Өткен ғасырда хиджабқа қарсы болған Иран билігі қазір не істеп жүр?

14267
Adyrna.kz Telegram
Фото: news.ru
Фото: news.ru

Иран ислам республикасында хиджабқа қарсы қозғалыстың басталғанына жылдан асты. Алайда биліктің бақылауды күшейтіп, адамның жекебас бостандығын шектеуі қоғамда хиджабқа қарсылықты одан әрмен үдете түскен.

Иранда оқу жылы 23 қыркүйекте басталады. Осы күні Иран күнтізбесі бойынша мехр айының 1-і оқу жылының басы. Биылғы оқу жылы ерекше басталды. Оған ел президенті Ибрагим Раиси алыс апардан келе салып өзі қатысып, алғашқы қоңырауды өзі соқты. Оның сондағы сөзінде

«ирандық-исламдық өмір салтын мәңгілік сақтау» туралы айтқаны қоғам назарын аудартты. Бұл деген – хиджаб мәселесімен тікелей қатысты мәлімдеме. Өйткені былтыр осы уақытта Иранда хиджаб наразылығы бас көтеріп, қазір солғындаса да әр жерден бой көрсетіп, әлі жалғасып жатыр.

ЖАҢА ШЕРУГЕ ҰЛАСҚАН ЕСКІ НАРАЗЫЛЫҚ

Былтыр Иранда оқу жылы басталар қарсаңда, 15 қыркүйекте бірінші курс студенті Махса Аминидің ахлақ полициясы учаскесінде қайтыс болуы осы наразылықтың басы болатын. Әлбетте, Иранда одан бұрын да хиджабқа қарсы бас көтерулер болғанымен, былтырғы наразылық жаппай өріс алғанымен ерекшеленеді. Елдің ішін тұтас қамтығаны өз алдына, елден сыртта тұратын ирандықтар да өз отандастарына үн қосып, Америкада, Канада және Еуропа елдерінде ондаған мың адам қатысқан наразылық шерулерін өткізді. Ел ішіндегілер биліктің хиджабты мәжбүрлеуін айыптаса, ел сыртындағылар әлем назарын Иран билігінің адам құқығын аяқасты еткеніне назар аудартуға тырысты.

80 миллионнан астам халық өмір сүретін Иран – демографиясы жылдам өсіп келе жатқан ел. Жыл сайын 1 млн шамалы тұрғын қосылады. Бұл деген сөз Иран халқының басым бөлігін жастар құрайтынын көрсетеді. Олар осыдан 43-44 жыл бұрын бекітілген хиджабты мәжбүрлеу тәртібіне қарсы. Ал «хиджаб тәртібін толық сақтамады» деген желеумен полиция учаскесінде белгісіз себептен қайтыс болған Махса Аминидің өлімі халық ішіндегі ескі наразылықтың сыртқа лап беруіне себепші болды. Осы наразылық кезінде қаза тапқандар саны 500 адам деп шамаланады. Арасында  60-ға жуық баланың қаза тапқаны айтылады. Ал наразылық кезінде күштік құрылым өкілдерінің өліміне себепші болды делінген бірнеше адам өлім жазасына кесілді.

Иранда бір адамның өлімі наразылықтың келесі толқынының туындауына себеп болады. Бұл тіпті белгілі бір заңдылыққа да айналып кеткен. Яғни, наразылық кезінде қаза тапқандардың жаназасы, қырқы немесе жылдық асы берілген кезде наразылықтың келесі толқыны бас көтереді. Өйткені билік шеру кезінде қаза тапқандардың жаназасы, қырқы, немесе жылы сияқты рәсімдерге адамдардың жиналуына тосқауыл жасауға тырысады. Тіпті марқұмдардың мазарына дейін полиция қаптап, адамдар жақындарының қабіріне бара алмай қалады. Тиісінше, бұл шеруге шығатындар санының арта түсуіне себепші. Және қарапайым халықтың қаны қарайғаны соншалықты, олар наразылық кезінде қатыгездіктің қандай түріне болса да бас тігуден тайынбайды. Былтыр қыркүйек айындағы Махса Аминидің өлімінен кейін басталған «анти-хиджаб қозғалысы» соны айқын көрсетті. Осы қозғалыс кезінде адамдар бет-бейнесін жасырмастан, әлеуметтік желіде де билікке қарсы үндеп отырған. Олардың арасында өнер, мәдениет, ағарту саласының өкілдері, студенттер дәне оқушылар бар. Бұл қозғалыс көшеде – шеру түрінде, әлеуметтік желіде үндеу түрінде жалғасып келеді.

ОҚУШЫ ҚЫЗДАРДЫ УЛАУДАН СОҢҒЫ ӘРЕКЕТТЕР  

Былтырдан бері оқу жылының басталуы Иран билігі үшін қауіпті сигналға айналып кетті. Былтырғы оқу жылы Махсаның оқиғасымен басталып, одан кейін мектептердегі қыздарды улау оқиғасына жалғасты. Белгісіз делінетін адамдар қыздар мектебіне белгісіз у шашып, одан жан тапсырған оқушылар да болды. Иранда ұлдар мен қыздар мектебінің бөлек болуы қаскөйлердің әрекетіне қолайлы жағдай туғызды. Бұл оқиға бірер мектепте ғана емес, елдің әр аймағында бірқанша метептерде қайталанды. Оны қоғам әсіредіншілдердің әрекетімен байланыстырды.

Ал биылғы оқу жылы қарсаңында мектеп, оқу, ағарту саласында билік кең көлемде «тазарту» жұмыстарын жүргізді. Ой, пікірі, немесе әрекеті хиджаб, немесе исламдық өмір салтына сәйкес келмейді деген басшылар, мұғалім, оқытушылар және студенттер оқу орындары мен білім ошақтарынан аластатылды. Ал оқу жылы қарсаңында хиджаб тәртібін сақтамағандарды қатаң жазалайтын заң жобасы қабылданған. Бұл заңның алғашқы кезде үш жыл ішінде сынақ ретінде қолданылатыны айтылады.

САЯСИ РЕҢККЕ ИЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ

Осындай жағдайларға орай Иран президенті Нью-Йоркте, БҰҰ мінберінен сөйлеп келгеннен кейін елдегі оқу жылының басталуы шарасына қатысып, «ирандық-исламдық өмір салтын сақтау туралы» сөз қозғап отыр. Ядролық бағдарлама мәселесі бойынша санкцияға ұшыраған Иран билігі хиджабқа қарсылықты жүйенің дұшпандары, ішкі-сыртқы дұшпандар ұйымдастырып отыр деп есептейді. Адам құқығы, сөз бостандығы, еркіндік биліктің пайымынша хиджабтың астында ғана көктейтін игілік. Алайда соңғы бір жыл және Иран тарихындағы әртүрлі оқиғалар мұндай мәжбүрлі шараның пұшпаққа жеткізбейтінін көрсетеді. Мәселен, хиджаб киген адамдардың түрлі терракт ұйымдастырған кезі болған.

Бір қызығы Иранда осыдан 87 жыл бұрын, 1936 жылы биліктің өзі әйелдердің хиджаб киюіне қарсы болып, арнайы хиджабқа қарсы заң қабылдаған. Сонда билік өкілдері әйелдердің жамылғысын күшпен, зорлықпен тартып алып, отқа лақтырған. Алайда арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде, әлемде азаматтық қоғам салтанат құрып жатқанда Иран азаматтардың жеке-бас бостандығын аяқасты етуден тайынбай келеді. Олардың осы әрекетінің өзі исламға қарсы, мұсылмандарға қарсы жеккөрініштің тарауына себеп болып отыр.

 

Жанат Алғадай

 

 

 

Пікірлер