Туған жер туралы толғаныс

1706
Adyrna.kz Telegram

«Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен еліміздің, Отанымыздың дәулеті артуы үшін «Мен не істедім?» деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол.»

Н.Ә.Назарбаев

      Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы туған жеріме, Отаныма деген махаббатымды оятып, жүрегімді тербетті.о Осы мақаланы оқып шығып кең байтақ жеріміздің мен білмеген таңғажайып сырларымен таныстым. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы Алматының апорт алмалары, Есік өңірінен табылған «Алтын адам» туралы баяндап, Қазақстанның о баста түркі әлемінің бастау алған отаны екендігін шежіре етіп шертеді. Сонымен қатар, атқа міну мәдениетінің қазақ жерінде қалыптасқанын, археологиялық туындылардың бірі – аң стилі алғаш қазақ жерінен табылғандығын тілге тиек етеді.  Бұл мақаланың ерекшелігі-біздің туған жеріміздің, туған еліміздің кереметтерін паш етіп, дәріптеуінде. Осындай тарихы терең, керегесі кең жердің ұрпақтары мына біз бен сіз осы мақаланы жадымызда сақтап, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ету керекпіз.

     Болашақта маман-журналист болып, кәсіби еңбек жолымды бастасам ауыл мәселесін көтеретін едім. Күніне бірнеше рет шелектеп су таситын,  қыс түскенде отын жарып, пеш жағатын, құрғақ күні саз кешіп, жаңбырлы күні адам тұрмақ көлік жүре алмайтын ауылдар жайын көрсетіп, сол проблемаларды қозғайтын едім. Өз ауылым туралы айтар болсам, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін пеш жағады. Үлкен-үлкен жүк көліктері көп өтетіндіктен ауыл жолдарында шұңқырлар пайда болып, ауылдың жалғыз көпірі құлағалы тұр. Ауылымның іргесінде орналасқан  Кіші-Қарағай елді-мекенінде жолдың халі біздікінен бетер. Оқушылар мектепке дейін 2-3 шақырымдай жерді жаяу жүріп келеді. Оқушыларға арналған көлік, жолдарының нашарлығына байланысты балаларды ауыл сыртындағы аялдамаға тастайды. Ары-қарай 1,5 шақырымдай жол жүреді. Арнайы жаяу жүргіншілерге арнап темірден жасалған көпірлерінің жағдайы мүлдем қорқынышты. Кішкентай бала тұрмақ, ересек адам өтуге қорқады. Мінекей, осы ауылдарға ұқсас жағдайы ауыр ауылдарда барлығы жақсы болуы үшін аянбай атсалысқым келеді.

Біз-бүкіл түркі дүниесі басталған Ұлы даланың перзентіміз. Мұнымен жәй мақтанып қана қоймай, туған жердің гүлденуіне өз септігімізді тигізіп, барынша үлес қосу-біздің перзенттік парызымыз. Еліміздің ертеңі-біздің қолымызда. Осыны әрқашанда есте сақтайық. Бұл жай айта салған ұран емес. Бұл-болашақ журналистің ауылдың көкейтесті көп мәселесін шешкісі келетін жанайғайы. Егер көгілдір экран арқылы көрерменмен қауышу бақыты бұйырып, тележурналист болсам, сол құлағалы тұрағн көпірден өтіп, ауылды айналып өтетін автобустар жүре алмайтын жолдармен жүріп көрсетер едім. Өйткені, ол-факті, кәдімгі күнделікті өмірдің шырқыраған шындығы. Міне, сол шындықты айтып, жетер жерге жеткізіп, ауыл адамдарының рухын көтеріп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдау үшін журналист болғым келеді!

Тұрсынжан Лаура

Алматы облысы Іле ауданы Әли ауылындағы  22- орта мектептің 11 – сынып оқушысы

Пікірлер