Биыл мен 11-сыныпты бітірем. Демек, қарбалас сәт күннен күнге көбеймесе азаймайтыны анық. Күнделікті қосымша сабақтар бізді шаршатады. Алайда, сол қарбалас күндердің өзі бізге жақсы әсер сыйлай алады. Оның бір мысалы ретінде біздің мектепте ұйымдастырылған көшпелі музей жайлы айта аламын. Бізді музей тамашалап, қызықтау үшін мектеп залына жинады. Бейтаныс адамдар, түрлі чемодандар мектеп залын толтырып тастапты. Бір кезде көрме ұжымының өкілі өзін және өз әріптестерін таныстыра бастады. 40 чемодан толған қазақтың ұлттық құндылықтары - Кеңес дәуірінен қалған түрлі жәдігерлер көрменің сәнін кіргізіп тұр. Бұл ғажайыптың иелері кімдер екені бәрімізді қызықтырып барады. Барлығының сұрағына бір жауап. Бұл-Қызылорда қаласындағы №235 мектептің ұжымы. Олар біздің мектебімізге өз қызықтарын бірге ала келген екен. Бұл жобаның ұйымдастырушысы - Сариева Ақтоты Ойнарқызы, жобаның тренері- Алматшаева Күләш және көрнекті суретші - Асқар Жұматаев. Осы кісілердің қанаттары талмай жасаған еңбегінің арқасында жоба ұжымы көптеген жеңістерді қанжығаларына байлап, көпшілікті қуантқан еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған бұл жобаның басты мақсаты - ұлттық кодымызды сақтап, өткен тарихымыға терең үңіліп, оны дәріптеу. Жоба ұйымдастырушыларының сөзіне құлақ түрер болсақ, олар «Арай санрайз» лагерінде, қарттар үйінде, балаларды оңалту орталығында, Қызылорда қаласындағы Талсуат, Белкөл кенттерінде және т.б жерлерде болып, жұртшылықты өз шығармашылықтарымен таныстырған. Жалпы жоспарланған экскурсия саны - 14. Тау мен тасты аралап, талаптыларға нәр берген бұл ұжымның келесі экскурсиясы №145 орта мектепке бағытталыпты. Ата-бабамыздан қалған асыл бұйымдар, көздің жауын алатын суреттер, керемет естеліктерге толы жағландар көпшілікті таңғалдырмай қоймады.Бірнеше чемодан соғыс жабдықтарымен толтырылған. Соның ішінде соғыс кезінде айбынды, рухты сарбаздар қолданған суқұйғыш, арнайы тамақ салатын ыдыс-аяқтар бар. Сонымен қоса, әсем оюлармен өрнектелген киіз үй жабдықтары,ата-бабамыздан қалған ескі қамшы түрлері, аяулы аналарымыздың ерте заманда тұтынған ас үй бұйымдары да құпияға толы чемоданның бір бөлігін алып жатты. Бұл көрме ұзақ жылдар бойы сақталып, тот басып қалған ыдыс-аяқтардың, шаң басып қалған, беттері түгел емес көне кітаптардың әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпағанын айқын дәлелдеді. Көрме ұжымының құрамында Асқар Жұматаев сынды сегіз қырлы, бір сырлы суретші кісі де бар. Таланты мен талабы өз туындыларындағы өрнекпен астасқан қылқалам шеберінің қолтаңбасы кез-келген жанның қиял әлемінің ауқымын кеңейтіп, өмірлік түсінігін тереңдете түсетіні даусыз. Мектеп оқушылары бұл көрме арқылы көптеген мәліметтермен танысып, көрме қызықтарына таңданыстарын білдірді. Тағы бір айта кететіні, «Мейірім-Үміт» жобасының жеке күнделік дәптері бар екен. Ол күнделік «Пікірлер кітабы» деп аталады. Бұл күнделіктің ерекшелігі - әрбір көрермен өз әсерін осы күнделікке түсіре алуында. Көрермен болған оқушылар осы күнделікке кезекті пікірлерін қалдырды. Ең алдымен, күнделік біздің мектебіміздің білімді де, білгір кітапханашысы Дайрабаева Мейрамкүл апайдың қолына түсті. Мира апайымыз Сариева Ақтоты апай ұйымдастырған бір іс-шарада болып, Алматшаева Күләш апаймен танысыпты. Ол бұл көрме арқылы соғыс ардагері болған өз әкесін еске түсіріп, көзіне жас алғандығын жеткізді. Осы күнделік арқылы біз алған әсерімізді өзгелермен бөлісе алғандығымыз үшін қуандық. .
Қазіргі таңда «Мейірім-Үміт» деген атаумен бастау алған жоба Қызылорда қаласындағы К.Каракозова атындағы №235 орта мектептің аясында жүзеге асырылуда. Аталмыш мектепте «тоғыз құмалақ», « асық ату» секілді қазақтың ұлттық ойындары жақсы дамып, оқушылар тәрбиесіне зор мән берілген. Жобаның ең үздік жетістігі - Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткізген көрмесі. Сыр елінен 40 чемоданды көтеріп барған ұжымның сол күнгі образы да ерекше болған. Алматшаева Күләш апай қазақтың ұлттық киімімен өз жобасын қорғап, көптің көзайымына айналды. «Сол күні іс-шараға келген журналистер: кимешек киген 40 чемоданды әже қайда?-деп іздеген еді»-деп Күләш апай қызықты сәттермен бөлісті. Қазақтан Республикасының Ұлттық кітапханасына қадам басып, өнер көрсету-оңай емес. Дегенмен, ұжым өзінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде осындай дәрежеге жетті. Жобаның бас демеушісі- Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті «Елбасы» қоры. Сонымен қоса, көрме Республикалық әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде грант иегері атанған.
Мен өзімнің алған әсерім жайлы айтқым келеді. Алып келген көрменің кереметтігінде сөз жоқ. Бәрінің таңданысына ие болған чемодандар да маған қатты ұнады. Сонымен қатар, мен көрме ұжымымен оңашада тілдесе алғаным үшін риза болдым. Себебі, олар сондай ашық-жарқын, ақкөңіл кісілер екен. Алматшаева Күләш апаймен сұхбаттасқанда олардың басты мақсаты саналы ұрпақ тәриелеу екендігін атап айтты. Жоба авторы Сариева Ақтоты Ойнарқызына келер болсақ, ол өте кеңпейіл әрі белсенді кісі екен. Мақсат-мүдделері айқын, жастардың қамын ойлаған жандармен кездесіп, танысып, табысқаныма қатты қуандым.
Ел жәдігерін сақтаған азаматтардың әрбір ісі - өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
Шалқарова Айдана Ерболқызы
Қызылорда қаласындағы №145 орта мектептің 11-сынып оқушысы