Home » Жаңалықтар » Тіл тағылымы – білім көкжиегі

Тіл тағылымы – білім көкжиегі

Жаңғырудың үшінші кезеңіне қадам басқан Қазақ елінің тарих  қойнауына кеткен ақтаңдақтарын қайта жандандырған «Мәдени мұра» бағдарламасының тағылымы үлкен әлемге жол ашатын шет тілдерін білу –  тұлға  болып қалыптасудың алтын баспалдағы екенін дәлелдеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында университет қабырғасында атқарылып келе жатқан ауқымды іс-шараларға өз үлесін қосып келе жатқан бірден-бір құрылымдық бөлім.

2019 жылдың 23-сәуірі күні ҚазҰУ Шығыстану факультетінде Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы оқытушы-профессорларының ұйымдастыруымен 27-сәуірге дейін жалғасқан «Араб тілі» апталығының салтанатты ашылуы соның айғағы.

Араб тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен өнері қатар көрініс тапқан араб мәдени апталығының ашылуында ресми сөз алған факультет деканы PhD Ықтияр Палтөре салтанатты шараға арнайы келген шетелдік және отандық қонақтар мен ғалымдарды, оқытушылар мен ізденуші студенттерді апталықтың ашылуымен құттықтап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыс тілдеріне әсіресе араб тіліне ерекше көңіл бөлетіндігін себебі, ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды қайта зерделеу бағытындағы мемлекеттік дәрежедегі өте ауқымды және маңызды жобаларды іске асыру ортағасырлық өркениет тілдерінің бірі  – араб тілімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған мысырлық профессор Әбулфутух Сабри факультет қабырғасында ұйымдастырылып отырған тіл апталығының табысты өтуіне сәттілік тілей отырып, араб тілінің қыр-сырын меңгертіп жүрген кафедра оқытушылары мен зерделі студенттерге өз алғысын жеткізді.

Сөз соңында доктор Әбулфутух Мысыр Мәдени орталығының директоры, атташе Ранда Ризқтың «Араб тілі апталығына» арнаған құттықтау сөзін жеткізіп, бір апта бойы жалғасатын іс-шараға Орталықтың Мысыр өркениетінен сыр шертетін экспонаттардан тұратын ашық көрме ұйымдастыруға атсалысып отырғанын айтты.

Апталықтың алғашқы күні кафедра ұстаздарының басшылығымен ұйымдастырылған студенттердің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Араб тілінде шырқалған ән мен ортағасырлық араб ақын-шайырларының поэзиясынан үзінді оқып, араб тіліндегі шешендік өнердің құдіретін паш еткен сахналық қойылымдар білім алушылардың тілдік деңгейін көрсетті.

Араб тілі апталығы аясында ұйымдастырылған мәдени іс-шараға арнайы ат басын тіреген морокколық ғалым, Хасан ІІ университетінің профессоры Мария Туфик кафедра оқытушылары мен студенттерге Морокко ЖОО-дағы оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен білім алушыларға мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар, әртүрлі деңгейдегі ерекше мүмкіндіктер, Мороккодағы тілдік жағдай: өткені мен бүгіні туралы баяндап, әдеби араб тілі мен жергілікті диалектілерді меңгерудің араб тілін үйренушілерге әсіресе шетелдіктер үшін маңыздылығына тоқталды.

Апталық кафедра оқытушысы доктор Муаз Сабридің елтану тақырыбында викториналық сұрақтарға құрылған студенттераралық тіл сайысымен қыза түсті. Араб тілі бөлімі студенттерінің тілдік тәжірибелерінің сын сағатына айналған бұл бәсеке білім алушылардың араб елдері мен тіліне, өзіне тән дәстүрі мен географиялық ерекшеліктеріне деген қызығушылықтарын арттыра түскен мол мағұлматтармен ерекшеленді. Шара соңы араб әдеби тіліндегі деректі фильмді тамашалаумен жалғасты.

Бір аптаға созылған тіл апталығында Араб Шығысының тылсым құпиясы тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен өнері, дәстүрі мен әдеп-ғұрпы, ұлттық тағамы мен әшекейлі киімдері қат-қабат тоғысқан түрлі жанрдағы іс-шаралар арқылы толық картинада ашыла түсті.

Апталықтың соңы араб бөлімі студенттері арасында өткен араб мақал-мәтелдері мен араб поэзиясының озық үлгілерінен жыр-шумақтар оқыған студенттер арасындағы сайыстың қорытындысымен өз мәресіне жетті. Араб тілі апталығының жабылу салтанатына арнайы келген Мысыр Мәдени орталығының директоры Ранда Ризқ білім алушылардың араб тілін үйренуге, араб мәдениетін, салт-дәстүрін меңгеруге деген аса қызығушылығы мен ерекше талпыныстарына өз ризашылығын білдіріп, студенттерге оңтайлы оқу үдерісі мен пайдасы мол шетелдік тілдік тәжіриелерді ұйымдастырып, жан-жақты  мүмкіндіктер туғызып отырған университетке, факультет басшысына зор алғысын жеткізді. Мысыр мәдени өкілі студенттер мен іс-шараның өтуіне атсалысқан кафедра оқытушыларына арнайы алып келген сый-сыяпатын табыстады.

Факультет басшысы Ы.Палтөре апталықтың жабылу салтанатымен құттықтап, шараның өтуіне қолдап көрсеткен Мысыр Мәдени орталығын, мысырлық шақырылған профессор Әбулфутух, Йордания университетінің өкілі Сабри Муаз және кафедраның ұйымдастырушы оқытушы-профессорларын арнайы сертификаттармен марапаттады. Сондай-ақ, апта бойы белсенділік танытқан студенттерге берері мол тағылымды кітаптар мен қаржылай сыйлықтар ұсынып, болашақтарына толағай табыстар тіледі.

Шара соңы бөлім студенттерінің әзірлеген түрлі араб ұлттық тағамдарының тартылуы мен араб дәстүрінде шәй әзірлеу рәсімімен жалғасты.

Айдынгүл Хаван, 

ҚазҰУ аға оқытушысы

Шығыстану факультеті

«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Семейде “Birge – taza Qazaqstan”акциясы жалғасуда

Жеті мыңнан астам қала тұрғыны Ертіс жағалауын,Шығыс, Нахаловка және Степной кенттерін қоқыстан тазартты. Нәтижесінде 141 ...