Home » Айдарлар » Көкейкесті » Павлодардағы «Мәңгілік полк» шеруі

Павлодардағы «Мәңгілік полк» шеруі

Алдын ала айта кетейік, «Мәңгілік полк» шеруі Кеңес одағы кезеңінде болған емес, бертін Ресей идеологтары ойлап тауып, жаппай қолданысқа енгізген. Кремльдің саяси технологтарының ықпалымен 2013 жылдан бастап Қазақстанда өткізіле бастады.
Бұл акция соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің ерліктері мен ерен еңбектерін құрметтеуге бағытталған көптеген шаралардың ешқайсына ұқсамайды. Мән-мағынасы тарихидан гөрі саяси реңкке ие, шерудің идеясы: Кеңес империясын дәріптеу, коммунистік қоғамды көксеушілерді рухтандыру, егемен елдікті қолдаушылардың көңіліне күдік ұялату.
О дүниелік адамдардың портреттерін мыңдаған адамдардың бастарынан жоғары көтеріп орталық көшелерде шеру өткізуі дін, ұлттық діл, мороль тұрғысынан қарастырғанда да ретсіз. Бұл саяси шара соғыс культын насихаттау ретінде де бағалануда.
Павлодарда 9 мамыр күні Жеңіс мерекесі аясында «Батырларға тағзым» деген атпен өткізілген «Мәңгілік полк» шеруіне мыңдаған адам қатысты, олардың елеулі бөлігін оқушылар құрады. Ересектер сияқты олар да таяқтардың ұштарына бекітілген майдангерлердің портреттерін жоғары көтеріп жүрді. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Самал Айтқазинаның өзі оқушылар шеруін қадағалағаны байқалды.
«Мәңгілік полк» акциясына қатысушылар арасында омырауларына сепаратизмнің белгісі іспеттес Григорий ленталарын қадағандар көп кездесті, қызыл туларды желбірете биік ұстағандар әр тұстан бой көрсетті!
Павлодар соғыс жылдарында майданның қақ ортасында қалған қаһарман қалалардың санатына жатпаса да, мерекелік демонстрацияда майдан байрақтары алып өтілді.
«Мәңгілік полк» шеруі шықпай тұрған кезеңде де ардагерлер құрметтелінген. Бұл акция өткізілмесе де құрметтелінеді. Түркістан, Ақтөбе қалаларында шеру ұйымдастырмай-ақ соғыстағы әкелердің ерліктері, тылдағы аналар мен балалардың ерен еңбектері ұлықталды!
Айтпақшы, Павлодарда 7 мамырда Отан қорғаушылар күні өткізілген мерекелік концертте соғыс жылдарындағы майдан әндері, патриоттық әндер, ауған соғысының сарбаздары туралы әндер шырқалды. Тек Қазақстан қарулы күштері жөнінде бірде-бір ән бағдарламаға енгізілген жоқ.
Біздің шенеуніктер келесі жылы Жеңістің 75 жылдық мерекесінде мәдени шаралардың барлығын отаншылдық, мемлекетшілдік рухта ұйымдастырады деген үміттеміз.

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Теңіз оқиғасынан соң: Қазақстанға енді келмеймін

Теңіз кенішіндегі оқиғада соққыға жығылған шетелдіктердің кейбірі Қазақстанға енді келмейтіндерін айтады. Олар 2 шілде күні ...