ЕРКІН БАЙҒАБЫЛҰЛЫ: Ақпарат құралы өкіліне облыс әкімінің жекіп сөйлеуге хақы жоқ. Мемлекеттік лауазымды қызметкердің этикасы қайда?

2086
Adyrna.kz Telegram
Тәжірибелі Ақтөбе облысы әкімінің журналистпен тым өктем, ұрсып, жекіп сөйлесу мәнері ерсі көрінді.
Менмендік пе, әлде әкіммін деген кеудемсоқтық па, өзіне ұнамайтын сұрақтар қойып жүрген журналисті тұқыртқан түрі ме?
Егер білдей облыс әкімі журналистпен осылай жекіп сөйлесетін болса, басқа өңірдегі шенеуніктері енді әріптестерімізді жанына жолатпайтын шығар.
Әлеуметтік желіден әкімді көкке көтеріп дұрыс істеді деген пікірлер де жедел ұйымдастырылып жазылып жатқаны байқалады. Қалай болғанда да кез-келген ақпарат құралы өкіліне облыс әкімінің бұлай жекіп сөйлеуге хақы жоқ. Мемлекеттік лауазымды қызметкердің этикасы қайда?
Жақында Президент әкімдердің халыққа жақын болуын, әр мәселені ел аралап жүріп халықпен кездесіп байыпты түсіндіре алуын талап етті емес пе? Журналист жергілікті тұрғындар көтерген мәселені сұраса, әкім оған ұрсып, бұл кімнің сұрағы аты-жөнін айт деп дікіңдеп тұр. Бұл менменсіген "ескі Қазақстан әкімдерінен" қалған жаман әдет қой. Қазір әкімдердің ұстанымы "Ұлық болсаң, кішік бол!" болуы керек емес пе? Әкімдер журналист қандай сұрақ қойса да ренжімей, тиянақты түрде қызметтік этиканы сақтап жауап беруі тиіс. Ақтөбе облысының әкімі жақсы үлгі көрсетіп тұрған жоқ.
Өткенде тура осылай менмендік танытып бұл журналистің ащы сұрақтарына менсінбей жауап берген ШҚО әкімі мықты болса тағы орынында қалмады ма? Журналистерге жекігендердің жақсы болғанын көргеміз жоқ. Орыс тілді болса да ақпарат өкілі ретінде сұрақ қойып тұр. Әкім сұрақтан жалтармай, мемлекеттік тілде болса да ашық жауап беруге міндетті.
Мәселе бұл арада әкімге ұнамайтын сұрақтардың қойылуында болып тұрған сияқты. Журналист олигарх Машкевич салған зәулім үйде облыс әкімі неге тұрды? Неге сақалды құрылыс атанған Батыс-2 элиталық шағын аудандағы тұрғын үйлер салынып бітпей жатыр? Қыруар қаржы бөлінген Ақтөбедегі қоқыс полигоны неге өртене береді? Қаланы түтінге орап,,ауаны ластайтын өрт неге өшірілмейді?Ақтөбенің шетіндегі аудандар да неге жол жөнделмеген, кейбір аудандарда неге свет жоқ? Ауыз су мәселесі кейбір ауылдарда неге әлі шешілмеген? Қандыағаштағы ауыз судың ластануына кім кінәлі? деген өңірдегі өткір мәселелерге қатысты сұрақтарды төтесінен қойды.
Кез-келген әкім журналистерге істеген жұмысын көрсеткісі келеді . Асхат Ниязов оған бас шұлғи бермей тұрғындардан жиналған шағымдар бойынша сауалдарды боратты. Әкімге журналистің осы еркіндігі ұнамаған сияқты. Бұл - заман талабы.
Қазір журналистер министрге де, депутатқа да, кез-келген мекеме басшысына да, кез-келген деңгейдегі әкімдерге де ашық төтесінен сұрақ қоя алады. Әкімдер әрдайым халықтың қызметшісі екендіктерін ұмытпай тұрғындар көтерген мәселені жеткізіп тұрған журналистерге ренжімей, жекімей нақты дәйекті түрде жауап беруі керек!Журналистің кәсіби міндетінің бірі қоғамдағы түйткілді атқарушы билікке жеткізу.Әкімдердің басты міндеті көтерілген түйткілді шешудің жолын, тетігін тауып,нәтижелі жұмыс істеу.

 

Пікірлер