Жалпы біз ес білгелі жындардың атасы Ібіліс екенін естіп, біліп, өстік. Ешбір имам не ауыл молдасы мынау видеодағыдай Жааан деген жынның атасы деп үйретпеген еді. Осы бізде діни идеология дұрыс емес немесе имамдар дұрыс жеткізе алмайды. Мынау не айтып отыр өзі? Шынында діни басқармаға қарасты дін өкілі ма , әлде апарған фирманың жалдамалы молдасы ма? Қазақ халқы өзінің жанына жақын адамын жаным деп айтқан. Яғни жаным сөзі біздер үшін ең қастерлі сөз. Жаным ана, жаным әке, жан-жарым, жан бауырым, деген қастерлі де қасиетті сөздерден құралған өлеңдер, әндер, тіпті «Жаным» деген кинофильмде бар. Соның барлығын теріске шығарып отыр ма мынау? Сонда осы уақытқа дейін айтылып келген, „Жаным ана” „жан-жарым” деген т.б сөздер жындардың атасымен байланысты болғаны ма? Тіпті ұялы телефонына жақын адамын осылай сақтап қойғандар көп ғой. Жұбайын жақын адамын осы сөзбен еркелетіп жүрген, діни сауаты аз қаншама адамдар, мынау видеодан кейін «Ей, сенге» немесе атын атап шақыруға көшпесіне кім кепіл? Айтқан сөзіне жауап берсін.
Жаным сөзі ---сыйластықтың, құрметтің, ілтипаттың белгісі.
Мысалы мен үшін „жаным” сөзі жүрегіме жұмсақ тисе , құлағыма жағымды естіледі. Ал, Өктем Алтаевтың „Жаным бір көріп ғашық болдым саған” деген өлең жолдары, Жынның атасын бір көріп ғашық болдым саған болғаны ма ? Не сандырақ бұл? Осы қажылыққа апаратын тур фирмалардың мынау видеодағыдай дін өкілін кімдер іріктейді, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қадағалайды ма? Жалпы кім жауапты? Әлде тойға асаба жалдаған сияқты қолы жеткенін алып бара береді ма?
Штамп жасадың ба, мағынасын дұрыс бер, болмаса үндеме. Қазаққа келетін дүние бар, келмейтін дүние бар. Уағыз айтатын кезде осының барлығы ескерілуі тиіс. Онда бір имам шықсын да «Мука» сөзі ешқандай ұн емес, ол қайғыру деген жаман сөз десін. Жүрейік сосын миымыз ашып мукалап. Бұлай не болса соны айта беруге болмайды. Оның үстіне асыл дініміз ислам да барлық сұрақтарға жауап табылады. Халықтың миын ашытпай, тігісін жатқызып, жеткізу керек. Ізденген имамға қазақта жеткізетін әдемі сөздер көп.
Бас салып осындай шошытатын әңгіме айтудан ұтылмасақ ұтпаймыз. Бұндай келте мағынасы бар уағыздарға тоқтау болуы керек. Мен үшін ұлтымның бір-бірін жаным деп құрметтеп жүргені маңызды.
Адамдардың мейірімі, жылуы, азайып ажырасулар көбейіп бара жатқан мынау заманда, осы әнді жиі айтып беруге, тыңдауға, кеңес беремін. Отбасын сақтап қалуға, қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі.
Жаным, жаным, жаным, деші.
Сызылтып салған әнім деші,
Маған қарап күлімдеші сен.
[video width="226" height="400" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/04/57461817_665922410512203_2438499147234410496_n.mp4"][/video]
Бейбіт Қазыбеков