«Бір - бірімізді түсіндік». Аманжол Әлтаев ат мінген ақынды қызғанды дегендерге жауап берді

5273
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook/Аманжол Әлтай
Фото: Facebook/Аманжол Әлтай

БАҚ беттерінде Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Қырғыз президенті Садыр Жапаровтан арғымақ мінген ақынды сынады деген ақпарат тараған болатын.  Бұл ақпараттан кейін көбі Аманжол Әлтаев Біржан Қалдыбаевты қызғанды деп кінәлауда. Дегенмен, ақын бұл туралы Facebook парақшасына жазба қалдырды.

“Біржан Қалдыбаев бауырыма жанашырлықпен айтқан сын пікірімді үдетіп түрлі сайттар бір - бірінен көшіріп алып шығарып жатыр екен. Желі қолданушылары арасында да мәселенің байыбына бармай, мені қызғаншақтық танытты деп сан саққа жүгіртіп жатқандар да бар екен.

Бүгін Біржан бауырыммен сөйлестік. Мен ағалық ақылымды жеткіздім, ол да інілік ізетімен өз пікірін айтты. Ең бастысы бір - бірімізді түсіндік деп ойлаймын. Мәселені дауға айналдырмай нүктесін қойып, сыйластықты сақтауға уағдаластық.

Біржанның тұлпар мінгеніне қызғанышпен қарады деген ешқандай қисынға келмейді. Бауырымыздың тұлпар мінгеніне тек қуанышпен қараймын. Өзім де өзге азаматтарға жылына бірнеше тұлпар мінгізіп жүрген азаматпын. Бір елдің атынан барғаннан кейін айтқан арнауы  көркемдік талапқа, эстетикалық талғамға, байыпты мазмұнға сай болса екен дедім”, деп жазды ол.

Айта кетейік, Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қазақстан Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевқа жауап берді.

“Мен әлеуметтік желілерден Аманжол Әлтаев бауырымыздың сөздерін оқыдым. Бұл әрине, ыңғайсыз үндеу болды.

Біріншіден, «елші мен жыршыға өлім жоқ», дейді. Елшілер елшілігін қылады. Жыршылар, соның ішінде төкпе ақындар қай жерде болса да, өзінің ыңғайына қарай жырлай береді.  Сынап жырлайды, мақтап жырлайды. Бірдеңе сұрап жырлайды. Одан кемшілік пен саясат іздеудің керегі жоқ.

Екіншіден Біржан Қалдыбаев дейтін төкпе ақын қырғызға жиен болады екен. Ал мен қазаққа жиенмін. Екеуіміз қайшылас жиен екенбіз. Менің бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Науша апамыз қазақ қызы болған.

Үшіншіден, қазақ пен қырғыз сөз баққан елміз. Егер мен сол жерде арғымақ мінгізбей қойсам, мені сөзге жығып жырлайтын еді. «Байкем мені жаяу қайтарды, байкемнің бір арғымақтық әлі жоқ па», - деуші еді. Егер мен ол жиынға қатыспасам, сөз басқа болар еді.

Сондықтан, Аманжол мырзаға айтарым, ешқандай ыңғайсыз жағдайда қалған жоқсыздар. Ешқандай саясаты да жоқ. Болғаны – төкпе ақын жиенімнің сөзіне қалмайын деп, арғымақ мінгіздім. Ал енді Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін мен де білмеймін. Бұрыннан таныс емеспін. Оны көшедегі жүрген бір ақын депті. Қазір көшедегі бір ақын болса, кейін қазақ пен қырғызға танымал ақын болатын шығар. «Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі, қарындағы баланың хан боларын кім біледі», дейді. Жас бала екен. Қолдау жасасаңдар, кейін танымал, мықты ақын болатын шығар.

Біз қазақ пен қырғызды өзімізден басқа ешкім қолдамайды. Бір-бірімізді қолдайық. Қазіргі әлемдегі ахуал қиын болып тұр. Қазақ пен қырғыздың ортасына шоқ тастап жіберсек деп тұрған үшінші күштер бар. Біз оған жол бермеуіміз керек. Ортадағы ынтымақты сақтайық. Онсыз да аз халықтармыз”, - деді Қырғызстан президенті.

Ақын Аманжол Әлтаев Қырғызстан президентінің ыстық ықыласын алғанын да мәлімдеді.

Еске салайық, 13 тамызда Қалдыбаев Шолпан-Атада өткен көкпардан әлем Кубогының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, екі халықтың достығы туралы ән шырқаған.

Содан кейін Жапаров Бішкекте ақынға оны сыйлық күтіп тұрғанын айтқан еді. Ал 20 тамызда Президенттің іс басқарушысы Қаныбек Тұмонбаев ақынға мемлекет басшысының сыйлығын тапсырды.

Пікірлер