Тоқаев аудиториясынан кейін. ҚазҰУ оқытушысы жұмыстан себепсіз қуылғанына шағынды

1972
Adyrna.kz Telegram
фото: Дастан Қастай
фото: Дастан Қастай

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің оқытушысы Қастай Дастан Қуандықұлы университет басшылығының ешбір себепсіз жұмыстан шығарып жібергеніне қатысты наразылығын білдірді. Бұл туралы фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Дастан Қастайдың сөзінше, бұл оқиғаға себеп – «Кемел Тоқаев» атындағы аудиторияның ашылуы. Тәуелсіз БАҚ-тың «Тоқаев атындағы аудиторияға қатысты» ақпаратынан кейін журналистика факультетінің оқытушылары қатты қысымға ұшыраған. Ал университет тарапы мұндай қадамға барғанына қатысты түсінік беруден бас тартқан.

Оқиғадан кейін Дастан Қастай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға Ашық хат жолдаған.

«Мен, ҚР азаматы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің оқытушысы Қастай Дастан Қуандықұлы академиялық әділдікті талап етемін! Оқытушылық жұмысымның алтыншы аптасы басталғанда ешбір «ойға қонымды» себепсіз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі жұмыстан шығарылдым. Университет тарапы неліктен мұндай қадамға барғанына қатысты түсінік беруден бас тартты. Құрметті мемлекет басшысы, министрлер, көз алдымда менің азаматтық құқым тапталып, оқытушылық болмысыма, кәсіби қызметіме нұқсан келіп жатыр. ҚазҰУ басшылығына, әміршіл-әкімшіл жүйені шеберлікпен жүзе асыратын жандарға «Тәуелсіздік ұрпағының» ұстанымы, санасы ашық азаматтық оқытушылық амбициясы ұнамаса керек. Менімен айқас жазушы-журналист «Кемел Тоқаев аудиториясы» ашылғаннан кейін басталды» - деп жазған Дастан Қастай.

Сондай-ақ Дастанның жұмыстан шығып қалғанын естіген кейбір студенттердің айтуынша, жатақханада үлкен жиналыс болған. «Тоқаев аудиториясы» ашылғаннан кейін университет басшылығы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай да сұхбат бермеуді талап еткен. Студенттердің басым бөлігі университет әкімшілігінің шешіміне келіспей, академиялық талап-шағымын жолдаған.

Сонымен қатар Дастан Қастай университет басшылығының жазалануын билік өкілдерінен талап еткен.

«Мипаздық дәурені өтті. Жаңа күн шығып келеді. Азаматтық қоғамға жаңа құндылық, жөнді жетекші қажет. Мені еш себепсіз жұмыстан шығарған және ар-намысыма нұқсан келтірген Университет басшылығының жазалануын және ҚазҰУ-дағы білім саясатының өзгертілуін талап етемін!», - дейді Дастан.

Дастан жолдаған Ашық хатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап қатты.

«Құрметті Дастан Қуандықұлы, қазіргі уақытта Алматы қаласында іс-сапардамын. Сіздің мәселеңізді бақылауыма алдым. Бүгін университет басшылығымен кездесу өткіземін және мәселенің оң шешілуі үшін ат салысамын. Біздің министрліктің және менің басты мақсатым әр ұстаз бен студенттің құқығын қорғап, қолдау. Маған жекеме телефон нөмеріңізді қалдыруды сұраймын», - деп жазған министр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер