9 мамыр. Деректер мен дәйектер.

1532

Назарбаев Мәскеудегі шеруге қатысқан жалғыз шетелдік басшы

9 мамыр. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен Совет армиясының Жеңіс күні. Біз де, Тәуелсіз Қазақстан халқы да бұл күнді қанға сіңген дәстүр бойынша алаулатып-жалаулатып атап өтеміз. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ даласынан шыққан, қазақтан шыққан, ерен ерлік жасаған азаматтар аз емес. Жастары жүзге таяған, жүзден асқан сол азаматтардың бірсыпырасы арамызда жүр.  Тірі жүр. Олар ерлікпен қан кешті. Майданға кірді. Соғыс көрді. Сондықтан олардың батырлығы әспеттелуі керек те шығар...

Арамызда жүр дедік қой, бүгінде Қазақстанда қанша ардагер қалды? Ресми мәліметке көз жүгіртейік...

Қазақстанда көзі тірі 1 425 майдангер бар

2019 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, қазір елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа тікелей қатысқан 1 425 майдангер тұрады. Сондай-ақ, Ленинград блокадасында болған, тылда еңбек еткен, концлагерлерде болған (кәмелет жасына толмаған) тұтқындарды қоса есептегенде 87 мың ардагер бар.

Оларға мемлекет бюджетінен берілетін біржолғы ақшалай көмек те жоқ емес. Мысалы:

Шығыс Қазақстан облысы – 542 мың;

Нұр-Сұлтан қаласы – 519 мың;

Ақмола облысы – 500 мың;

Павлодар облысы – 500 мың;

Қарағанды облысы – 300 мың,

Атырау облысы – 300 мың;

Ақтөбе облысы – 300 мың;

Батыс Қазақстан облысы – 300 мың;

Маңғыстау облысы – 250 мың;

Солтүстік Қазақстан облысы – 250 мың;

Түркістан облысы – 250 мың;

Алматы қаласы – 250 мың;

Шымкент қаласы – 250 мың;

Қызылорда облысы – 202 мың;

Қостанай облысы – 150 мың;

Жамбыл облысы – 150 мың.

Соғыс ардагерлеріне 2,6 миллиард теңге материалдық көмек қарастырылған

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне біржолғы берілетін ақшалай көмек мөлшерін жергілікті әкімдіктер өздері белгілеген. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылы ардагерлерге берілетін мұндай көмек мөлшерін кем дегенде 300 мың теңгеге жеткізуге кеңес берген болатын.

Жеңістің 74 жылдығына орай 88 862 ардагерге бюджеттен жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеге материалдық көмек қарастырылған.

Жә, сонымен улап-шулап жүріп бұл датаны да өткердік. Республикалық масщтабта аталып өтілді. Ресми, бейресми шерулер өтті. Думандатқан концерттер берілді. Президент Тоқаев ресми құттықтау жасады.

Кремль идеологиясының бір ұшқыны саналатын «Өлмейтіндердің шеруі» де өтті. Бас қала бастап, қалғандары қоштап, «Бессмертный полк» шеруін жүріп өтті. Оны да көрдік. Көрдік те ұлттық идеологияның, Ақорда идеологиясының әлсіздігіне көз жеткіздік. Олай болмаса, бейбіт күнде  қазақтың 3/1-ін қасақана қырған қандықол қасапшы Иосиф Сталиннің портретін көтеріп шерулетуге әсте жол берілмес еді-ау...

Мәскеудегі шеру

Кремль деп қалдық қой. 63 мемлекет қатысқан Екінші дүниежүзілік соғысты Ресей "меншіктеп" алған. Орыстарда екі ұлық мейрам бар, білесіздер. Оның бірі – Жаңа жыл болса, екіншісі осы – Жеңіс күні. Жеңіс күні Қызыл алаңда әскери парад өткізу Кремль қожайынының қатқан қағидасы, айнымас салтына айналған. Осы салтанатты шеруге Ресей армиясы бір ай бұрын дайындалады. Бір апта қалғанда бастан-аяқ дайындықты тексереді. Сөйтіп, 9 мамыр күні Владимир Путин өз армиясын күллі дүние жүзіне даңқтап, шеру өткізеді. Орыс қаруының күшін күллі әлемге көрсетіп айбат шегу болса, өзіне кіріптар көршілерін қорқытып алуға да таптырмас мүмкіндік.

Былтырға дейін бұл шеруді тамашалауға Ресеймен одақтас, ниеттес елдердің басшылары біріңғай барып қатысатын. Қайсыбір жылы Жеңістің 70 жылдығына Мәскеу айрықша дайындалды. Әлемнің 30-ға жуық лидері келді.

Ал биыл ше? Биыл арнайы шақырту алғандар аз болмады. Дегенмен Мәскеуге барған жалғыз адам – Нұрсұлтан Назарбаев. Иә, Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаевтан басқалары бұл жолы бармады. Назарбаев барған шеруге Қазақстан армиясының өкілдері қатысқан жоқ. Бұл да өз кезегінде назар аударарлық факт. Жә, осымен тәмамдайық.

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket