«Деструктивті діни жамағат» жүйесі қалай жұмыс істейді?

13931
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кездері елімізде діни жамағатқа бөлінушілік үдерісі белең алғаны байқалады. Бұған әлеуметтік құбылыс ретінде қарауға болар, алайда оның ішінде аласы да, құласы да болатыны заңдылық. Әсіресе, өзге пиғылдағы діни жамағаттардан қоғамға қауіп көбірек. Бүгінгі талқы тақырыбымызда деструктивті діни жамағаттардың көздегені мен көксегені не екенін ашып айтамыз.

Деструктивті діни жамағаттар барлық кезеңде көздегеніне жету үшін ештеңеден тайынбаған. Дінді қалауларынша бұрмалап, әртүрлі айла-шарғыға барып отырған. Қоғамға іріткі салудың жолын іздеп, зұлымдықты ақтауға тырысқан. Бүгінгі таңда олардан төнетін қатер күшеймесе, сейілген жоқ. Артынан ерушілердің қатары көбеймесе, кеміген жоқ.

Жалпы деструктивті діни жамағаттар адамдар арасындағы туыстық, отбасылық, бауырластық қатынастарды жоққа шығарады. Өзара ымыраға келуге мүлде талпынбайды. Оларға өзгені адасқан деу – әлдеқайда оңай. Деструктивті жамағаттар әрдайым қатарын толтырып отыруға талпынады. Ол жолда адамдарды алдап, арбап, өздерін білім беру, бизнес, мәдениет саласының өкілдері ретінде көрсетуге тырысады.

Теріс пиғылдылар ең алдымен өз жемтігін таңдап, онымен жақынырақ танысудың жолын іздейді. Өздерін адал, жақсы адамдардай көрсетеді. Адамның дінге деген қызығушылын оятуға, ол үшін көмек көрсетіп, жанынан табылуға дайын екенін жеткізеді. Осылайша, жалған достық байланыс басталады. Ал арбалушы олардың шектен тыс жанашырлығына сенім білдіре бастайды. Оның жүріс тұрысы әрдайым қадағаланып, өз жақындарына жат болғанша әрекет осылай жалғасады. Кез келген мәселеде соларға жүгінетін хәлге жетеді. Қоғамға деген жиіркеніш сезімін оятып, адамдарды адасушылар ретінде көрсетіп бағады. Осындай психологиялық этаптардан өткен арбалушы өз өмірін сол жамағаттың мүддесіне арнауға дайын тұрады. Өзім дегенді мүлде ұмытады.

Міне, сондықтан теріс пиғылдылардың қоғам үшін келтірер залалын айтпаса да түсінікті. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылығымзғада кері әсерін тигізуде.

Сол үшін еліміздегі күмәнді және деструктивті сипаттағы «жамағаттардың» көбеюіне сақтықпен қарағанымыз абзал. Әйтпесе, бүйректен сирақ шығаруға әзір тұрғандардың жоқтығына кім кепіл?! Жат жамағаттардан сақтаудың емес, сақтанудың жолын іздегеніміз жөн шығар...

Дінге қатысты сұрақ болған жағдайда тек ресми дін өкілдері мен білікті теологтарға жүгінген дұрыс және қауіпсіз болар.

 

Пікірлер
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket