3 жылдық һәм 6 күндік баспасөз хатшылары. Сотталғаны да, ақталғаны да бар

5250
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздіктен бері Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметін он жеті адам атқарды. Олардың арасында сотты болғандары да, мерзімін өтегеннен кейін ақталғаны да бар. Ұзағы – үш жылдан, азы – алты күндік қызмет еткендері ұшырасады. Президенттің баспасөз хатшысын қайтара атқарғаны да кездеседі. «Адырна» Президенттің баспасөз хатшыларын түгендеп көрді.

Қыркүйектің 12-сі күні Мемлекет басшысының өкімімен Берік Уәли Президент кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл оның Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне екінші рет қайтып оралуы болды.

Бір қызығы - Берік Уәлидің бұл келісінің алдында осы қызметті бас-аяғы алты-ақ күн атқарған Нұрмұхамед Байғараев Президенттің баспасөз хатшысы ғана болып тағайындалған. Ал соңғы хатшыға Президент кеңесшісі қызметі қоса жүктеліп отыр.

Бұған дейінгі Президент баспасөз хатшылары кім болды және несімен ерекшеленеді?

 

 

1.Ғаділбек Шалахметов

Қызмет еткен уақыты: 1990-1991

Ғаділбек Шалахметов Нұрсұлтан Назарбаев ҚазКСР басшысы болып тұрған кездегі баспасөз хатшысы болды. Мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалаушы ретінде танылған. Кейін «ҚазАқпарат» агенттігінің президенті болды.

300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың авторы, сценарист.

2009 жылдан бастап Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.

2. Сейітқазы Матаев

Қызмет еткен уақыты: 1991-1993

Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның Президенті кезіндегі тұңғыш баспасөз  хатшысы болды.

Тәуелсіз мемлекеттің басшысы Назарбаевпен болған түрлі кездесулер мен тарихи оқиғалардың куәсі.

Сейітқазы Матаев ҚазТАГ агенттігінің негізін қалаушы. Ол Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарады.

2016 жылы оған мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттауға бөлінген мемлекет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Бірақ жұртшылық ол жай ғана билікке ұнамады деп есептейді. Ол салық төлеуден жалтарды және 600 миллион теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деп айыпталып 6 жылға сотталды. Ұлы Әсет Матаев 6 жылға кесілді. 2022 жылы Жоғарғы сот Матаевтарды толықтай ақтады.

3. Нұрлан Дәненов

Қызмет еткен уақыты: 1993-1994

Аталған жылдардағы хатшылық қызметке дейін Дәненов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс елдері бойынша бөлім бастығы қызметін атқарған. Дипломат.

Тәуелсіз Қазақстанның бірнеше Еуропа елдеріндегі елшісі қызметін атқарған. Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, кейін орынбасары болған. Төтенше және өкілетті елші рангісіне ие.

«Құрмет белгісі», «Ұлы Григорий орденінің Ұлы Кресті», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

4. Дулат Қуанышев

Қызмет еткен уақыты: 1994-1996

Кейін көбінесе сыртқы саясат саласында қызмет атқарған. Дипломат. Бірнеше елде елші болған.

Жеті тілді жетік меңгерген Қуанышев соңғы қызметінде Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

 

5. Қырымбек Көшербаев

Қызмет еткен уақыты: 1996-1997

Әртүрлі қызмет баспалдағынан өткен ол Қазақстан үкіметінде, облыстарда әкім қызметін атқарды. Министр болды. Үкімет басшысының орынбасары, Президент аппаратының жетекшісі болған ол бірнеше елде елшілік қызмет атқарды.

Көшербаев Маңғыстау облысының әкімі болып тұрғанда Жаңаөзен оқиғасы өріс алды.

Соңғы атқарған ресми қызметі мемлекеттік хатшы болды.

Қырымбек Көшербаев қазіргі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі ретінде аталады.

6. Қайрат Сарыбай

Қызмет еткен уақыты: 1997-1998

Мамандығы шығыстанушы Қайрат Сарыбай да өзге әріптестері секілді Қазақстанның елшіліктерінде қызмет атқарған. Бірнеше елде елші болған.

Сыртқы істер министрінің орынбасары, Президенттің протокол қызметін басқарған. Президент көмекшісі қызметін атқарған.

Қазір Азиядағы өзара ықпалдастық және Сенім шаралары кеңесінің бас хатшысы.

7. Асылбек Бисенбаев

Қызмет еткен уақыты: 1998-2001

Асылбек Бисенбаев аталған қызметте ұзақ жұмыс істеген мамандардың бірі. Баспасөзде, зерттеу орталықтарында қызмет атқарған.

Президенттің баспасөз хатшысы болар қарсаңда Қазақстан лиебералдық қозғалысының жетекшісі болған

Тарих ғылымдарының кандидаты, Журналистика академиясының академигі.

8. Жанай Омаров

Қызмет еткен уақыты: 2001-2004

Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен кеткен соң Жанай Омаров «ҚазАқпарат» агенттігінің президенті болды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі деңгейіне көтеріліп, мансап жолын «Нұр-Медиа» ЖШС бас директоры қызметімен аяқтады.

 

 

 

9. Мұхтар Құл-Мұхаммед

Қызмет еткен уақыты: 2004-2006

«Атамұра» баспасының негізін қалаушы.

Заң ғылымдарының докторы, 2007-2008 жылдары Қызылорда облысының әкімі болды. Бірнеше рет сенат депутаты болды. Ақпарат және мәдениет министрі, мәдениет минитсрі қызметін 4 мәрте атқарып, қайтара тағағындалуымен есте қалған. Президенттің кеңесшісі, Мемлекеттік хатшы, «Нұр-Отан» партиясы төрғасының бірінші орныбасары қызметтерін атқарған. Мемлекеттік қызметтегі өтілін Сенат депутаттығымен тәмамдады.

10. Ерлан Байжанов

Қызмет еткен уақыты: 2007-2008 жылдары

Баспасөзде, ресми баспасөзді біріктірген холдинге басшылық қызмет атқарды.

Министрдің орынбасары болған. Бірнеше елде Қазақстанның елшісі қызметін атқарған.

 

 

11. Бейбіт Исабаев

Қызмет еткен уақыты: 2008-2009 жылдары

Баспасөзде басшылық атқарған. Әкімдіктерде түрлі қызметте болған. Қазақстан үкіметінде қызмет атқарған. Бірнеше елде Қазақстанның елшісі қызметіне тағайындалған.

2022 жылдан бері Жетісу облысының әкімі.

 

12. Бағлан Майлыбаев

Қызмет еткен уақыты: 2009-2011

2011 жылдан 2016 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды. Вице-министр болған.

Майлыбаев 2017 жылы "мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату және жария ету" ісі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сол негізде барлық мемлекеттік марапатынан айрылып, дүние-мүлкі тәркіленген.

Кейіннен оның 2020 жылы мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаны хабарланды.

13. Дәурен Абаев

Қызмет еткен уақыты: 2011-2016

Кейіннен Абаев Ақпарат және Қоғамдық даму министрі қызметін атқарып, ағымдағы жылдың шілде айынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына ауысты.

 

 

14. Айдос Үкібай

Қызмет еткен уақыты: 2016-2021 жылдары

Президенттің баспасөз хатшысы болар алдында «Хабар» агенттігін басқарған. Ол Президенттің баспасөз хатшысы болып жүргенде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен қызметінен кетті. Кейіннен Айдос Үкібай Елбасының баспасөз хатшысы – кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

 

15. Берік Уәли

Қызмет еткен уақыты: 2019-2022

Берік Уәли Нұрсұлтан Назарбаев қызметтен кеткеннен кейін келген Ақорданың баспасөз хатшысы болды. Бұл қызметтен кеткеннен кейін «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

 

16. Руслан Желдібай

Қызмет еткен уақыттары: 2022-2023 жылдары

2023 жылдың қыркүйегіне дейін хатшылық қызмет тізгінін ұстаған Руслан Желдібай Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

 

 

17. Нұрмұхамед Байғараев

Қызмет еткен уақыты: алты күн (07.09.2023ж. жарлыққа сәйкес)

Нұрмұхамед Байғараев 7 қыркүйектегі Президент жарлығына сәйкес баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған болатын. Алайда жаңа лауазым иесі алты күннен кейін денсаулығына байланысты хатшылық қызметтен кететінін мәлімдеді.Байғараев Президенттің баспасөз хатшысы қызметін ең қысқа мерзім атқарғанымен есте қалды.

 

18. Берік Уәли

Президент өкімімен 2023 жылдың 12 қыркүйегінде баспасөз хатшысы қызметіне қайта тағайындалды.

Берік Уәли екі рет баспасөз хатшысы болып тағайындалғанымен ерекшеленеді. Екінші рет тағайындалуында Президент кеңесшісі деген үстеме қызметі бар.

 

 

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер