Тұралаған техника, оңалмаған олқылық. Мәселенің өршуін күтеміз бе?

1619
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жазда Абай облысындағы өрт жергілікті және орталық төтенше жағдай департаменті мен бөлімдерінің жұмысына сын болды. Адырна порталы аймақтық төтенше жағдай нысандарына хабарласып, олардың оқыс жағдайға қаншалықты дайын екенін тексеріп көрді. Алайда Алматы, Астана сияқты ірі мегаполистер біршама техникамен жабдықталғанымен де кейбір заманға сай керек-жарақтың олқылығы көрініп қалды. Басқа да облыстарда шешілмеген түйін жетерлік.   

Бұған дейін аdyrna.kz ұлттық порталы еліміздің Төтенше жағдайлар департаменті қаншалықты техникамен қамтамасыз етілгенін жазған болатын. Астана мен Алматы секілді қалалардың «қағанағы қарқ» болғанымен облыстың олқы тұсы байқалып қалды. Айтып келмейтін апат кезінде аймақтағы төтеншеліктердің техникасы сақадай сай ма?

43 ПАЙЫЗДАН АСТАМ ТЕХНИКА ЕСКІРГЕН

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департамент басшысының орынбасары Әбіл Оразовтың Адырнаға айтуынша, аймақта 204 бірлік автокөлік құралы бар. Алайда азаматтық қорғау полковнигі оның 89-ның (автокөліктің жалпы санының 43,4 пайыздан) пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткенін жасырмады.

«Қостанай облысы гарнизонының өрт-құтқару бөлімшелері тиістілік нормаларының тек 49 пайыз жарақтандырылды, алайда үлгілік, жаңа және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келетін өрт деполары мен құтқару станцияларының болмауына және пайдалануға берілуіне байланысты бөлімшелерді 100 пайыз көлемде жасақтау мақсатында техниканы орналастыруға арналған машина орындарының жетіспеуі байқалады. Осыған қарамастан, жыл сайын республикалық және жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен өз ресурсын әзірлеген өрт сөндіру техникасын жоспарлы ауыстыру жүргізілуде. Облыс гарнизонында өрт сөндіру және құтқару техникасының қажетті санының болмауы, жоғарыда айтылғандай, жаңа өрт сөндіру деполары құрылысының болмауына байланысты сезіледі», – дейді ол.

Әйтсе де ол осы жылы автокөлік құралдарын, авариялық-құтқару жабдықтарын, киім-кешектерді сатып алуға республикалық бюджеттен – 908 485,5 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен 784 000 мың теңге бөлінгенін ескертті. Сондай-ақ Әбіл Оразов 2020 жылы 512 982,0 мың теңге, 2021 жылы 368 009,0 мың теңге, 2022 жылы 801 408 мың теңге қаржы бөлінгенін айтты.

53 ӨРТ СӨНДІРУ ТЕХНИКАСЫ ЖЕТІСПЕЙДІ

Ал Қостанаймен көршілес жатқан Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жағдайы бір-бірімен шамалас.  Облыстық Төтенше жағдайлар департамент басшысының орындасбары Дмитрий Растихиннің Адырнаға айтуынша, аймақтың техникамен жарақтандыру деңгейі 76,7 пайызды құрайды.

«Қазіргі уақытта өрт сөндіру қызметі қызметінде 175 бірлік өрт сөндіру автомобильдері, оның ішінде: негізгі өрт сөндіру автомобильдері: – 89 бірлік (қосымша 40 бірлік қажет), арнайы өрт сөндіру автомобильдері – 12 бірлік (қосымша 4 бірлік қажет), көмекші техника – 74 бірлік (қосымша 9 бірлік қажет). Мәселен, 2020 жылы техникамен жарақтандыру – 64,4 пайыз, 2021 жылы – 73,2 пайыз, 2022 жылы – 73,6 пайыз және ағымдағы жылы – 76,7 пайыз болды», – дейді ол.

Дмитрий Растихиннің айтуынша, облысқа 53 өрт сөндіру техникасы қажет. Ол бөлінген қаражаттың аз екенін мойындады. Мысалы, 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі орта есеппен 200 млн. теңгеден бастап қазіргі уақытқа дейін шамамен 500 млн. теңгеге ұлғайғанын айтты.

90 ӨРТ СӨНДІРУ ТЕХНИКАСЫ ТОЗҒАН

Астананың іргесіндегі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің балансында 234 бірлік өрт сөндіру техникасы бар.  Департамент басшысының орынбасары Әсет Жақсылықовтың Адырнаға айтуынша, қажетті техникамен аймақты толық қамту үшін 13 бірлік негізгі және 19 бірлік арнайы техника қажет.

«Пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын 90 бірлік техника болғандықтан, бұл техниканы есептен шығару белгілі бір уақытты алатын бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Осыған байланысты жаңа өрт техникасын сатып алу қаржы қаражатының түсуіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Ағымдағы жылы техникалық базаны жарақтандыру үшін облыстық бюджеттен 606 647 000 теңге қаржы бөлінді. Техникалық базаны кезең кезеңмен жабдықтау үшін бөлінген қаражат жеткілікті», – дейді ол.

Облыстық Төтенше жағдай департаментіне 2020 жылы 352 458 000 теңге, 2021 жылы 250 666 700 тенге және өткен жылы 384 338 600 теңге бөлінген. Әйтсе де қанша қаржы бөлсе де, өрт сөндіру техникасының 90-ы тозған.

ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ АЙМАҚҚА 80 ТЕХНИКА ҚАЖЕТ

Солтүстік Қазақстан облысынан еліміздің батыс аймағында да жағдай оңып тұрған жоқ. Мысалы Маңғыстау облысы Төтенше жағдай департаментінде бас-аяғы 127 бірлік әр түрлі мақсаттағы техника бар. Ал Өрт сөндіру авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрсұлтан Мырзағалиев аймаққа қосымша 80 бірлік техника қажет екенін айтады.

«Ағымдағы жылы барлығы 42 бірлік автокөлік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен және лизинг қаражаты есебінен 40 бірлік әр түрлі мақсаттағы автокөлік сатып алу үшін ағымдағы жылы жалпы соммасы 891 868 912 тенге бөлінді, республикалық бюджет есебінен 2 бірлік автоцистерна сатып алу үшін жалпы соммасы 201 000 000 тенге бөлінді. Қазіргі таңда өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге техникалар жеткілікті», - дейді ол Адырнаға.

Нұрсұлтан Мырзағалиевтың айтуынша, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы  2020 жылы – 2 196 262 500 тенге, 2021 жылы – 2 207 686 000 тенге, 2022 жылы – 2 276 319 700 тенге қаражат бөлінген.

АТЫРАУДЫҢ АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСІП ТҰР

Маңғыстау облысынан қарағанда Атырау облысының жағдайы «бес» болып шықты. Департамент басшысының орынбасары Асхат Ержановтың Адырнаға айтуынша, облыс қажетті техникамен 100 пайыз қамтылған.

«Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызмет» ММ теңгерімінде әр-түрлі мақсаттағы 140 бірлік автокөлік бар. Оның ішінде, 65 бірлігі – негізгі, 21 бірлігі – арнайы және 54 бірлігі – көмекші құрал. Облыс аумағында орналасқан 14 бірлік өрт сөндіру бөлімдерінде автокөлікке арналған орындарды есептесек, облыс қажетті техникамен 100 пайыз қамтылған», – дейді ол.

Мұнайлы астана саналатын Атыраудың өрт сөндіру техникасымен 100 пайыз қамтамасыз етілгені қара алтынның арқасы шығар. Қаржы демекші жергілікті бюджеттен аймақтың Төтенше жағдайлар департаментіне 2020 жылы – 193384,0 мың теңге, 2021 жылы – 152320,0 мың теңге және былтыр 924692,0 мың теңге бөлініпті.

БАТЫСТЫҢ БҮЙІРІ БҮТІН ЕМЕС

Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде негізгі, арнайы және көмекке тағайындалған 195 техника бірлігі бар. Департамент басшысының орынбасары  Рашид Бляловтың Адырнаға айтуынша, облыстың бекітілген нормаға сәйкес жалпы жабдықталуы 87 пайызды құрайды. Яғни толық жасақтауға дейін 29 бірлік техника сатып алу қажет.

«Қазіргі уақытта өрт сөндіруге арналған көп функционалды (газбен-сумен (бумен-сумен сөндіретін) автомобиль, роботтандырылған өрт сөндіру платформасы (робототехника), автокөбіккөтергіш, пилотсыз ұшу аппараттары, гидроциклдер, квадроциклдер тәрізді техникалардың тапшылығы сезіледі», – дейді ол.

Департаментке облыстық бюджеттен 2020 жылы – 479180,8 мың, 2021 жылы – 633938,7 мың және 2022 жылы – 223108,6 мың теңге қаражат бөлініп, төтенше жағдайларды жою техникалары мен құрал-жабдықтарын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

АҚТӨБЕДЕ ӨРТ СӨНДІРУ ТЕХНИКАСЫ АЗ

Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаевтың Адырнаға айтуынша,  облыста жалпы саны 316 бірлік әр-түрлі мақсаттағы өрт сөндіру техникасы бар.

«Қазіргі таңда жауынгерлік есепте 195 бірлік автокөлік тұр. Қамтамасыз ету нормасына сәйкес, әртүрлі мақсаттағы өрт сөндіру техникасымен 61,7 пайызға қамтамасыз етілген.  Облыстағы жағдайға орай Қызмет есебіндегі өрт сөндіру автокөліктерінің саны үлкен төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және тез арады жоюға жеткіліксіз. Атап айтқанда, мұнай және газ кен орындары мен биік ғимараттардағы ТЖ жоюға арналған арнайы өрт сөндіру техникалары қажет етеді», – дейді ол.

Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 2020 жылы – 506,4 млн. теңге, 2021 жылы – 1 151,3 млн. теңге және 2022 жылы – 1 111,6 млн. теңге қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінген.

ЖЕТІСУ «ЖЕТІСІП» ТҰРҒАН ЖОҚ

Жетісу облысы төтенше жағдайлар Департаменті басшысының орынбасары Қанат Алтынбековтың Адырнаға айтуынша,  облысты 63 бірлік қосымша көлікпен жабдықтау қажет.

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Жетісу облысы ТЖД ӨҚ және АҚЖҚ» РММ қазіргі уақытта нормативтік құжаттарға сәйкес, барлық қажетті өрт сөндіру автокөліктерімен толық қамтамасыз етілмеген.  Түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан халықты қорғау бойынша жүзеге асырылатын шаралардың көп векторлылығын ескере отырып, автокөлік паркінде әртүрлі мақсаттарға арналған автокөліктер бар. Дегенмен, төтенше жағдайларды жоюға және халықты құтқару жұмыстарына басым бөлігін өрт сөндіру көліктерінің жұмысына түседі. Азаматтық қорғау органдарының автокөлік паркінің мерзімді жаңаруына, елді мекендер санының өсуіне, сондай-ақ халықты төтенше жағдайлардың барлық жағдайлардан қорғауға арналған азаматтық қорғау органдарының жаңа бөлімшелерінің ашылуына байланысты қажетті көлік саны жеткіліксіз. Осыған байланысты азаматтық қорғау органдарының бөлімшелерін қажетті өрт сөндіру автокөліктерімен толықтыру бойынша барлық қажетті шаралар тұрақты түрде жүргізілуде», – дейді ол.

Сондай-ақ ол  Жетісу облысының құрылғанына бір жыл ғана болғанына байланысты қаржы ресурстарының көлемін анықтау мәселесі бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу мүмкін емес екенін ескертті.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» порталы

Пікірлер