Жауап жоқта жорамал сөйлейді. Министрдің бірінші оқу жылы хиджаб дауымен бастала ма?

4314
Adyrna.kz Telegram

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мектеп оқушыларының хиджабына байланысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде сынға қалды. Содан туындаған сұрақтарды елімізге белгілі ұстаздарға қойып көрдік.

Кешегі Үкімет отырысынан кейін тілшілердің хиджап туралы сұрағына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Зайырлы мемлекет болғаннан кейін зайырлы мемлекеттің заңын орындауға тиістіміз. Жалпы, біз мектепте білім дағдыларын қалыптастырған кезде біздің мемлекеттің заңдарына сәйкес, оқу процесі сол жердегі үдерісте жүргізілу керек. Сондықтан да заң қай мемлекеттік органда болса да қатаң сақталуға тиісті. Біз осы заң жолымен жүретін боламыз», - деген. Министр жауабынан кейін де сауалдар туындаған.

Айта кету керек, Бейсембаев мырза биыл министр ретінде бірінші рет оқу жылын қарсы алмақ.

«БҮГІН – ХИДЖАБ, ЕРТЕҢ ЖҰМА НАМАЗЫ МА?»

«Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, министрге хиджапты жақтайтындар қысым жасауы мүмкін. Ұстаз әлеуметтік желіде тараған видеода Бейсембаевтың тайсақтап тұрғанын байқағанын аңғарған.

- Менің ойымша, Ғани Бейсембаев діндарларға байланысы жоқ «светский» адам секілді. Оған қысым жасап жатқан бір күштер бар секілді. Мұның анығын Алла біледі. Министрдің тайсақтап тұрғанына қарасақ, елде әсіредіншілдердің десі басым болып кеткен секілді. Бірақ оларды қолмен ешкім ұстап алған жоқ. Биліктің жоғары басшылығында соларға бүйрек бұратын адамдар бар дейді ғой, - дейді Өмір Шыныбекұлы.

- Ал енді хиджапқа келетін болсақ, бізде арнайы бекітілген мектеп формасы бар. Егер әр дін өкілі өзінің киімін кие беретін болса, онда не болады? Мектептен кейін білгендерін істесін, өз қалауы бойынша жүруіне болады. Әйтсе де Ата заңда «Зайырлы мемлкетпіз» деп анық жазылып тұр ғой. Одан артық не керек? Егер хиджапқа рұқсат беретін болсақ, мектебімізді ұстай алмай қаламыз. Бәленің бәрі мектептен басталады. Бүгін хиджабқа рұқсат берсе, ертең жұма намазын оқуға рұқсат береді. Егер біз Коституцияға қайшы бір әрекетке рұқсат беретін болса, мұны ұстай алмай қаламыз, – дейді ол.

Өмір Шыныбекұлы кезінде бұрынғы министрмен де, қазіргі министрімен де жүздескенін айтады.

- Асхат Аймағамбетовпен де, Ғани Бейсембаевпен де кездескен болатынмын. Екеуі бір біріне ұқсамайтын адамдар. Бұл жерде мінез емес, қалай болғанда да заң сақталу керек. Балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орындары біздің Конституциямызға бағыну керек. Оның шегінен шығуға болмайды. Саяси реформа болмаса,министрлердің бастары байлаулы екенін көріп отырмыз ғой. Ол үшін соттан бастап депутаттарға дейін тәуелсіз болуы керек, – дейді ол.

«18 ЖАСТАН КЕЙІН ӨЗ ЕРКІ..»

Ал белсенді ұстаздардың бірі Айман Сағидулла мектеп оқушыларының хиджап кигенін қолдамайтынын айтады.

- Мен мектепте оқушылардың хиджап киюінеқарсымын. Мектеп мемлекеттік мекеме әрі біз зайырлы мемлекетте өмір сүретінімізді ұмытпауымыз керек. Қаласа, хиджапты үйінде,немесе көшеде кисін, бірақ 18 жасқа дейінгі мектеп оқушысына хиджап кигізу дұрыс емес. Мемлекеттің арнайы заңмен бекітіп берген мектеп формасы бар, оқушылар сол киімді киюі керек. Өйткені бала өз еркімен киіп жатыр ма, жоқ әлде зорлықпен киіп жатыр ма, біз оны анық білмейміз. Өз ойы әлі дұрыс қалыптаспаған 18 жасқа дейінгі бала ата-ананың ықпалымен жүреді. Ал 18 жастан кейін хиджап кие  ме, кимей ме, ол жағын өзі біледі, – дейді ұстаз.

Сондай-ақ ол Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі болып келгелі, аталған ведомстваның есігі «жабылып» қалғанын айтады. Сондықтан да ол Асхат Аймағамбетов пен Ғани Бектайұлын салыстыруға болмайтынын ескертті.

- Әлеуметтік желіде қаншама мәселені көтеріп,жазып жатырмыз, бірақ жаңа министр бір де біреуіне жауап берген емес. Жауап беруге құзыреті жетпей ме, жоқ әлде менсінбей ме, ол жағын нақты білмеймін. Ол кісі мүлде жабық болып отыр. Белсенді мұғалім ретінде қанша мәселе көтсерсек те ол жауапсыз қалып жатыр, - дейді Айман Сағидулла.

- Шыны керек, Асхат Аймағамбетов пен Ғани Бейсембаевты салыстырсақ, екеуі аспан мен жердей. Жалпы екі азаматты министр ретінде салыстырудың өзі дұрыс емес. Өйткені екеуінің іс-әрекеті аспан мен жердей. Аймағамбетов көп нәрсені шешуге, халықпен диалогта болуға ұмытылды, ал қазіргі министрде ондай талпыныс жоқ, – дейді белсенді ұстаз.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер