"Соғыс қиын болады". Израиль мемлекетінің премьер-министрі әскери операцияның ұзаққа созылатынын айтты

1840
Adyrna.kz Telegram
фото:timesofisrael.com
фото:timesofisrael.com

7 қазанда таңертең Израильдің орталық және оңтүстік бөліктеріне Газа секторының зымырандары  шабуыл жасағаны айтылды. Сонымен бірге ХАМАС тобы елге басып кірген болатын. Батыс елдері ХАМАС-тың шабуылын айыптап отыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі DW агенттігіне сілтеп.

БАҚ беттерінде бұл соғыс соңғы жылдардағы Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстың ең үлкен өршуі деп бағалануда.

Израиль мемлекетінің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху халыққа жасаған үндеуінде Палестинаның радикалды ХАМАС ұйымына қарсы әскери операция ұзаққа созылатын және күрделі болатынын айтты.

"Біз бұл соғыста біргеміз, бұл соғыс қиын болады. Бізді қиын күндер күтіп тұр, бірақ мен бір нәрсені уәде еткім келеді: Құдайдың көмегімен, ортақ күш — жігермен, Израильге деген сеніміміздің арқасында біз жеңеміз", - деді ол.

Израиль қорғаныс армиясы Газа секторындағы 10 ХАМАС нысандарына, соның ішінде қозғалыстың барлау штаб-пәтеріне соққы бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Израиль қорғаныс армиясының Telegram каналында жарияланды.

Салдарынан 2,8 мыңнан астам адам жарақат алса, 434 адамның қайтыс болғаны белгілі болды.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі ведомство басшысы Жозеп Боррель одақтың Израильмен бірге екенін айтты.

Сондай-ақ, бірнеше елдің басшылары бұл соғыста Израильды қолдайтынын жеткізді.

Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок ХАМАС-тың Израильге шабуылын айыптап, бейбіт азаматтарға күш қолдануды дереу тоқтатуға шақырды.  Өз сөзінде ол Германияның Израильмен бірге екенін айтты.

Түркия президенті Режеп Ердоған және Ресей сыртқы істер министрлігі екі тараптарды сабырға шақырды.

Ұлыбританияның қорғаныс министрі Twitter-дегі парақшасында:

"Ұлыбритания ХАМАС-тың Израиль азаматтарына жан түршігерлік шабуылын сөзсіз айыптайды. Ұлыбритания Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын әрдайым қолдайды" ,- деп жазды Ұлыбритания қорғаныс министрі Джеймс Клеверли.

Украина президенті Владимир Зеленский қайтыс болған азаматтардың туыстарына көңіл айтты.

Мемлекеттер арасындағы бұл қақтығыс 76 жыл бойы жалғасып келеді.

 

Пікірлер