Олар Тоқаевтың да, Қосановтың да кім екенін білмейді

1940
Adyrna.kz Telegram

..Өз жасынан әлдеқайда үлкен көрінеді. Тұрмыстың қиындығы еңсесін басып тастаған. Қашан көрсем айтатыны: «Осы зейнетақыма үстіме бір көйлек алайыншы деймін. Қу дүние жетпейді. Бүгін зейнетақым түсіп қалған шығар деп едім, түспепті. Қызым «шешем кешікті ғой» деп жолыма қарап отырған шығар. Оған әр зейнетақы алған сайын ұн, картошка, пияз, күріш, вермишель, барлық азық-түлігін әперем. Ет қымбат қой, сондықтан ішек-қарын, бүйрек сатып әперем. Қой сойсақ, ет берем. Күйеуі жұмыс істемейді. Сүмірейген біреу. Қызым да жұмыссыз» деді. Өкініштісі, әйелдің осы өміріне көндігіп кеткені еді. Тура осылай болу керек секілді зейнетақы алған сайын қызына азық-түлік тасиды. «Ертең сіздің көзіңіз кетсе, қызыңыз қалай өмір сүреді? Жарайды, күйеуі болмаса да, өзі жұмыс істеуі керек қой» дедім. «Енді қайтем? Аштан өлсін бе? Мектепке еден жуушы етіп тұрғызайын десем жұмысқа тұрғызу қиын екен. Енді аштан өлтірем бе, күйеуімен қосып, баласы үшеуін бағып жатырмын. Өзің білесің, қызым да тым бос қой. Күзде мақта теріп, әйтеуір азық-түлігін өзі табады» деді. «Өзің білесің, балаларымның да тұрақты жұмысы жоқ қой. Ешқайсысы оқымаған. Келіндер де жұмыссыз. Бәрі менің зейнетақыма қарап отыр. Әйтеуір көктем шыққанда балалар әркімге жалданып, жұмыс істейді. Қазір капуста мен қияр теріп, күніне екі мың теңге алып келеді. Әйтеуір күн көріп жатырмыз. Тіпті өзіме ішкиім де алмаймын» деп мұң шақты әйел. Кімді кінәлайсың? Оқуға ынтасы болмаған балаларын ба, әлде оларға бағыт-бағдар көрсетпеген әке-шешесін бе? Әке-шешесінің зейнетақысымен күн көріп отырған мұндай отбасы біздің елде аз емес қой. Бұл отбасында он бес жан бар. Ешқайсысы фейсбук дегеннің не екенін білмейді. Әлеуметтік желідегі адамдардың «Тоқаев», «Қосанов» деп айқайлап жатқанын да білмейді. Олар Тоқаевтың да, Қосановтың да кім екенін білмейді. Оларға кім президент болады, бәрібір. Олар кім президент болса да, әрі қарай дәл осылай өмір сүре береді. Себебі, олар осы өмірлеріне көндіккен жандар... Олар ең бірінші бір-бірінің құрбаны. Бізге экономиканы, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартатын ғана емес, халықтың санасын сілкілейтін, халықтың рухани деңгейін көтеретін президент керек.

Аягүл Мантай

Пікірлер