АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ: "Қазақстанда мектепте балалардың 64,2 пайызы – функционалдық сауатсыз" депті дүниежүзілік банк. Сіз бұнымен келісесіз бе?

6322
Adyrna.kz Telegram
Қазақстанның мемлекеттік мектептеріндегі балалардың 64,2 пайызы – функционалдық сауатсыз, - депті дүниежүзілік банктің сарапшылары. Сіз бұнымен келісесіз бе?
Жағдайымыз шынымен осындай нашар ма? - депті бір журналист дос.
- Иә, келісемін. Одан да ауыр болуы мүмкін десем, мә, шынымен бе? Неге?- дейді. Себебін талдап көрейік.
- біріншіден, жалған есеп, өтірік пайыз қуу. Үш жылға жуық мектеп директоры болғанда №90 гимназияда білім сапасына қатты мән бердік. Бірақ Күнделік.кз-тегі білім сапасы бойынша Астанадағы мектептердің ішінде ең төмен сапаны көрсеттік. Неге? Себебі мұғалімдерді пайыз қуғызып, бір сабақтан үш, бір сабақтан төрт алғандар болмасын деп өтірік сапа жасатпадық, қатаң түрде әділ бағалауға тырыстық. Екі деген бағаға да рұқсат бердік.
Есесіне Білім басқармасының талай жиналысында таяқ жедік. Сол кезде мектептердің көрсететін пайызына таң қалатынмын. Себебі біраз мектептің алтын белгісі мен үздігі QAZBILIM-ге ҰБТ-ға дайындыққа келгенде мынау қалай үздік оқушы дейтінмін.
Кейін біраз мектептің қағаздағы білім сапасын көргенде, пайыздық жарысын көргенде жағамды ұстадым да қойдым. Ал сол мектептерге сырттай тәуелсіз бағалау жүргізсең, отын болары анық еді. Өкінішке қарай, бұл ауру бүкіл өңірде бар.
Бәрінде социалистік жарыс. Бұл қолдан жасалған өтірік сапалар түбімізге жетеді.
Себебі ең ауыры - балам 4-5-ке оқып жатыр деп ата-ана алданады.
- екіншіден, 2-3 ауысымды мектептер, сыйымдылығыған әлденеше есе артық отырған мектептер мемлекеттік стандартты да толық орындауы қиын. Сол үшін оқушылар жаппай қосымша сабаққа жүгінеді. Ал ақылы қосымша білімге біреудің шамасы келсе, біреудің шамасы келмейді...
- үшіншіден, сапалы білімге түрткі болатындардың сапасы. Оқулық сапасы, бағдарлама сапасы, кадр сапасы. Бізде бұл сапалар ауыр. Білім сапасы қашан да мұғалім сапасынан биік болмайды. Білім сапасы бағдарлама, оқулық, әдістеме сапасынан биік болмайды.
Өкінішке қарай, бізде бұлар да шынайы сападан гөрі жалған рейтинг пен бітпес қағаздағы керексіз көрсеткішке бейімделген.
Біз барлық салада жауырды жаба тоқып келе жатырмыз. Біз барлық салада өтірікке батып қалдық. Сондықтан дүниежүзілік банктің 64,2%-ына таңғаламыз. Әйтпесе, әлемдегі ең қарапайым емтихан қатарына кіретін ҰБТ-да 140 балдан 50 балл деген шектік балды (негізі 50 балл шектік деген ұят 35%-ы жалпы балдың) 2022 жылы 33% оқушы, 2023 жылы 17% жинай алмады. Ал 11-сынып оқушылары жаппай қосымшаға баратынын ескерсек, шынайы білім сапасының қанша екенін елестетуге болады.
Төртіншіден, мемлекетте ешқандай әділетті сырттай бақылау жоқ. Бар сырттай бақылаулардың өзін ойыншық жасайды. Біреу біліп тұрып алдайды, біреу алданғанын біліп тұрып алданады. Екеуі де бір-біріне қарап қойып, білім сапасы дұрыс деп отырады.
Мемлекеттік емтиханның өзін адал, таза өткізетін қауым некен-саяқ. Мемлекеттік емтихан, сырттай бақылау болады десе, оқушылар апайлар көмектесетін емтихан деп сенеді.
Жалпы, бізде шынайы білім сапасы туралы ойланатындар өте аз. Бәрі тыныш болсын, ешкім шуламасын дегенмен өмір сүреді. Өкінішке...
Осыдан шығады да, қоғамды біліксіздік жайлайды...
Құзырлы органдарға ұнамасам да, шындық осы. Тағы біраз нәрсе айтуға болар еді, оған тілімді осы жерден тістей салайын.

 

 

 

Пікірлер