Серік Құсанбаев. ШЫҢ БАСЫНДА ШЫРЫЛДАҒАН СӘБИ

3459
Adyrna.kz Telegram

(Бұл әңгімені бала күнімде жарықтық әкем айтып беріп еді)

- Ертеде біздің елде қысы-жазы ел кезіп жүретін зағип ақсақал болды. Иығына асып алған дорбасы мен қалақтай ғана қара домбырасы бар осы бір су қараңғы жанның қолындағы жалғыз таяқпен, төңіректі түгел шарлап, соқтықпалы-соқпақсыз жерлерден қалайша жол тауып жүретіндігіне қайран қалатынбыз. Бірақ, жарықтық елге сыйлы еді. Барған жерінде күй тартып, небір аңыз-әңгімелер айтып, халықты рухани азыққа қарқ қылып кететін. Осы тірлігіне бола ел оны «Соқыр кезбе» атап кеткен.
15-тен 16-ға қараған бозбала шағым. Әкем колхоздың қойын бағатын. Маусым айының жанға да, малға да жайлы күндерінің бірінде әдеттегідей қой бағып жүр едім. Кенет, қарсы беттегі бөктерге таяп қалған отардың алды дүр етіп үрікті. «Дәу де болса, ит-құс шығар» деп, солай беттей бергенімде, арғы жағынан жаяу адамның қарасы көрінді.
«Бұл кім болды екен?» деп ойлап үлгергенімше, жанымнан екі елі қалмайтын, бітімі кесек дүрегей-тазым зор дауысымен ауызын толтыра үріп, орнынан өре түрегелді.
Иттің дауысын естіген әлгі кілт тоқтай қалды да, дауысын созыңқырай «Ассалаумағалейкум, мал-жан аман болсын!» деп, сәл еңкейіп ізет білдірді. Ел аузындағы «Соқыр кезбе» екен.
Үлкен кісі болған соң қасына барып, өзім де сәлем бердім. Бір-бірімізді бұрыннан танитын жандардай қауқылдасып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Әкемді танитын болып шықты. Сыртынан қанша естігенім болмаса, бұл кісіні көргенім осы.
Түс әлеті болып қалған, ақсақал екеуіміз асықпай отырып түстендік. Шешемнің «Күн ұзақ, қарның ашады» деп салып берген азығы мен торсыққа құйған қою айраны екеуімізге артығымен жетті.
Шамасы жолдан шаршап кеп ішкен тамақ аш өзегіне түсіп кетті ме, Байырхан ақсақал (азан шақырып қойған аты екен) аздан соң астына төсеп берген бөстекке жантайған қалпы көзі ілініп кетті.
«Мазасын алмайын, әрі бытырай бастаған малдың бетін қайырайын» деген оймен атымды жетектеп төмен құлдилап кеттім.
Қайтып оралсам, ақсақал ояныпты. Көрмесе де, айналадағының барлығын көкірекпен-ақ сезіп, байқап отырғандай, сезімі сергек. Бет тақтайы әбден тозған қолындағы қара домбырасымен әлдебір зарлы күйді күңірентіп отыр екен. Менің келгенімді сезсе де күйін бұзбайын деді ме, иегімен нұсқап отыр деген ишара жасады. Бұрын-соңды естімеген әлгі күйдің төменгі сағағын екі қайырып барып тоқтаған қария, әлдене есіне түскендей «Уһ-һ» деп терең күрсінді.
Төрткүл дүниеге нұрын шашқан күн жарықтық мазаны алардай ыстық та, салқын да емес, тамылжып-ақ тұр. Осы сәтте, әлгінде ғана күмбірлеген домбыра үнімен бәсекеге түскендей құрық бойындай ғана қашықтыққа көтерілген бозторғай құйқылжыта жөнелді. «Жаратқан Алланың шеберлігі-ай!» десеңші, кіп-кішкентай қанаттарын тынымсыз қағып, бір орнынан қозғалмай ән салып тұрған титімдей құс «Енді, бір сәт менің де өнеріме тәнті болыңдар» дегендей барын сала сайрайды. Бір апта бұрынғы жауыннан кейін қалы кілемдей құлпыра түскен қыр гүлін, жайлап ескен самал тербеп қояды.
Шынтақтап жатқан қария бір тал гүл-шөптің сабағын жұлып ап, мейірлене иіскеді. Сосын кәдімгі жанары бар адамға ұқсап айналаны барлай отырып:
- Е..е..е, жарықтық ата-бабаларым-ай! Осы бір қасиетті далаға қаның мен теріңді төге жүріп, ұрпағыңа аманаттап кеттің-ау. Қасиетіңнен айналайын туған далам, сен болмасаң мынау шексіз жаһанның қай түкпірінде түртінектеп жүрер едім? Тәубә, тәубә! Абайсызда сүрініп жығылсам да, сенің мынау киелі топырағың төсеп қойған мақтадай ғой, мен бейбағың үшін – деді, естілер-естілместей ғана, дауысы жарықшақтанып.
Мен осы кезде ғана ақсақалдың дидарына зер салып қарадым. Бет-әлпетінде сау-тамтық жоқ, тыртық-тыртық. Оң жақ құлағының жарымын біреу жұлмалап-жұлмалап жұлып алғандай. Екі көзінің бірі мүлде жұмылып, екіншісі сәл-пәл сығырайып тұрғаны болмаса, әріге шүңірейіп кеткен, ұзақ қарауға дәтің шыдамайды екен. Менің тесіле қарағанымды сезіп қалған сұңғыла қарт:
- Е, балам, бұл атаң не көрмеді дейсің? Адам тірі жүрген соң, Алла тағала басына не салса да көруге, көнуге, шыдауға мәжбүр болады екен – деді.
Мен ұрлығы әшкере боп қалған жандай қысылып, екі бетім ду ете қалды. Сосын, балалық па, болмаса бойымды әлдебір қызығушылық биледі ме:
- Ата, сіз жайлы, сіздің тағдырыңыз жайлы әркім, әрқалай айтып жүреді. Менің қылығым өрескел болар, дегенмен ренжімесеңіз өзіңіз жайлы әңгімелеп бересіз бе? Егер ескі күндерді есіңізге түсіру сіз үшін ауыр болса, қолқамды қайтып алайын – дедім батылданыңқырап.
Ақсақал ештеңе естімеген жандай үнсіздіктің тұңғиығына шомып, тырс етпей отырып қалды. Тіпті, қасында орынсыз қолқа салып отырған мені ұмытып кеткендей. Мен сұрауын сұрасам да, іштей «Апыр-ай, мынауым әбестік болды-ау. Онсыз да жаны жаралы адамның көкірегіндегі ескі жарасын тырнағандай болдым ба?» деп қипақтай бастадым.
Арада орнаған үнсіздікті анадайда жайылып жүрген күрең бестінің пысқырығы бұзды. Ақсақал бәрін көріп отырған адамдай тағы да ат пысқырған жаққа мойнын бұрып қарап қойды да, менің ішкі ойымды оқыған адамша:
- Ешқандай әбестігі жоқ шырағым. Өзің бір жөн білетін, сөз парқын бағалай білетін балаға ұқсайсың. Мен бұрын-соңды өзім жайлы да, су қараңғы боп қалған көзім жайлы да аса ешкімге тіс жарып көрмеген едім... – деді де, әлденені есіне түсіргендей тағы да біразға дейін үн-түнсіз отырып барып, әңгімесін бастап кетті.
- Менің әкем – орташа ғана тірлігі бар, құралайды көзге атқан мерген, бүркіт ұстап, ат баптаған аса саятшыл адам болыпты. Бірде, мына Сайхан тауының биік шыңдарының бірінен бүркіттің ұябасарын байқап қалады. Содан көк еркесіне есі кетіп, күндердің күні балапанын алып, баулымақ ниетпен бүркіттің ұясына түседі.
Бүркіттің ұясына түсу – еріккеннің ермегі емес балам. Оның өзіндік әдіс айласы, қулық-сұмдығы мен машақаты, қауіп-қатері толып жатыр. Бір сәтке мүлт кетсең, сүйегің сонау құздың етегіне жеткенше күлге айналады. Ондай қатерге ептілігі иненің көзінен өтетін, әрі қарулы, әрі өжет, жігіттің-жігіті ғана басын тіге алады.
Әкемнің сондай машақатпен алған балапаны аса алымды, нағыз қандыбалақ боп шығады. Айналасы екі-үш жылда сол маңдағы түлкіден-түлкі, қасқырдан-қасқыр қоймапты.
Әкемнің бүркіті жайлы әңгіме ел ішіне аңыз боп тарай бастайды. Жолыққан жерде қолқалаушылар да, қызыға, қызғана қараушылар да көбейеді. Ақыры бұл әңгіме сол өңірге аты шыққан Есімбек деген байға да жетіп, бір күні бай қасына нөкерін ертіп әкеме келіпті. Ол кезде әкемнің отыздағы орда бұзар шағы.
Есімбек – өз заманының аса ауқатты адамы болса да, өзге байлар секілді озбырлығы жоқ, маңайындағы жетім-жесірлерге де қолы ашық, жүйрік ат баптап, саятшылық десе ішкен асын жерге қоятын серілігі бар жан екен.
Әкемнің арнап сойған малына батасын жасап, дастархан басында күй тыңдап, әңгімелесіп отырған Есімбек сөздің орайы келгенде:
- Әй, Нағымбай! Сен маған қарағанда әлдеқайда жас емессің бе? Әрі бүркіттің балапанын алуда тәжірибең бар. Бұйыртса келер жылы тағы бірін аларсың. Мен саған екі құлынды бие, бес-он саулық берейін, сен анау «Қызыл көзіңді» маған қи – деп, қолқа салады.
Әкем әуелде балапанынан баулыған қыранын бергісі келмей, біраз бұлталаққа салса керек. Бірақ, қазақта «жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген сөз бар ғой. Әрі, қай заманда болмасын күштінің арты диірмен тартатыны белгілі. Есімбектің шамырқанса «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп, белден бір-ақ басарын да және оған еш қайран қыла алмасын да сезген қолы қысқа әкем ақыры «бала-шағаның қамы үшін» деп көнген көрінеді.
Қолына қыранның қыранын қондырған Есімбек әкеме риза боп аттанады. Сосын уәдесінде тұрып, көп ұзамай айырбасқа атаған малдарын жеткіздіртіп беріпті.
Содан әкем келер жылы ерте бастан дайындалып, сәтін салғанда өткендегі қыранның тағы бір балапанын алады. Жарықтық тектілігі сонша, бұл жолы да жалғыз жұмыртқа басып шығарыпты. Алайда бұл жолы ұябасар мен аталық қыран екі жақтап шабуылға шығып, шың басында жүрген әкемді жазым ете жаздапты. Әйтеуір қолындағы қамшысымен жанталаса қорғана жүріп аман қалған көрінеді.
- Сондағы ұябасардың ұясына таяп кеп, таяп кеп шаңқылдаған үні мен қанталаған көзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді – деуші еді, жарықтық.
- Әкем бұл балапанды да бабына келтіріп баптап, бағып-қаға бастайды. Негізі бүркіт, жұмыртқасын қыс айында шайқайды. Бір қызығы, сол жылдың ақпан айында қыранның балапанымен қатар мен де дүниеге келіппін. Әкем ат шаптырып той жасамаса да, маңайындағы туыс-туған, жақын-жекжатқа шілдехана тойынан дәм татырып, маған азан шақыртып ат қойғызады. Өзі қалыптасқан дағдысы бойынша қыранын баулып, аңын аулап дегендей қоңыр тіршілігін кеше береді...
Күндердің күнінде бұрын-соңды ел есітіп-көрмеген оқыс оқиға болыпты.
Осылай деп терең күрсінген ақсақал, тағы да біршама үнсіз қалды. Сосын бойын түзеңкіреп ап, үзілген әңгімесін жалғастырды.
- Жаз айы болса керек. Күн екіндіден ауған шақта «Ойбай, әкетті, әкетті!» деп баж ете қалған әйел адамның ащы дауысы он шақты үйлі шағын ауылды аяғынан тік тұрғызады. Иттер абалап, жұрт шулап, әлгінде ғана жайбарақат жатқан ауыл әп-сәтте азан-қазан болып, шат-шәлекейі шығады. Абырой болғанда, әкем сол күні ғана жолдан келген екен.
Шулаған ел ауылдың іргесінен ағып жататын шағын өзеннің жағасында есінен танып жатқан анамның басын көтеріп, бетіне су шашып, есін жиғызады. Не болғанын өзі де ұқпай, тілі байланып қалған қайран анам, екі көзі шарасынан шыға аспанға қарай беріпті.
«Бұл, сонау көктен не іздеп жатыр?» деп аңтарылған көпшілік те көкке көз жүгіртсе, көз жетер биіктікте ауылдың үстін айнала ұшып жүрген бүркітті байқайды. Бауырында қарайып бірдеңе көрінетін секілді. Осы сәтте сонау көктен шырқырай жылаған жас сәбидің, яғни алты айға енді ғана толған менің дауысым естіледі.
Есі шыққан ел, «Астапыралла десіп, апыр-ай, енді не болар екен? Ана биіктен баланы тастап жіберсе қайтеміз?» деп әлгі жерде, қолдарынан келер қайрандары жоқ, тұрған жерлерінде сеңдей соғылысыпты.
Айдың-күннің аманында алақандай ауылды алатайдай бүлдірген көк тағысы кедей ауылын тағы бірнеше мәрте айналыпты да, шың-құздары көз ұшында мұнартып жатқан Сайхан тауын бетке алып ұзай беріпті...
Осы сәтте, әуелде не боп, не қойғанын түсінбей, абдырап қалған әкем, жалма-жан атына қарай жүгіріпті. Ол шошаладан шапшаңдатып керек-жарағын алып, белдеудегі бәйге жиреніне міне сала, баласын бүркіт әкеткен бағытқа тұра шабады. Есі шығып, есеңгіреп қалған ел шулап-шұрқырап қала береді.
Осыған дейін екі мәрте балапанын алдырған бүркіттің ұясына жеткенше әжептәуір жер. «Дәу де болса, бұл көк тағысының маған қайтарған кегі болар. Атаңа нәлет, бейкүнә сәбиімді ұясына апарып паршалап тастамаса жарады. Тым болмағанда баламның сүйегін алып қайтармын» деп өз-өзіне жігер берген әкем, бүркіт ұя салған жанама жартастың түбіне келгенде қас қарая бастайды.
Содан, өзінің бұрыннан қолданып жүрген тәсілі бойынша таудың ту сыртынан айналып отырып, түннің бір уағында «өлдім-талдым» деп, бүркіт ұясының дәл үстінен шығады. Көзге түртсе көргісіз қара түнекте тау-тасқа өрмелеу оңай ма? Сөйтсе де, қол-аяғын тасқа тілдіріп, үсті-басының дал-далы шыққан әкем бір межеге жетеді.
Ендігі шаруа мұнан да қиын, қиыннан бұрын аса қатерлі. Өйткені, бүркіттің ұясы әкем отырған шың басынан төмен қарай құрық бойындай екен. Оған түсу үшін таңның атуын күтпесе болмайды. Белге байлаған арқан тасқа қажалып, үзіліп кету қаупі де жоқ емес.
Амалы құрып, әбден сілесі қатқан әкем байғұс әр ойдың басын бір шалып отырып, жартасқа сүйенген қалпы қалғып кетсе керек. Кенет, бүркіттің ұясынан «шар» еткен сәби үнін есітіп, өз құлағына өзі сенбей қалады. Бірде тына қап, енді бірде қолды-аяққа тұрмай шырқыраған бала үні мұқым Сауыр, Сайхан тауларының шың-құздарын жаңғыртыпты.
Әлдеқашан өлдіге санап, күдерін үзіп қойған сәбиінің үнін дәл жанынан есітіп, аза бойы, қаза болған әкем таңның атуын күтпестен нар тәуекелге басып, ұяға түспекті ойлайды. Бұл жолы қыранның емес, ұяда, өлім мен өмірдің арасында жатқан өз балапанын алу үшін...
Беліндегі арқанның бір ұшын шың басындағы діңі жуан шынардың түбіне, ал екінші басын беліне мықтап байлап ап, бір Аллаға сыйынып, білетін дұғасын оқып әрекетке көшеді. Бұл уақытта жаздың қысқа таңы да құланиектене бастапты.
Ұясына түсіп келе жатқан адамды көрген бүркіт ұшып кетеді. Әкем ұяға түсіп, бет аузында сау тамтық жоқ, қан-жоса болып қансырап, үзіліп кетердей болып әзер-әзер демалып, есінен танып жатқан балапанын бауырына басып, отыра қап еңкілдеп ұза-ақ жылапты...
Қазақ «су ішкілігі бар» дейді, менің мына дүниеден татар дәмім бар екен. Әйтпесе, бүркіт қалақтай ғана баланы қанды шеңгелімен сығымдай салса немесе сонау көктен тастап жіберсе сол жерде-ақ жантәсілім етпеймін бе? Дегенмен, шеңгелін салған жердегі алты қабырғам сынып кетіпті.
Бүркіт алып кеткен алты айлық баласын бір тәуліктен соң тірідей үйіне алып келген әкемнің қайсарлығы мен табандылығына жұрт қайран қалған көрінеді.
Осы оқиғадан соң әкем бүркіт баулығанды сап тиып, ендігі жерде аңдып жүріп, қыранды атып өлтірмекті ойлайды. Бірақ, түйсігі әлденені сездірді ме, болмаса кегін қайтарғасын қайырсыз мекеннен басқа жаққа кетуді жөн санады ма, ұябасар бұл маңнан қайтып көрінбепті.
Содан бері арада аттай 62 жыл өтсе де, ойымнан «Бүркіт неге мені бірден өлтіре салмады? Әлде, іштен шыққан балапанын қанаты қатпай жатып қайта-қайта қолды ете берген «қаскөйге» саналы түрде қайтарған кегі ме? Болмаса, адамзат баласына керек бала, құс екеш құсқа да керек екендігінен сабақ алсын деді ме екен?» деген сұрақтар санамнан бір сәт шығып көрген емес – деп Байырхан ақсақал әңгімесін аяқтады.
- Зағип ақсақалдың әңгімесін мен ғана емес, айналадағы тіршілік атаулы ұйып тыңдағандай, бір сәт өлі тыныштық орнады. Манағы бір әзірде домбырамен бәсекелесіп құйқылжыта ән салған бозторғай да көрінбейді.
Мен не дерімді білмей, алдымда отырған адамның басынан өткен оқиға емес, әлдебір ескі заманның ертегісін естігендей мең-зең күйде отырып қалдым – деген еді әкем жарықтық.

Пікірлер