді. Әңгірбай дереу мені көрсетті. Анау жылы «Атыңнан айналайын «Жыраққалған», бұл күнде быт-шыт болып құлап қалған» деп басталатын туған ауылыма арнаған екі-үш шумақ өлеңім аудандық газетке басылып, содан бері ел ішінде «ақын атанып жүргем.
–Так-так, – деді партия жігіт, –значит, ақынсыз? Кітабыңыз шыққан шығар?
–Жоқ енді шығады, – деп Әңгірбай менен бұрын әдетінше бір өтірігін қыстырып жіберді.
–Хорошо, шықпаса көмектесеміз, сіз тек жазыңыз. Ел ішіндегі таланттарға көмек жасау – біздің міндетіміз.
«Жақсы сөз жан семіртеді» деген рас қой, дәл Мұқағалидай болмасам да, өзімді әжептәуір қаламгер сезініп қалдым. «Қаламұшқа» мен және Тырақбай бастаған біраз ауыл интеллигенттері мүше боп кірдік.
Бір қызығы, талай заманнан бері «шәй» деспей, қолдағысын бөліп жеп отырған ауылдағы ағайынның ортасына осы партия келгелі жік түсті.
Өткенде Кәкпірдің үйіндегі «омыртқада» елдегі саяси ахуал талқыға салынып, соңы жанжалға ұласып, «Ағыл-тегілдің» жігіттері «Ожау-инвестің» мүшелерін ептеп «нетіп» жіберсе керек. Оған біздің Мықтыгүл бастаған «ОБОҚ»-тың өкілдері саяси наразылық білдіріп, Шілікбайдың үйіндегі шілдехана баспасөз мәслихатын өткізіпті.
Алдағы жексенбіде ауылдағы ең «крутой» саналатын шаруашылық басшысы Арсызбайдың үйінде той. Сегізіншіде оқитын боқмұрыны аудандық олимпиадаға қатысып, сегізінші орын алып кепті. «Барлық не дегізбейді?» дегендей, малын қайда шашарын білмей отырған Арсызбай «бәрібір жуам» деп отыр. Ол жерде де саяси мәселе әңгіме болуы мүмкін. Сондықтан, жағдайдың алдын алып дегендей, «Қаламұштың» жігіттері мен «Смерч» (смерть чиновникам) партиясының лидерлері біздің үйде бас қосып, бір «самопалды» бөліп ішіп, саяси блок құрдық. Кім біледі, ертеңгі күн не боларын. Саясатта бәрі мүмкін ғой!

Сайлау Байбосын
1998 ж.

Пікірлер