1 маусымнан бастап қазақстандықтардың жалақысы өседі - парламент заң қабылдады

2021
Adyrna.kz Telegram

Парламент мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын арттыруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенат үш жылдық республикалық бюджет туралы заң жобасын тиісті түзетулермен төменгі палатаға кері қайтарған болатын. Өйткені қосымша шығындар ескеріліп отыр. Жаңа мемлекеттік орган – Елбасы кеңсесін құруға (1 миллиард теңге) және жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға (37 миллиард теңге) бюджеттен қаржы бөлінеді.

Мәжілістің жалпы отырысында қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Құсайынов бұл заңға сәйкес қазақстандықтардың жалақысын артатынын атап өтті.

"Сенат енгізген өзгертулер мемлекет басшысының мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын өсіруді 1 шілдеден 1 маусымға жылжыту тапсырмасын орындауға бағытталған. Республикалық бюджет шығынын 38 миллиард теңгеге арттыру ұсынылып отыр", - деді мәжіліс депутаты.

Мәжіліс депутаттары сенат енгізген өзгерістерді қолдап дауыс берді.

Еске сала кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының съезінде 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30%-ке, аудандық және облыстық деңгейлерде тікелей халықпен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25%-ке өсіруді тапсырған болатын.

Кейінірек Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап көтеру туралы тапсырма берді.

 

Пікірлер