Нұр-Сұлтан жатақханасында өрт: 11 бала ауруханада жатыр

1709
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданындағы Халел Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан бес қабатты жатақханада өрт шықты. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының стационарлы қызметті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Аслан Жангереевтің айтуынша, өрт салдарынан 26 адам ауруханада жатыр, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

«Бүгін сағат 10:39-да төтенше жағдайлар департаментінің 101 пультіне Байқоңыр ауданы Халел Досмұхамедұлы көшесіндегі бес қабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. 8 минуттан соң оқиға орнына бірінші болып өрт сөндіру бригадасы келіп жетті. Бес қабатты жатақхананың екінші қабатында жиһаз өртеніп, өрт 20 шаршы метрді шарпыған. Өрт сөндірушілер автосатының көмегімен 32 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Жедел жәрдем көлігі 26 адамды, оның ішінде 14 баланы ауруханаларға жеткізді. Қазіргі кезде 11 бала ауруханада жатыр", - деп айтты Жангереев.

Оқиға орнына қала әкімі Бақыт Сұлтанов, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Марғұлан Аманбаев барды.

Өрт сөндірушілердің барлық іс-қимылы жатақхананың жоғарғы қабаттарынан үш бағаналы, 3 шабуыл сатысы, құтқару арқандары және АЛ-30 көмегімен адамдарды құтқаруға бағытталды. Сондай-ақ зардап шеккендерді іздестіру үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары қосымша жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді іс-қимылдары негізінде 32 адам құтқарылды, оның ішінде 28-і бала. Өрт толығымен сөндірілді.

Өрт сөндіруге жеке құрамнан 66 адам және Өрт сөндіру қызметінің 18 техникасы жұмылдырылды. Өрттің себебі анықталып жатыр.

Пікірлер