Алматыда "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, президент сайлауына "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан өз үміткері ретінде белгілі саясаткер Әміржан Қосановты ұсынатынын мәлімдеді
"Ұлт тағдыры" қоғамдық қозғалысы Қазақстан президенттігіне Әміржан Қосановтың кандидатурасын ұсынды , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан
Осыған дейін Әміржан Қосанов Қазақстандағы оппозициялық партиялар басын қосып, алдағы сайлауға өз кандидатурасын ұсынса, оны қолдап, қосшы болуға дайын екенін мәлім еткенін айтады.
"Алайда, өкінішке қарай, олар ауызбіршілік таныта алмады. Сондықтан алдағы сайлауға ұлшылдар өз үміткерін ұсыну туралы шешім қабылдап, мені таңдады. Бұл үмітті ақтауға тырысамын", - деді Қосанов баспасөз мәслихатында.
Әміржан Қосанов 1964 жылы Қызылорда облысы Сапақ ауылында дүниеге келген. Белгілі саясаткер. Негізгі мамандығы журналист. 1994-1997 жылдары Әкежан Қажыгелдин басқарған үкіметтің баспасөз хатшысы болды. 1998 жылы Қажыгелдин басқарған Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, 2005 жылы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2009 жылы ЖСДП мен Азат партиялары қосылды. Ол осы бірігуге ат салысып, партия басшылығында болған тұлғаның бірі. Дегенмен 2013 жылы партия ішінде іріткі болып, ол лауазымды қызметінен босады. Ал былтыр мамыр айында "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы құрылды. Оған "Ұлт тағдыры", "Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры", "Болашақ" жастар қозғалысы тәрізді бірнеше қоғамдық ұйым енді. Әміржан Қосанов та бүгіндері осы форумның мүшесі. Осылайша оппозициялық ұйымдардан көңілі қалған саясаткер соңғы кездері ұлтшылдар қатарына келіп қосылған.