Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

2847
Adyrna.kz Telegram

Астана бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды “Адырна”.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн» деген болатын.
Бүгінгі таңда әр аймақ бойынша жұмыспен қамту карталары бекітілген. Жоспарға сәйкес жыл сайын 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Олардың барлығы дерлік жастар мен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.
Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырған «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» халықты тұрақты жұмыспен қамтудың негізгі көзіне айналып отыр. Себебі жыл басынан бері орталық арқылы 8 мыңға жуық адам өз жұмысын тапқан.
«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» осымен он екінші рет өткізіліп отыр. Тамыз айының соңында тағы біреуі өтеді, ал жыл соңына дейін бес жәрмеңке өткізу жоспарымыз бар. Мұндай шаралар жұмыс берушіге де, жұмыс іздеушіге де мүмкіндік береді. Өйткені, жұмыс іздеп жүрген адам жұмыс берушімен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігіне ие. Тіпті, бірден жиырма шақты мекемеге өз түйіндемесін қалдырып, қысқа уақытта жұмыс табуына болады», – дейді Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының директоры Омар Олжас.


Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің дені оқу орындарын енді бітірген түлектер екені байқалады. Олар көбіне білім беру, медицина, IT және қаржы салалары бойынша жұмыс берушілермен сұхбаттасты.
«Астана қаласының «Еңбек мобильділігі орталығы» жыл басынан бері 18 шағын және 2 ірі бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізген болатын. Осы аралықта жәрмеңкемізге 286 жұмыс беруші 3 мыңға жуық бос жұмыс орнымен қатысты. Ал бүгін 75-тен астам ірі жұмыс беруші келушілерге 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Жәрмеңкеге әртүрлі саладағы жұмыс берушілер қатысты. Мәселен, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, қаржы салалары және т.б. Жіктемелеп айтар болсақ, бүгінгі таңда «Жасыл аймақ» ұйымына 30-40 жүргізуші, Астана қалалық Полиция департаментіне 100 қызметкер қажеттілігі бар. Одан бөлек, Халық банкі, Хоум Кредит банкі, «БАЗИС-А» құрылыс компаниясы, «Центрказэнергмонтаж» АҚ, «Магнум» сауда желісі, «Мечта» дүкені, «SMEU Astana» ЖШС және басқа да көптеген компаниялар жұмыс іздеген жандарға бос орын ұсынуға әзір», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Сарыарқа» Мансап орталығының басшысы Бағила Орымбетова.
Тәртіп сақшысы болғысы келетіндер ең алдымен бұған дейін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған болуы тиіс.
«Партрульдік полиция полкіне жасы 18-35 жас аралығында немесе арнайы орта білімдері құқықтану мамандығы, дене шынықтыру мамандығы, жол қозғалысын ұйымдастыру мамандықтары бойынша жұмысқа қабылдаймыз», - деді Астана қалалық ПД патрульдік полиция полкі рота командирінің орынбасары Асылхан Жүзбаев.


«Өз жұмысымды таптым. Партрульдік полицияға қызығушылық танытып отырмын. Талаптары келіп тұр. Алдымен мемлекеттік емтихан тапсыруым керек екен. Сосын барып Павлодарға екі айға оқуға жібереді. Жалақысы алғашқыда 180 мың теңге делінді. Жалпы баруға ниет бар», - деп ынта білдірді жұмыс іздеуші Айнабек Мұсылман.


«Иә, мектептерге барып көрдім. Конкурсқа құжаттарымды тапсырдым. Жалақысы 200 мыңнан басталады екен. Негізгі мамандығым – математика пәні мұғалімі. Талаптары сол бәрінде дерлік бірдей. Бұған дейін колледжде істегенмін. Енді мектепке кіргім келеді», - деді қала тұрғыны Жасталапова Жанаргүл.

Пікірлер