“Білім күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұлықталуы тиіс”

2355
Adyrna.kz Telegram

Тарихшы, зерттеуші Әділет Жағыпар “білім күні қарсаңында ұлт ұстазы қоса ұлықталуы тиіс” екенін жеткізді, деп хабарлайды “Адырна”. 

Елімізде қыркүйектің алғашқы күні - Білім күні мерекесі. Атаулы күні оқушылар, 1 сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер, шәкіртке білім беруге асыққан ұстаздар мектепке асығады.

Ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған білім алушы әріпті танып, әліппемен сусындайды. Ал қазақ әліппесін өмірге әкелген - Ахмет Байтұрсынұлы.

Бүгінде тарихшы, зерттеуші Әділет Жағыпар әлеуметтік желідегі парақшасында сұхбатпен бөлісіп, жазба қалдырды.

“Былтыр бауырымды 1 сыныпқа апардым. Сол мектепте 1 қыркүйек Білім күні Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы бірде-бір сөз айтылмады...

Содан былтырғы Айжаркын қарындасыма берген сұхбатымда осы мәселені көтердім. Жылда тойланатын Білім күнінде неге Ұлт ұстазын ұлықтамасқа?

Білім беру мекемелері өздері білсін қандай форматта өткізетінін, ең бастысы баланың жүрегіне Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айтқан ойларын сіңдіре алсақ біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білемін”,-деді желі қолданушысы.

Сондай-ақ “ұлт ұстазы” атанған Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың арғы-бергі тарихынан терең сауаты болған, қиындықтан құтылудың жол­ы ең бірінші халықты ояту мен білімге жетелеу деп есептеген.

Пікірлер