Интернет үшін тентіреген түркістандық мұғалімдердің проблемасы шешілетіні айтылды

2390
Adyrna.kz Telegram

"Күнделікті" толтыру үшін көрші ауыл мен тау-тасты аралаған ұстаздар мәселесі шешілетіні хабарланды. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Аққұм ауылында интернет сапасы жақсаратын болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Олардың мәліметінше, "Транстелеком" компаниясымен бірге аталған ауылдағы байланыс және интернет сапасын жақсартуды қолға алады.

«Транстелеком» АҚ Түркістан облысының Аққұм ауылында секундына 20 Мбит-ке дейін интернетпен және радиорелелік көпір технологиясы бойынша лимитсіз трафикпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді», - деп атап өтті Цифрлық даму министрлігінен.

Айта кетерлігі, Цифрлық даму министрлігі байланыс саласында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірледі. Аталған жоба аясында Аққұм ауылын қоса алғанда 3 мыңнан астам елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісі қызметімен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара қарастырылған.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге Қазақстандағы интернет пен байланыс сапасы туралы бірнеше сауал қойылған болатын. Астана мен Токиодағы интернет жылдамдығын салыстырудан бас тартқан министрге  тағы да бірнеше сұрақ қойылған болатын. Ал министр  5G байланысы ауылдық жерлерге еніп жатқан жоқ екенін айтады. Базалық станцияны орнату әзірге тек маңызды қалалар мен облыстарда жүзеге аспақ.

Еске сала кетейік, интернет салған  сарсаңға қатысты ауылдағы бастауыш сынып мұғалімі Құралай Қожабергенова:

- ...Жұрт күледі Аққұмның мұғалімдері сыған сияқты жүреді немесе қыдырып жүреді деп. "Бұларға рахат" дейді. Бізге рахат емес. Қараусыз бала-шаға. Мектепте отырсақ жақсы емес пе, көп нәрсе істейміз ғой. Уақыттың бәрі жолға кетеді. Қайтарда жаяу-жалпы қайтамыз. Біз мектепте не үйде емеспіз. Аққұм мұғалімдері сығандар сияқты деп келекелейді,немесе біздің қалай демалып жатқанымызды қараңыздар дейді. Бірақ күлуге де уақытымыз жоқ, - деген еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер