Home » Айдарлар » Адырнама » Тағылымды кездесу, толғамды ойлар

Тағылымды кездесу, толғамды ойлар

Алматыдағы С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында «Зұлмат жылдар қасіреті» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға 70-ке жуық мектеп оқушылары, студенттер мен оқытушылар, сондай-ақ, белгілі тарихшылар қатысты. Айта кетейік жиынға мұрындық болған Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы. Аталған басқарманың қолдауымен қолға алынған «1932-33 жылдардағы ашаршылық пен 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін» атты бағдарламаны бүгінде «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі жүзеге асырып отыр.

«КНБ-нің архивінде жатқан істердің барлығын мемлекеттік архивке өткізетін кезең жетті.»

Тынысбек Қоңыратбай, тарихшы, ғалым, филология ғылымдарының докторы

  • Қолдан жасалған ашаршылықты айтпаған күннің өзінде, қуғын-сүргін мен ату жазаларының әліге дейін мәні ашылған жоқ. Мұрағатта қазақ зиялыларына байланысты құжаттардың кейбірінде «Мәңгі құпия» – деген мөр басылған. Себебі түсініксіз. Шындық ашылып қалады дей ме, ұрпақтар жауласып кетеді дей ме, ол жағы беймәлім. Одан неге қорқады? Ол  – шындық. Тарихта болған. Оны халық, жас ұрпақ білу керек. Оқу керек. Керек десеңіз ондай қатігездікке бармас үшін оқылуы керек. Әрбір тергеуші өзінің кейін, өзі болмаса ұрпақтарының жауап беретінін білгені дұрыс. Қазір 37 жылдары тергеу жүргізген тергеушілердің бүкілінің тізімі шықты. Мінеки соның бәрін халық ерте ме, кеш пе бәрі бір білетін болады.

54 жылдары Әлібек Қоңыратбаевқа ақтау қағазын алыпты. Сонда: «46 жылы лагерьде асқазан жарасынан өлді» – деп берілеген. Кейін екінші құжат келді. «2 желтоқсанда атылып кеткен» – дейді. Меніңше, репрессия шындығы қашан түбіне дейін айтылмайынша бұл тақырып мәңгі болады. Оны не құрлым созып жасырыған сайын, ол проблема жинақтала береді. Сондықтан, меніңше КНБ-нің архивінде жатқан істердің барлығын мемлекеттік архивке өткізетін кезең жетті. Қолжетімділік болу керек танусуға.

 

“Геноцид деп айта бергенім үшін орыс азаматы сотқа берген”

Әзімбай Ғали, тарих ғылымдарының докторы, профессор

  • Қазақта қазір жылына 260 мыңдай өсім бар. Тарихта 59-61 жылдары қазақ әлемдегі ең биік көрсеткішке жетті туудан. Рекорд жасаған. 92 жылдан бері өзге ұлттар көшіп жатыр елімізден. Оолар орыс, украиын, беларусь, немістер. Немістер 1 миллион болатын. Қазір 130-ақ мың қалыпты. Жылына Қазақстаннан 35-40 мыңдай орыс жұртшылығы көшіп жатыр. Сондықтан, қазір қазақ халқы 65-70 процентке жеттік. Керемет зұлмат жылдарға қарамай. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Мысалы, 1929-33 жылы менің межем бойынша 1 млн 610 мың қазақ қырылған. Бұған репрессияны қосатын болсақ 1 млн 750 мың. Бұл дегеніміз өте үлкен цифр. Бір кездері осы тақырыпты қозғағаным, геноцид деп айта бергенім үшін, орыс азаматы сотқа берген. Мен айтам, «ол тарихи тақырып, ғылыми жұмыс» – қой деп. Сол сияқты Ресей әліге дейін бұл тақырыпты қозғамауды сұрап отырған сияқты. Бірақ, біздің басшымыз Нұрекең оны көтерді, халықаралық деңгейде көтерді. Онысына рахмет!

Жақын арада бізге қауып жоқ. Себебі біздің өсімізіз тез. Сондықтан Қазақстанның демографиялық болашағы бар сияқты. Әрине, көрші мемлекеттер бізді жарылқайын деп тұрған жоқ. Бірақ, қазақ та оңай халық емес екенін көрсетіп келеді. Біз тарихта қаламыз.

 

«Геноцид – мемлекет басына коммунистер келгеннен басталды

 

Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 

Бізге ең маңыздысы – ашаршылықтың, зұлматтың неге келгенін, оның табиғатын, оны кімдер бастады, соны біліп алуымыз керек. Бұл – мемлекет басына коммунистер келгеннен басталды. Мен айтар едім, Қазақстанды екі рет жаулап алу болды:

  • Бірінші патшалық Ресейдің жаулап алуы.
  • 2- большевиктердің жаулап алуы. Большевиктердің жаулап алуы – ақ патшаның жаулап алуынан да асып түсті. Черчилль айтады, 1946 жылы Фултонда сөйлеген сөзінде: «Коммунизм де фашизм сияқты адамзатқа бірдей қауіпті» – дейді. Патшалық Россия мен қызыл империяның қазаққа жасаған қылмыстарын салыстырсақ, екеуі де қанпезер, екеуі де зұлым. Бірақ, А.Байтұрсынұлы айтады: «Әлхамдулиллах 6 млн Алашпыз» – дейді. 1913 жылы Отыншы Әлжан айтады: «6 жарым млн Алашпыз, 45 млн малымыз бар» – дейді. 39 жылғы санақта большевиктердің жаулап алғаннан кейін 2,3 млн Алаш қалған, 5 млн ақ мал қалған. 5 млн жылқыдан 300 мың ғана жылқы қалған. Осыдан артық қандай зұлмат болсын? Кейбір надандар жетпіс жыл бақытта, шаттықта өмір сүрдік дейді. Қайдағы бақыт пен шаттықты айтады, ұлтыңның алпыс пайызын қырып тастаса. Бұл коммунистердің қылмысы фашистерден асып түсті. Борис Немцов айтады: Коммунистердің екі қаруы болды, біреуі – репрессия, қырып жою. Екіншісі  – халықты алдап өтірік айту. Сондықтан бұл коммунизмды “чума двадцатого века” деп шетелдің социологтары бекер айтпаған.

Бұл ашаршылықты қолына қалам алған әр қазақ зерттеп, жинақтай беру керек. Көзбен көріп, құлақ естіген жандар күннен күнге азайып бара жатыр. Мен Тәшкентке жұмыс істеп жүргенде сол жақтағы көнекөз қариялардан зұлмат жылдар туралы естеліктер жинадым. Сонда Абдрасул деген бір қария: «1933 жылы Тәшкентте қазақтың қырылғаны соншалық таңертен өлігін арбамен далаға апарамыз, түнімен толып кетеді. Сол кезде қазақтан тұқым қалмайтын шығар деп ойладым» – дейді. Міне дәл осындай эпизодтық әңгімелерді ауыл-ауылдан жинай беруіміз керек. Сол кезде ғана келешек ұрпаққа тарихтың шындығын айта алатын, жазып қалдыра алатын боламыз.

 

“Оcның бәрі біздің басшыларымыздың өкінішке орай, өздерін өздері тарихпен тәрбиелей білмеуінде.”

Бейбіт Қойшыбай, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Бүгінгі жастарға біз айтып отырған әңгімелеріміз ертегі сияқты сезілуі мүмкін. Балалар барлық айтылған әңгімеге өзек болған кісілер – сіздермен біздің ата-бабамыз. Біз сол кісілердің ұрпағымыз. Сондықтан өзіміздің тарихымызды білуіміз керек.

Бұл тақырып негізі жабық болып келді. Ел тәуелсіздігенен кейін ғана көтерілді. Жоғарыда ағаларың еліміздің өсімі және халықтың әл-ауқаты төмендеп кетті деп жатыр ғой. Ол рас әрине. Оған себеп – ауылдағы шаруашылықтың тұралап қалуы. Ол – біздің басшыларымыздың өздерін өздері тарихпен тәрбиелей алмауында. Тарих арқылы тәрбиелеу – бұл өте маңызды. Тарихтың қасіретті беттерін біліп өссеңіздер, ертең елді дұрыс жолға бастайсыздар. Қазіргі басшылардың өз тарихын білмеуінің кесірінен, тарихтан сабақ ала білмегенінің салдарынан біз бүгін тұралап тұрмыз. Ертең сол басшылардың орныныа, сол билікке баратындар сіздерсіздер. Сол кезде көзқарастарыңыз дұрыс болса, қазақтың қаралы тарихын біліп барып, не істеу керектігін білсеңіздер онда елді дұрыс басқарасыздар. Сондықтан бүгіннен бастап, қазірден бастап қазақ тарихын, қазақтың қазсіретті тарихын зерттеп, зерделеп жүріңдер дегім келеді.

Осылайша қазақтың қасіретті тарихы сөз болған жиында жастар көкейіндегі көп сұраққа жауап алды. Ал, «Адырна» бірлесітгі «зұлмат жылдар қасіретін» жыл соңына дейін дәріптеп, жастар жадында жаңғыртып отырмақ.

Құрметолла Мұхаметханұлы, “Адырна” сайты

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Алматыда “Тарихтан тағылым: ұлттық идея және дін мәселелері” атты конференция өтті

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы ҚР Ұлттық кітапханасында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Аталған шара ...