Ән арнау - қазақтың байырғы салты

5813
Adyrna.kz Telegram

Қазақ рухани мәдениетінде өзіндік салттары бар саз өнерінің алатын орны зор. Сондай салттардың бірі — Ән арнау.

Қазақ жүрегінде Отанға деген махаббат әрқашан бірінші орында тұрады. Өткен 20 ғасырда да қазақтың отансүйгіштігін дәлелдейтін керемет сазды туындылар дүниеге келді. Мысалы композитор Ескендір Хасанғалиевтің ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне шығарған «Атамекен», «Дос-Мұқасан» тобының жетекшісі Мұрат Құсайынның ақын Сағи Жиенбаевтың сөзіне шығарған «Туған жер» әндері осындай әндердің ең танымалдары. Қазақ ұлтының ең бір жақсы көріп шырқайтын әні — Қазақстанның әнұраны «Менің Қазақстаным». Бұл шоқтығы биік туындының сөздері Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі, музыкасын шығарған композитор Шәмші Қалдаяқов.

Қазақ әндерінің тағы бір тобы ата-аналарға арналған. Бұл әндердің арасында ең танымалдары «Асыл әжем» және «Әкеме» әндері.

 

Қызықты оқиға

Анаға әнмен орнатылған ескерткіш деп атауға болатын ән «Ана туралы жыр» деп аталады. Сөзін жазған белгілі ақын Ғафу Қайырбеков болса, әнін шығарған  қазақ вальсінің падишасы атанған композитор Шәмші Қалдаяқов. Әннің мазмұны мен әдемілігі сондай өзбек, татар т.б. тілдерге аударылып шырқалды.

Қазақстанның өнер қайраткерлері Қазан қаласына сапары барысында ұшақтан түскенде ең бірінші көргені «Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов қош келдіңіз!» деген үлкен жазу болған. Бұл туралы қазақ театр және киносының майталманы Асанәлі Әшімұлы «Майраның әні атты» кітабында жазды.

Осы әнге байланысты мынадай қызық оқиға болғаны белгілі. Сазгердің ұлы, әскер қатарында жүрген кезде, бір сарбаздың «Ана туралы жырды» татар тілінде шырқап отырғанын көреді. Бұл әнді қайдан білесің, деп сұрайды ана жігіттен. Ол болса, бұл ән татардың халық әні деп жауап береді.

Бұған сазгердің ұлы бұл әнді шығарған өз әкесі екенін айтады. Жолдасы оған сене қоймайды. Сазгердің ұлы үйіне хат жазып, біраз уақыттан соң «Ана туралы жыр» жарияланған газетті алдырады. Татар жігіті сонда ғана бұл әнді қазақ қазақ композиторы шығарғанын мойындайды.

 

Ғашықтық әндер

Қазақ саз өнерінің тағы бір байлығы ғашықтық әндері. Есімдері бүгінге жеткен және жетпеген, әншілер мен ақындар шығарған ғашықтық әндер сансыз көп. Солардың арасында ең белгілері Біржан салдың «Ләйлім шырақ», Ақан серінің «Балқадиша» әндері. Бұл әндер бүгінгі кезде де жиі орындалады.

Қазақ әншілерінің шығармашылық тарихында бірден бірнеше қызға арнап шығарған әндер де баршылық.

Осындай әндердің бірі атақты әнші Ғарифолла Құрмағалиұлы шырқаған, кейін атақты «Дос-Мұқасан» тобы заманауи деңгейде өңдеп жаңа бір танымалдылыққа ие болған «Он алты қыз» әні. Бұл әнді атақты әнші Мұхит Мералыұлының немере інісі Шынтас Қаратайұлы шығарған.

Қазақ радиосы әндерінің алтын қорында «Жиырма тоғыз қыз» атты ән де бар.

Ән арнау салты туралы Балтабай Адамбаев и Төлеухан Жарқымбекова «Ел аузынан» кітабындамыдай оқиғаны баяндаған:

«Ерте кезде Түлкілі деген жайлауда жатқан қалың елге Зайсан жақтан Арқаға қарай жолаушылап кетіп бара жатқан Қали деген өзі әнші, өзі сері жігіт бес-алты жолдасымен келе қалады. Сыйлы қонақтарды мал сойып, сияпатпен қарсы алған ауыл жастары кешке қарай жиылып, ауыл сыртына алтыбақан құрады, оған қонақтарды да шақырады. Олар ауылдың алты ауызын айтқан соң қонақ кәде сұрайды. Сонда Қали алтыбақанға жиналған барлық елу үш қыз-келіншектің атын екі шумақ өлеңге сыйғызып, табанда жаңа ән шығарып беріпті».

«Елу үш қыз» әні осылай пайда болған екен:

Басында Бақалының қара тұз бар,
Шетінде дарияның қатқан мұз бар.
Дейтұғын Зәйдә, Күлән, Гүлсім, Жанат,
Зағила, Мария, Төлеу, Райхан қыз бар.

Қайырмасы:
Алуа-ай, Ырысалды, Гүлнұр-ай,
Нәзигүлдің пиғылы-ай.
Әдейі іздеп келгенде,
Күтіп алмай құрғыр-ай!
Ахау, Нұрыш-ай, Күніш-ай,
Рәзия, Біліс-ай.
Көкен менен Төкен-ай.
Есен менен Бөкен-ай.
Дәмегүл мен Жаңылдық,
Біз қалқаны сағындық.
Ахау, Айқатша, Әйімхан,
Күлбалдан мен, ей-уай, Күлімхан!

Еседі жанға жайлы таңнан самал,
Қалқаммен кездесетін бар ма амал?
Рахима, Нұрғиза мен Сақан, Дәмеш,
Бағила, Меруерт, Маржан, Ғайни, Камал.

Қайырмасы:
Айша-ай, Нұрлығайын, Кәмила-ай,
Қапия мен Жәмила-ай.
Дидарласып сөйлеспей,
Қайда кеттің Сәлима-ай.
Ахау, Жәния-ай, Сәния-ай.
Қаншайым, Пәния-ай.
Рабиға мен Рәш-ай,
Кемелхан мен мен Күләш-ай,
Жарқын мінез Жамалым,
Тапсаңшы өзің амалын.
Ахау, Айнагүл, Сандуғаш,
Қош-есен бол, ей-уай, Қарлығаш!

Ән мәтіні қыз-келіншектердің өтініші керемет шеберлікпен орындалғанының тамаша көрінісі. Бұл оқиға қазақтардың суырып салып өлең шығаруда алдына жан салмайтын өнер иелері екенін дәлелдейді.

Ән ханшайымы «Қорлан»

Қазақтың «Ән арнау» салтының ең белгілісі, ән ханшайымы деген атқа ие болған «Қорлан» әні. Бұл әнді қазақтың белгілі сазгер әншісі Естай Беркімбайұлы жиырма жасында, Қорлан Сұлтанқызына арнап шығарған.

Осы бір аты аңызға айналған әннің шығу тарихын қазақ әдебиеті тану ғылымының белгілі қайраткері Қайым Мұхамедханұлы, 1939 жылы тамыз айының аяғында 71 жастағы әншінің өз аузынан жазып алған екен:

« — Өзіңіздің тұңғыш шығарған төл әніңіз қайсысы, — деп сұрағанымызда қарт ақынның қабағы түйіліп, терең бір ойға батқандай болды да:

— Оның несін айтасың, ол бір өле-өлгенше іште кетіп бара жатқан арман ғой...

...Жүрегімді жарып шыққан тұңғыш әнім өздерің білетін «Қорлан» еді. Бұл әнді жиырма жасымда шығарған едім. Ол бір ұзақ хикая, — деп әнші терең күрсініп, тағы тынып қалды. Қолқалап қоймаған соң жарты ғасыр бұрын басынан кешкен махаббат драмасын баппен бастап, ұзақ әңгімеге кетті. Ертіс елінің азаматы, Сүлеймен баласы Шошан деген жігіт Маралды болысы, Қыпшақ еліндегі қайнына күйеушілеп баратын болады да, сонау 150 шақырым жерден мұны шақыртып бірге ала кетеді. Естай бастатқан жолдастарымен келген күйеуді қайынжұрты құрметтеп қарсы алады. Маралдының үлкен ел билеушілері — Сұңқар деген болысы, Сұлтан деген биі бар екен. Сұлтанның бойжеткен, екі сұлу қызы бар-ды: үлкені — Қорлан, кішісі — Құсни. Осы екі бойжеткен құдашалар той-думанның ортасында болады. Той-думанның гүлі, әрі әнші, әрі ақын, сегіз қырлы жігітке Қорланның көңілі ауады. Естай да қызды ұнатады. Сөйлеседі, сырласады. Қорланның айттырып қойған жері бар екен. Сүйіскен екі жас сол жолы серттесіп, сөз байласады. Естай келесі жылы Қорланды алып қашпақ болып, Қржахмет деген досымен қыз ауылына жасырын келеді. Сұлтан аылының Естайға тілектес Әбділда, Нұрғазы деген жігіттері де бар екен. Үш қамыс көлін жайлап отырған Сұлтан ауылын қанша торыса да, қызға жолыға алмайды. Ақыры істің сәті түспейді. Бұлардың сырын сезген Сұлтан құдасына хабар айтып, Қорландың тездетіп ұзатып жібереді. «Қорлан» әнінің қысқаша тарихы осылай екен.

Естай әңгімесін аяқтап, бір күрсініп қойып, домбырасын қолына алып, қоңырлата тартып отырды.

Осындай классикалық әнін тудыруға себеп болған сүйген жары — Қорланын Естай өле-өлгенше есінен шығарған емес. Ол ұзатылғаннан кейін алты жылдан соң Шот қаласының маңында, Шұқыр дейтін жерде тұратын Қорланды іздеп барып, жүздеседі. Қорлан туралы әңгіме қозғағанда: «Мынау Қорланның көзі ғой» деп қолындағы жүзікке көзін сүзіп, қарап отырушы еді».

Аты аңызға айналған ән

Бұл ән бүкіл қазақ даласын шарлап кетеді. Естай мен Қорланның арасындағы ғашықтық оқиғасы аңыз болып айтылды. Қазақстанда бұл әнді білмейтін, қосыла алмай кеткен жүректер туралы естімеген жан жоқ шығар. Бұл әнді теледидардан да радиодан да жиі естуге болады. Әннің мәтінін көп адам жатқа біледі:

Бір қыз бар Маралды да Қорлығайын,
Табиғат берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жетпес,
Дариға арманым көп не қылайын.

 

Қайырмасы:

А-ха-ха-хау, арман,

Құсни, Қорлан!

Екі-ай бағлан,

Екеуі туған екен бір анадан.

 

Бозбала қапы қалма бұл жалғаннан.

Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған.

Өзіңдей боп жан тумас,

Туса туар, артылмас.

Бар ғаламды шарық та,

Уа, дариға, ләлулік тас.

Бағдат, мысыр, Шын, Машын,

Іздесем Қорлан табылмас.

 

Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл маңдай,

Ғашық жар сене артық тусын қандай.

Халіңнен қасіретті хабар білдір,

Жолыңа сарп ететін мал мен жанды-ай.

Қайырмасы:

1945 жылы ақын 77 жасында, ұлы ақын Абайдың туғанына 100 жыл толуын атап өтуге байланысты өткен салтанатты іс-шараға Қазақстанның астанасына  келеді. Осы күндері Естай ақын Таспиқ Құтжанұлының үйінде қонақта болады. Сол кеште Мұхтар Әуезұлы және басқа да белгілі өнер қайраткерлері болады.

Мұхтар Әуезұлының немере қызы Гүлнәр Разаққызы осы бір кеш туралы естелігінде Мұхтар Әуезұлының ақынмен сөйлескенін. Оның өмір жолынан көптеген мәліметтер білгісі келіп біршама сұрақтар қойғанын, ақырында жас кезіндегі ғашықтық әнін қалай шығарғанын айтып беруін өтінеді.

Сонда жастық шағын еске алған Естай қолына домбырасын алып «Қорланды» шырқаған екен. Ән айтылып болған соң Естайдың өзі де, Мұхтар Әуезұлы мен басқа қонақтар да көздеріне жас алыпты.

Қайтыс боларында Естай досына саусағындағы Қорлан сыйлаған сақинаны шешпеуін өтінген екен.

Ән арнау салты қазір де де бар. Бүгінгі ғашықтар да нақсүйерлеріне арнап әндер шығаруда.

Бердалы ОСПАН.

"Адырна" ұлттық порталы.

Жақында оқыңыздар:

ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ ҮМІТКЕРЛЕРГЕ КЕЗДЕЙСОҚ СЫЙЛЫҚ БОЛДЫ

Пікірлер