Екеудің ерегесі және Қазақстан

2505
Adyrna.kz Telegram

Мамырдың 10 күні жергілікті уақыт 01.01-де АҚШ, ҚХР-нан импортталатын құны 200 млрд тауардың кедендік салығын 10%-тен 25%-ке бірден көтерді. Келесі 325 млрд тауарға да осындай салық енгізетін құжаттың дайындалып жатқанын да ұмыт қалдырған жоқ. Қытай сауда минситрлігі де, нақтыланбаған түрде болса да, қарсы шаралар қабылданатынын мәлімдеп үлгерді.

Сол күні сағат 10-да, екі сағатқа созылған келіссөзден кейін АҚШ-ның қаржы минстрі Steven Mnuchin келіссөздің ақырласқандығын әм “сындарлы” болғандығын мәлімдеді. АҚШ президенті Трамп та тараптардың жалғасты келісе беретіндігін жеткізді. ҚХР-ның бас келіссөзшісі вице-премьер Liu he “тараптар адал ниетті және сындарлы пікір алмасты. Әзірше ішінара кедергілер мен тосқауылдарға дөп келгенімізбен, қос тарап та жалғасты ақылдасудың қазіргідей жағымды үдерісін сақтауымыз керек-ті” деп мәлімдеді. Демек, тараптардың қай-қайсысының да келіссөзді жалғастыруға мүдделі, соғыса жүре келісуге пейілді екендіктері айқындалып қалды.

10 мәрте келіссөзден кейін әне-міне екі ел басшыларының қол қоюына жіберіледі деп тұрған “тарихи эпос” дейтіндей (Трамптың бағасы) құжаттың түсік тастауы Қытай тараптың айнып қалғанымен байланысты сыңайлы. 6 мамырда Mnuchin-нің аңдатуынша, “90% келісілген құжат осы реткі келіссөзде толықтай қол қойылуға даяр-ды. Алайда, 3 мамырда АҚШ тарапы Қытайдың жаңарған келіссөз нұсқасын тапсырып алдық. Онда мұрнағы келісілген кейбір пайымдар сызылып кеткен, бұрынғы мазмұнға көрнекті өзгертулер енгізілген”. АҚШ-ның мәселеден хабарлы тұлғаларының жеткізуінше де, Қытай тарапы алдында шетел фирмаларының техникалық патенттері және зияткерлік құқықтарын қысыммен алу сияқты әрекеттерін болдырмауды заңға енгізіп бекітуге келіскен болса, енді оны заңмен емес, әкімшілік қаулы-ережелермен ауыстыруды ұсынған көрінеді. Трамтың қыйтығына тиген де осы мазмұн сияқты. Ал Қытай тарапы да мойынсал сыңайда. 7 мамырда журналистің АҚШ-ның Қытайдың уәдеден айнуы туралы жазғыруына қатысты сұрағына, ҚХР СІМ өкілінің жауабы біраз нәрсені аңғартқандай: “келіссөз дегеннің өзі талқылау барысы саналады, тараптардың арасында келіспеушіліктің болуы үйреншікті жағдай”.

Мейлі себеп не болсын, сауда соғысының салдары бәріне белгілі. Ол ерегескен екеудің экономикалық мүдделеріне ғана емес, дүние жүзі экономикасына ауыр соққы болғалы тұр. Өйткені бүгіндері тұтас әлем шым-шытырық байланыстармен өзара маталып қалған. Әлемдік сауда жүйесінің бір мүшесі есебінде, Қазақстанның да бұның ықтимал кесірінен шет қала алмайтындығы басы ашық әңгіме. Сауда соғысы қыза келе, қазіргі сауда ережелерінің бүлінуіне, жүйесінің тұтастай ыдырауына әкелуі де мүмкін. Трамптың Қытайдың ережелерді бұза берсе, ДСҰ-ын таратып жіберу керектігі жайындағы ескертпесінің өзі жақсы ырым болмаса керек. Ал сауда ойындарындағы кез келген ауытқулардың шикізат шығарушы әлсіз ойыншы болған бізге жеңіл соқпасы анық. Егер ерегес осы бетімен ширатыла берсе, әлем экономикасының 40%-ін құрап отырған алыптардың айқасы жершары экономикасы мен халықаралық сауданың жаппай құлдырауына ұрындыратын белгілері әзірдің өзін де төбе көрсетіп жатыр. Ашық экономикалы ел болған соң, біз де  оның зардабын шегетін боламыз. Ал осының өзі-ақ құрылымдық өзгерістерге жылдам бет бұру, ел экономикасын неғұрлым ерте шикізаттық ыңғайдан өңдеушілік бағытқа алып шығу талабын қояды. Өндірісті ел ғана өміршең ел екендігі ұстанымы біздің экономикалық құбыланамамыздың мызғымас қағидаты болып бекуі шарт.

Бұл енді АҚШ-Қытай сауда текетіресінің елімізге жалпылама әсері тұрғысындағы пайым. Нақтылы жағдай бойынша, оның АҚШ-Қазақстан экономикалық қатынасына айтақалсын әсер етерлік реті жоқ. АҚШ-ның еліміздегі инвестициясы ту баста стратегиялық сыйпатта және АҚШ мүдделі болып отырған энергетика саласына меңзелген, бұл бағытта өзгеріс бола қоймас. Екі ел саудасы да өзара толықтаушылық бағытында болғандықтан, мұнда да бәлендей тиімсіздік болуы екіталай, оның еліміздің сауда көлеміндегі үлестік салмағы да жүк аударарлықтай емес. Қытай жайында сөз басқа. Оның АҚШ-мен соғысының Қазақстанға оңтайлы жақтары көбірек болуы ықтимал. АҚШ-ның ҚХР-на сауда қысымы мен басқалай шектеулері үдеген сайын, Қытайдың “бір белдеу, бір жол жобасына”(БББЖ) ықыласы мен пәрмені арта берері сөзсіз. Ал АҚШ-ның   Қытайға қаратқан теңізде тізгіндеу шараларының жітілеуінің нәтижесінде, Қытайдың БББЖ жобасының құрлықтық қанатына жүгінуі көбейе түсері бек мүмкін. Осы жобаға иек артып еуропа мен белдеу бойы елдеріне қатынасуы жиілей түспек. Осы орайда бір белдеудің алғашқы қақпасындық рөліміздің маңызын әуелі өзіміз жете түсінгеніміз және оны қалай ойната алуға бас қатыруымыз ләзім. Қытайдың АҚШ-на сауда тұрғысындағы ең ұтымды көзірі, ол—АҚШ ауылшаруашылық тауарларына, өте-мөте бұршақ тұкымдастарға импортты азайту болмақ. Кедендік салық жырының алғашқы кезеңінде-ақ, осы көзірдің шығарылғаны бар. Демек, осы дақылға 85%-тік шетелге тәуелді Қытайдың, оны басқа нарықтан іздейтіні практикадан белгілі. Осы тұста, бұршақ тұқымдас өнімдердің егілуі мен өңделуіне қолдау білдіру арқылы едәуір валюта жинап алуға, онан да маңыздысы, Қытайдың осы нарығынан өзіндік үлесімізді (Қытай үшін) дәстүрлі қайнаркөз ретінде жасақтап алуымыздың ораты келіп тұрған сыңайлы. Сауда соғысының нәтижесінде, Қытайдың әу баста сыртқы нарыққа бағытты құрылған және АҚШ-ны қамдап келген өндірісі жанұшыра нарық іздеуі талассыз. Осы орайда оның өңдеушілік сыйпатындағы өндірістері мен технологияларын, бизнес өнерін ыждағаттықпен тарта білуіміз керек. Айта берсек, оның бізге жыл бұрынғы салықтық жеңілдікпен тартылған өндірістерін қайта қарауды қолға алуымыз аса орайлы қадам болғалы тұр.

Құрмет Қабылғазы, экономист

Пікірлер