Арқа сүйер ақсақалдар қалды ма?

1743
Adyrna.kz Telegram

Бекболат Қаржан біздің бір тоғышар шал - шауқандармен кездесіп, олардан түңіліп пост жазған екен, оны оқыдым да іштей келістім. Жалпы бүгіндежастар тарапынан біздің шалдарға өкпе өте көп. Жалғыз Бекболат емес, өзгелері де үлкендерді бұрқыратып сынап жатады. Меніңше, біздің бүгінгінің біраз қарасақал - ақсақалдары жастар қынжылып, "әй жаман шалдар - ай" деп қол сілтейтін қадірсіз обьектіге айналып кеткен сияқты.
Көпке топырақ шашу ойым жоқ әрине, үлкен буынның ішінде жақсылар мен жайсаңдар әрқашан болған, бола береді де, бұл буыннан кезінде ат төбеліндей болса да зиялы, ақын, ғалым, мықтылар шыққан, сырттай сыйлайтын ағаларымыз да бар, әйткенмен де сөздің шындығы, кейде мен, "біздің ашаршылықтан кейінгі 30, 40, 50, 60 жылғы ұрпақ буынының басым бөлігі біздің халықтың ең сапасыз ұрпақ буыны ау" деп те ойлаймын. Бұлар - "механизатор мен малшылар" буыны ғой. Совет өкіметі бұлардың шамалы пысықтарын іріктеп механизатор қылды, қалғанына резервацияларда мал бақтырды. Баяғыда, совет заманында, баласын оқуға түсіру үшін ауыл қазағы Алматыға балаларымен бірге мал жетектеп келетін көрінеді. Тәуір және жақсы оқуға түсу - жылқы. Ортаңқол оқу - сиыр. Одан кішісі - бұзау тана, я қой- ешкі. Сонда мал соңында әбден кенжелеп қалған байғұс қазақтың санасы білім- ғылымды да малмен өлшеп кеткен екен. Сонысына қарамай бақанға палаткі керіп ап, асыр сап той тойлағыш думаншыл болған. Бұларға ел тағдырын сеніп билікке қойсаң, бұлар осы жырқылды халықаралық дәрежеде жалғастырып саммит, экспо, азиада дегеннен басқаға да қабілеті жоқ екен, айта берсек әңгіме көп. Енді осы сапасыз ұрпақ бүгінде ақсақал, үлкен боп отыр.
Сондықтан үлкендер туралы айтылғанда, "қайран баяғының шалдары ай" деп одан арыға үңілуден басқа амал жоқ.
Мен жалпы, біз туралы жазылған еуропа, парсы әлем тарихи деректерін оқып отырамын. Сонда олар сонау 12 ғасырдан бері біз туралы небір құнды деректер қалдырған екен. "Бұл татарларда үлкенді құрметтеу салты ерекше" дейді олар, "бұлардың үлкендері қоғамда тым қадірлі болады, ал ана сөз ұстаған мықты би - абыздарының беделі тіпті хандарға бергісіз болады" дейді бұл деректер.
Ол біздің ауыз әдебиетімізде де көрініп тұр, бізде "ойпырай Майқы би былай депті", " "Жиренше пәлен депті", "Мөңке би түген дегенде хан сөзден тосылып үндемей қапты" деген сөздер жетеді. Бұл би, шешен, жырау, абыздар анығында сөз ұстаған нағыз дала философтары еді, әлі күнге шейін жұрт бұлардың сөзін жатқа біледі, сонда жұрт ханның не дегенін білмейді, бірақ шешен - билердің "ханды қалай мат қылғанын" майын тамызып әңгімелеп береді. Бұл орақ ауыз үлкендер алты ауыз сөзбен хан - паныңның қалпағын қайырып жіберетін үлкендер еді, өйткені бұлардың арттарында олардың әр сөзін жадыларына түйіп жаттап отырған, сөз сыйлаған қалың елі тұрған.
Ал енді бұлардың осылай тиып ұстап отырған хандары кім дейсіз ғой. Майқының тұстасы - Шыңғыстың өзі, Жиреншенің айтысып жүргені - Алтын Орданың азулы хандары, кілең кезінде дүниені сұраған атақты хандар.
Тағы бір әңгіме. Мына біздің ауыз әдебиетте, фольклорда осы біздің "Ұлытауда жерленген" дейтін сондай шешендердің бірі - маңғыт Едіге би туралы әңгіме көп, "ер Едіге" туралы жыр да бар, ол туралы Есенберлин де кезінде жазды, "көшпенділерінде". Өзі батыр, өзі сөз ұстаған би Едіге жастайынан билік айтып, халық арасына танылып құрметке ие боп, кейін Тоқтамыспен араздасып ат құйрығын үзісіп кеткенін былайғы жұрт біледі.
Сол Едіге - Тоқтамыс шайқасынан кейін, 1399 жылы, Орда қатты әлсіреп, Ордаға хан болып Едігенің адамы- Темір Құтлық отырады. Ол қашқан Тоқтамыс адамдарын қуалап қазіргі Украина жеріне келеді. Темір Құтлықтың шағын қолы Ворскла өзенінен асып өтпекші болғанда, өзеннің ар жағынан ханға қарсы қалың қол жиналып тұр екен. Сөйтсе, бұл - Орданың өзара қырқыстан әлсірегенін пайдаланып "бұл көшпелі татарларды біржола құртып, орданы құрдымға жіберетін кез келді" деген мақсатпен жиналған литва, неміс, украин, орыс, молдован, еуропа халықтарының әйгілі князь Витовт бастап шыққан біріккен әскері екен. Әскер саны шағын Темір Құтлық сасып қалады, шегінейін десе, хан басымен қашу сүйекке таңба, ұяты жібермейді, соғысайын десе әскер саны тым аз. Литван князі Витовт ханға адам жібереді.
"Сендердің дәстүрлерің бойынша үлкенге сәлем беру деген бар, мен сенен үлкенмін, келіп сәлем бер, саған қызымды берейін, күйеу боп маған қызмет қыл" дейді. Хан Темір Құтлықтың жасы 30- 35 тегі орда бұзып жүрген жастағы жігіт болса керек, ол дереу Едігеге адам жібереді. "Мен Ворскла өзені бойында қоршауда қалдым, тез жет" дейді.
Едіге Темір ханға адам жібереді, "балам, Витовты алдандырып ұстай тұр, оған өзің барма, арандап қаласың, мен әскер жинап артыңнан барамын, уақыт ұстай тұр".
Едіге "хан қоршауда қалды" деп елге дабыл қағып Еділ бойына әскер түзіп, Ворсклаға дереу аттанып кетеді. Едіге қалың қолмен Ворскла өзеніне ырғалып - жырғалып жеткесін, Темір Құтлық шебінен сәл аулақтау жерге тоқтап, Витовтқа жаушы жібереді. "әй Витовт, сен біздің дәстүрді сыйлап сәлемдескіш көрінесің, мен сенен үлкенмін, сен кішісің,(Едіге алпыстан асып кеткен кез) келіп менімен амандасып, маған басыңды иіп бағын, оны істемесең біздің ханды қорлағаның есімде, оны кешірмеймін, өз обалың өзіңе" дейді.
Витовт бұған қатты намыстанып дереу әскерін сапқа тұрғызып бері қарай ат қояды.(Жалпы, әділдігін айту керек,бұл Витовт та осал князь емес еді, Витовт, Ягойлолар литваның даңқты қолбасшылары, тарихи тұлғалары). Осыны күтіп тұрған Едіге мен Темір Құтлық қос бүйірден жауды қыспаққа алып, Еуропа қолбасылары бұрын - соңды көрмеген әскери тактиканы қолданып Витовт басқарған еуропа қолын Ворскла бойында тас - талқан қып жеңеді, еуропалықтар тұра қашады. Бұндай жеңілісті естіген Еуропа құрлығы "Батудың екінші жорығы басталды" деп зәресі зәр түбіне кетеді. Әйгілі князь Витовт өзі бұл соғыста қатты жараланып, әрең қашып құтылады. Және Еуропаның қолбасшылары арасындағы "бұл татарларды құдай жеңбесе, бұларға соғыста тең келер әскер жоқ" деген түсінік осы кезде біржола қалыптасады. Едіге мен хан әскері қашқан еуропалықтарды қуалап отырып Киев қаласын қоршап, ол қаладан мол салық өтеу алғасын кейін бұрылып еліне қайтады. Бұл шайқас Еуропа тарихында "Ворскла шайқасы" деген атпен белгілі және бұл шайқас Еуропа тарихында құрлықтың атақты шайқастарының бірі боп саналады. Бұл тарихи деректердің бәрі тұр еуропа архивтарында.
Міне бұрыңғының үлкендері. Басқа құрлыққа ата дәстүрін сыйлатқан, өздері айбарлы дипломат, құрлықаралық мәселелерді шешіп жүре береді, әскери ғылымда керемет стратег, тактик, бұларға тең келер әскер де табылмаған, артында сөз сыйлаған халқымен, апайтөс теңдессіз жауынгер жігіттерінен құралған қалың елі бар, дала заңына бас ұрып, салтын сыйлаған қауымы бар, данагөй шалдары мен елдікке келгенде бірігіп кететін уыздай ұйыған ынтымағы берік бұқарасы бар, аттары аңызға татитын бір - бір эпос, жырға арқау болған батырлары бар, міне бұрыңғының дуалы ауыз, батыр қол үлкендері мен игі жақсылары және олардың сол заман қол астындағы халқы.
Осы Едіге өлер алдында сүйегін өзі Ұлытаудың бөктеріне қоюға аманат қылып сонда жерленген дейді халық ауызында.
Осындай тарихты оқығанда, біздің бүгінгі шалдарды білмедім, бірақ өз басым "қайран бабаларым - ай, қайран баяғының бөрі сипатты, асыл текті үлкендері - ай, біз жамандар сендердің басқан іздеріңе тати алмай жүрміз ау бүгінде" деп бір марқайып, бір налып қаламын.

Олжас Әбіл

Пікірлер