Серік Елікбай. Қалам мен Қайғы: Қажығұмар

1688
Adyrna.kz Telegram
Белгілі қаламгер Серік Елікбайдың "Қалам мен қайғы" кітабы 2014 жылдан бері жазылып келеді. "Адырна" ұлттық порталы осы кітаптағы  ұлттың жоғын жоқтаған ұлдары туралы жазбаларды ұсынып отыратын болады.
Редакциядан.
Әлемнің әйгілі зәңгі ұлт ұлдарының бірі Мандела өмірден озғанда, АҚШ президенті Б.Обама «Мандела – жеке бостандығын ұлт бостандығына айырбастаған » - деді. Адамзат бас шайқаған қапырық Африканың қажымас қара ұлы жиырма жеті жыл түрмеде отырған...
Тек Алаштың тағы бір ұлы перзенті Қажығұмар Шабданұлы елеусіз, ескерусіз, батасыз, жағы түсе өмірден қайтқаны жан улайды. Жат жұрт түрмесінде қырық жыл қамақта! Он төрт мың алты жүз күн! Жүз жетпіс бес мың екі жүз сағат! Он миллион бес жүз он екі мың минут! Қытай түрмесінде.
Тауарын алып, тамырына мұнай құйып жатқан, қиғаш қас, жыландай жым-жырт, аждаһа аранды қоңсы абақтысында. Бір қазақ, бір қазақ емес Дүр қазақ Аяулы – Аякөзін, бояулы-бақтарын аңсап тірлігін тәрк етті. Қырық жылғы қырғыннан да ел қайтты. Қажығұмар тозақ төрінде, тажал аузында қалды.
ЖАЛҒЫЗ. «Моласындай бақсының». Қытайдағы қазақ буулы ауыз, бұндағы қазақ тойымен болды. Елге кетпедіңіз бе деген жас Қабдештің сөзіне мына елмен де біреулер қалу керек ғой деді. Басқа не айтады ұлт ұлы! Мұсадай ұлт үшін мұң атау-кересін ішті. Жанұшырған жұрт Кеңестік Қазақстанға жетіп үлгерді. Оттан суға жетті. Ол... от ішінде қалды. Басыр жұрттың бағын армандап. Бебеулі тағдырын біле тұра. Ұғынып. Ашамайын көтерген Исадай. Жазды. Жаза берді. Қараңғы, тар, көр тектес көңіл өлер жерде. Бақытын да, сорын да қолына түскен қағаз бетіне... Қалдық қағаздарға, газет шеттеріне...
Ол қазақ қапас әдебиетінің Басы... Соңы да.. Адамзат бұндай жазу егесін білмейді! Бұның қасында абақтыда жазды, қаламын тастамады деген Гандидің, Нерудің, Гитлердің кітаптары баланың ойыны. Бақсының ісі. Ол қытайға қисық, орысқа өгей тілде зарын төкті. Қамкөңіл қазақ тілімен. Көлемі қазақ әдебиетінде сирек, аса ірі туындыны дүниеге әкелді. Диалог. Катехизис. Антиградация. Жын толы, дүлей буған тар камерада, Елім деген ойға толғатты, Сөз тудырды. Кітабының әр үтірі еш пенде төзбес азапқа, налаға, күйінішке толы.
Кітап аты – ҚЫЛМЫС! Бұл қазақтың қаралы кітабы. Зар бумасы. Жас жиынтығы. Мәңгі моласы. Сүйек сандығы. Қазақ қырылған Ақтабан Шұбырынды – қылмыс! Махамбеттің басы алынуы – қылмыс! Кенесары өлімі – қылмыс! Қажығұмардың дүниеге келуі – қылмыс! Осыны айтады Қажығұмар. Басқа не дейді сорлы Суреткер. Мұхтар тектес, Мағжан шектес, Міржақып маңайлас қаламгер. Қазақ деген елдің бар қайғысын қажымай-талмай тартқан қара нар Қажығұмар сыртта. Ата жұрттан алыс. Шекарадан өте алмаған Алашпен бір. Жатта тамған қаны, аулақта аруланған аруағы сүйек сыздатады. Айыстан көзбен көріп, бауырына баса алмас Арараттай. Қарайған жүректердің ерімес мұзы. Мойын үзер міндетіміз, ар алдында бас көтертпес күнәміз... Жақында Ораза айы. Ұзақ күннен соң қол жайған жамағат «Қажығұмар» атын да қосып, кешірім сұра Алладан... Тие берсін!
Серік Елікбай,
Кереку.

 

Пікірлер