Бала құқығын қорғаушыдан кейін ҚМДБ "қозғалды". Бүлдіршінді қағып жіберген имам жұмыстан кетті

2780
Adyrna.kz Telegram
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында болған келеңсіз оқиғадан кейін ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен ҚМДБ арнайы түсінік берді. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілік қызметкерлері, Шелек ауылының тұрғындары, дін қызметкерлері, мешіт жамағаты және баланың ата-анасының қатысуымен арнайы кездесу өткені хабарланды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Жиында "Хидаят" мешітінің имамы өз қателігін мойындап, баланың ата-анасынан, сондай-ақ көпшіліктен кешірім сұраған. Баланың заңды өкілдері имамның кешірімін қабыл алып, екі тарап өзара бітімге келген.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкеріне шара қолданды. Бас мүфтидің бұйрығымен "Хидаят" мешітінің имамы жұмыстан шығарылды. Алдағы уақытта осындай келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін, өзге имамдармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігі.

Ал ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мұндай жағдайды ешқандай да кешіріммен ақтап алуға болмайтынын айтты.

- Алматы облысында имамның намаз кезінде кішкентай баланы қолымен қағып жібергеніне қатысты Бұл кешіруге болмайтын қатыгез әрекет 24 сәуір күні орын алған. Видео тек қазір ғана пайда болып, бұл адамға қатысты қылмыстық іс тіркелді. Осы жағдайға қатысты Бас мүфти Наурызбай қажымен сөйлестім, қатыгездік танытқан адам бүгін жұмыстан босатылды. Оның имам екеніне келер болсақ, негізі Исламда әйелдерге, балаларға құрметпен қарау және қамқор болуға қатысты көптеген хадис мен аяттар бар. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) «оның немересі намаз кезінде оның басына отырған кезде, сәждеден басын көтермеген». Қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін біз осылай ғана қалыптастыра аламыз, - деді заңды өкіл.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде имамның намаз кезінде кішкентай баланы епті қолымен қағып жіберіп, сұлатып түсірген" видео тарады.  Видео авторының айтуынша, оқиға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылында болған.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер