Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Есіңде ме, Шағанай, Қарауылда

2058
Adyrna.kz Telegram

БАҚЫТ ҚОШЫ

Есіңде ме, Шағанай,
Қарауылда,
Үшінші рет екеуміз кезіккенде,
Шыңғыстау да нажағайлы бұлт оранды!
Құлпырады солайша мый ғана аңқып!
Радиоторап үйі алды – гүл, тораңғы...
Сөз сөйлеуге қақысыз тіл қараңғы!..

Сонда,
Жаңбырстан алапат күркіреген!
Торғайкөзді тамшылар дүркіреген!..
Жапырақтарында құбылып жасыл уақыт,
Бізді құшып жайқалды-ау шіркін емен!..
Сонда,
Үр қызынікіндей қызарып арай-түрің,
Үлгердің бе меңгеріп тоғай тілін!..
Мен де сонда байқағам,
Қара Жердің
Бұлттарға да адамша қарайтынын!
Ғайып болып қу тірлік-мыстанстан,
Келген қонақ секілді ек біз ғарыштан!..
Өн-бойымыздан алаулап мың сан сезім!..
Алауынан да сиқырлы құстар ұшқан!..
Сонда...
Келіспей-ақ кездескеніміз – жұмбақтылық.
Менде – өр мінез, өзіңде – бұлғақ қылық.
Алғандаймыз өткізіп бір ғұмырды,
Кемпірқосақ музыкасын тыңдап тұрып!
Сонда,
Іңір қызылын қаулатып Күн құздардан,
Түнгі арманға ұласқан күндізгі арман.
Сен екеуміз бет алған қол ұстасып
Қара жолдың ұшында жұлдыз жанған!
Сонда,
Самал сөйлеп Шыңғыстау тобылғылы,
Ғашықтықпен өлшенді-ау өмір құны...
Бақыт қошы – жап-жарық!..
Соны ұқтық біз,
Ай нұрынан да бүр атып көңіл гүлі!..
Сонда,
Кездеспей де қалуымыз мүмкін еді.

Бүгін тағы күн ғажап күркіреді...

***

Қайран, адасқақ-аңғал Қазағым,
Сен мені қайырлы Қара Жерімдей әлпеште,
Қара тырнағыма дейін жұпар гүлдесін!
Солай өмір сүрейік, сүргесін!

Сен Аспандай баура Жанымды,
Аңқыған армандарыңа ұшқан көкүл - мен.
Ардақтасаң, алапат жасындай құш мені!
Өліп те кетсем өкінбен!

Ал, мен Сені онсыз да өлердей сүйемін,
күпіншек жұлдызды күдіктерің сыпсаңдап,
қара тәнімді абақтыңа жазықсыз тықсаң да.
Қаңғырып кетсе де қайғыма Ар.
Ешқашан сөнбейді, Саған деген қаперім ойқұмар.
Тәңірден түскен сондайлық жарғы бар.

Мен Сені сүйемін,
Ақыра шығып патшаң да,
Ата Жауыңа құл ғып сатсаң да.
Тіпті, қақ маңдайдан атсаң да, кәрленіп.
Өлең-Сөз бен өлең-шөп лаулаған топырағыңа жерленіп,
Өзің үшін өмір сүре беремін мен, өкпелеп Саған жатсам да.

Қайран, адасқақ-аңғал Қазағым...

***

Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..
көкшіл кеш, көбелектер күбірлеген.
Өзіңе жазар хатты бастай алмай,
отырмын иек сүйеп іңірге мен.

Келер түн – қалың сәуле қалың-қалың.
Кейіме, тек өзіме мәлім халім.
Әттең-ай, естіп көрсең, әр секундтың
мендегі жалғыздықта жарылғанын!..

Білмеймін, мен байғұсты «ағалауың» –
жасырын жас мөлшерін шамалауың?..
Сенікі дұрыс та ғой.
Түсін, бірақ,
Сенің сол «дұрыстығың» – маған ауыр.

Бақ пен Сор ... бар жүрекке құзыры – бір,
меңгеріп үлгерсек қой біз ілімін.
«Сен!» деген, «Сенем!» деген секемшілдеу
сенделген Сағыныштың Қызырымын!

Көп болды, көрген жоқпын дүрмек бетін.
Шын айтсам, үміт – қысқа, күрметпеді...
Өзіңе асықтығым үшін, маған
Өзіңе аға болу міндет пе еді?..

Торымын, Ой сортаңын ащылаған.
Толғанса Сен туралы тосын «ағаң»,
тоқиды көңіліне кемпірқосақ,
торғайдың шырылынан шашыраған...

Сағымсыз – Шыңғыстаудың атырабы.
Саратан салқынында жатыр ауыл.
Сені ойлап, сонау-у жолдың қарасына
көзімнің қарашығын матырамын.

Ақшамның әр адымын баспалар түн.
Ағаңның бар табары – шашты ағарту.
Өкінтіп тағы бір күн өтіп барад...
о да бір – өмірдегі көшпелі алтын.

Осылай болғаны да дұрыс маған.
Түсімде Түн көрейін күмістабан.
Күлкісін саған ұқсас қыз баланың
күреңот жапырағы уыстаған.

Салармын шырқап қалай «Идай-да»-ға,
Өзіңді жат өзекке қимайды «ағаң».
Жазулы ақшам хатын көкейдегі,
жарқанат қанатымен шимайлаған..

***

АТАМЕКЕН

Шыңғыс Тауларын айтайыншы, Тауларын!..
Солар біледі - Дүние мен заманның қалай аунарын.
Аспанды тыңдап, шежіре сөйлеп жатады,
Кие-бұлттардың сіміріп алып саумалын.

Сол Таулардың ішінде,
Жұмақтан бастау алатын,
Бақыт өлкесіне ағып баратын "Шыбынды" деген өзен бар.
Бақалары да бақа емес, - қосмекенді сазандар.
Мен Дүниеге келген сол жердегі
гауһартекті болып келеді әрбір жасампаз тозаң да.
Жапырағын да ешкім жапыра алмайды наданша -
себебі, қарақаты мен бүлдіргені де ойлай біледі адамша!

Жатқа соғамын ондағы әрбір Құз атын.
Көк шыбындары да көзіме алқызыл бал тышатын.
Жалаң табанымнан дәру егіп әрбір тікені,
әрбір құсы да қанатымен басымнан сипап ұшатын.

Бәрін айт та, бірін айт,
Бөрі иісін сезсе, аңшы біткеннің үрейден көзі бағжаңдар.
Туған Жерімнің көкжалдары-ай...
Көкжалдар...
саптыаяқ маңында қыңсылатып ауылдың мың итін,
Көкке қарап, таңға дейін көктектілігімді ұлитын!...

Қайран Туған Жер!
Жарап тұрушы еді-ау Таулары - Тәңір күмбезін де тіреуге.
Ашкөз қоғам қасиетті сол Атамекенімді де
сатып жіберді алапат ашкөз біреуге.

Енді қарашы,
қу тірліктің митыңы мен итіңі
көше бойы, үй түбі ұдайы қоздыратын түйтігін
менмен Қаланың
мен де қосаяқты бір итімін...

***

Көкәләйім, құлыным,
Мына Дүниеде - әрі шексіз, әрі тар,
Жазмыш жазуы бойынша, бәрі - дәл.
Көктемгі шуақ пен Саған деген сағынышым
Ауаға жұпар дарытар!

Өлең гулеткен бұл Басым
Ойлаумен де жүреді сағыңның сынбасын.
Есіміңмен аластап та отырады күнде асын.
Соңыра Семейге келгеніңде бар ғой, Көкәләй,
Саған
Гүлдерден де әсем құлпырысты көрсетем, көбелектер көзіндегі!
Бұлбұл үні майының да ішкізем ойлы тұнбасын!..

Көкәләйім сол,
Мендегі Жан – қошынан айырылмаған көне Күз.
Жүрегіммен Сен – егіз!..
Екеуміз соңыра, кәдімгідей, Шөп Әлеміне де енеміз,
Жұлдызқұрттай жасылданып денеміз!
Сонда ойнаймыз..
Сонда ойлаймыз шөптерше!
Атаң күле де біледі кептерше!..
Шіркін, мына қатыгез Өмір жұмақтана кетер еді ғой,
Біздің балалығымызды басынан күнде өткерсе!

Көкәләйім сол, құлыным,
Көктем түгіл, жаз да келер мәуелі.
Мүмкін, бізді қонаққа да шақырар Дәу Елі,
Дос болудан дәмелі!..
Білетінім –
Сен келсең-ақ, бір ғажапты бастап кетеміз екеуміз!..
Әрине, балмұздақ жеп аламыз әуелі!

***

Күнде, таңертең Күннің қызыл нұрына шомылам,
Ақылым іші әбден жасылдана шалқығанша өмір-ән.
Сонсоң, ұяты қаймақтанған сүт ішем. 
Бескүндік ит тірлікті бажайлаймын, соңынан.
Сонсоң, бармақ шайнаймын, оқатарымның жоғынан.

Қасиетті жерлерім қасиетсіздерден бос емес...
Дегенмен, тәуба, Көктем самалы – көсем Ес.
Жадымдағы таңғы қош таңбалар – аңқау Еліме деген асқақ сәлемім
және
Көкәләйіме арналған көркем SMS.

Әр тынысым – отбасым үшін бір құрбан.
Отаныма да сес үстейді қарасұрланған түр-тұлғам.
Тек, көңілім... – ең нәзік кеңістік,
Кез келген кемсеңнен де демде жыртылған.

Бақ қандай ертеңгі, сор қандай,
Көреді мендік өр маңдай.
Жыр жазарда, қарындашымды құшырлана ұштаймын,
Тіліммен сүйек жонғандай.

Аңқылдамайтын адамдарға көрсеткен далбасам –
– бөлмедегі гүлдеріммен жұпар алмасам.
Сонсоң, жап-жарық күрсініп алам да Құдайға,
Тірлігімді бастап кетем...
Жан – масаң...

***

МУЗА

Алаш Арыстарының Шешесіндей
Семейдің
мұң аңқыған көшесінде,
қарама-қарсы ана беттен,
бір Арудың тостағандай көзін көрдім, жүрегіме қарап өткен!..
Сол-ақ екен,
бір тылсым қуаттан теңселе кеткендегім...
Көктемге сүйсініп, бүршіктерінен өпкендегім;
ит тірліктің жетегінен тартына тұра қалып,
Туған Елімнің көне әндеріне жылағаным;
Жан Жарымды бауырыма басып езілгенім;
немеремнің күлкісі ішінде сәтке көз ілгенім;
Қара Өлеңімен қағаз тірілткен қаламыма ғана сүйенгенім...
Сонда, санама сыбырлаған Жұпар Ійем менің!..
періштелердің де сезініп иісін керім,
Дүниенің музыкалы тынысын да түйсінгенім;
Төбекөзіме кәдімгідей көріне - қиялдағым мен армандағым,
Өмірдің мәнісін ұғына, әп-сәтте нұрлана қалғандағым!...
Бәрі-бәрі (шілтендер тілегі ме?!..)
асыққандай мейірімді жын еліне:
бір-ақ рет төңкеріле қараған жүрегіме
әлгі Арудың
жанарында кете барды дөңгеленіп!...
Мендей болар - көкжиектегі көшпелі шұғылаға ерген елік..

Пікірлер