Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюпов 10 жылға сотталды. Үкімді Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол Қылмыстық кодекстің 28-бабы және 312-бабы бойынша (1997 жылғы редакциясы) жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Аюповқа мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұдан бөлек ол Қылмыстық кодекстің 177-бабы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот бұл бап бойынша қылмыстық жауапқа тарту уақыты өтіп кеткенін айтты.
Бұған дейін экс-шенеунікке ірі жекеменшік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірді деген айып тағылған еді. Ол осы әрекет үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берген.
Айта кетейік, Рашид Аюпов өткен жылы наурызда Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі болып тағайындалды.
Ал 2019 жылдың шілде айынан 2021 жылға дейін Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарды.