Қазақстанда ешқашан әділ сайлау өтпеген

1889
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін айтты.

Тоқаев  Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқанын, парламенттің қос палатасымен кеңескенін айтты. Тоқаевтың шешімін Конституциялық кеңес те қолдаған.

"Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет" деді Тоқаев. Ол сайлаудың "таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін" деді.

Бұл сайлауда биліктің басты көзірі қазіргі Президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ешқандай кландық топтарға қатысы жоқ, жемқорлықпен аты былғанбаған тұлға ретінде елге сүйкімді. Кремль мен Бейжің де Кемелұлының алдын кесіп өтпейді. Ел ішіндегі "Дариға Назарбаева да сайлауға түседі екен" деген сыбысқа Нұрсұлтанқызы нүкте қойды. Сенат төрайымының көмекшісі Сәуле Мұстафаева Дариға Назарбаеваның сайлауға түспейтінін айтты. Билік Тоқаевтың кандидатурасын ту етеді деген сөз.

Ал, оппозиция қайтпек? "Өлген оппозиция" деген атқа ие болған, дәл биылғы сайлаудағыдай әлсіреген оппозицияны Қазақстан ешқашанда көрмеген шығар. Кандидаттарының алды зейнетте, арты зейнеткерлікке кандидат. Бұған биліктің де "кінәсі" бар. Әлеуетті, амбициясы бар ұйымдар мен қозғалыстарды жөргегінде тұншықтырды. Қазір енді оппозицияның плацдармы бос. Орнын толтыруға елдегі заңдар мүмкіндік бермейді.

Биылғы сайлау қалай өтпек? Біз осы сауалдың жауабын іздеп саяси тұлғаларға қоңырау шалдық.

Дос Көшім, саясаттанушы:

Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгеше болмайды. Сол әкімшіліктің бақылауындағы кезекті сайлау. Қазақстанда ешқашанда әділ сайлау өтпеген. Бірақ, бұл жолы алдындағы сайлаулардағыдай комедия қоймайтын шығар. Ешкім танымайьтын кандидаттар шығып алып, мен Назарбаевты қолдаймын деген сияқты. Бұл жолы әр партияның басшылары немесе сол партиядағы халыққа танымал екінші нөмірлі адамдары түсуі мүмкін. Биліктен 1 негізгі үміткер мен 2-3 қосымша үміткер түседі.  Халықтың атынан ешкім түсе алмайды. Әрі оны ешкім өткізбейді де.

Оппозицияға келетін болсақ, негізі оппозиция осы ойынға қатысу қажет. Шындығында оппозицияда бірігетін де ешкім қалмады. Серікболсын Әбділдин қартайып, зейнетке кетті. Болат Әбілов саясаттан кетті. Заңды түрде оппозиция болып қалғаны ЖСДП ғана. Сондықтан Жармахан Тұяқбай түседі деп болжаймын.

Ермұрат Бапи, тәуелсіз журналист:

Сайлау жариялағанға дейін Сайлау туралы, Конституция туралы Заңдарға өзгеріс енгізу керек болатын. Сосын, барып сайлаудың өтетін күнін жариялау керек еді. Ол заңдар ҚР азаматтарының құқығын шектеген заңдар болатын. Қоғамда әлеуметтік-саяси теңсіздік қалыптасқан. Партия, ұйым, қозғалыс ұсынбаған азаматтар сайлауға түсе алмайды. Елдегі халықтың жартысы ешқайда мүше емес. Бұл дегеніңіз азаматтардың саяси құқығын шектеу.

Ал, Тоқаевтың "сайлау таза, ашық, әрі әділ өтеді, мен кепіл боламын" дегеніне келсек. Тоқаев ел ішіндегі дипломат ретінде көрінген сүйкімін жоғалтпау үшін счолай дейді. Уақытша Президенттің негізгі міндеті сайлау өткізу. Сондықтан диктатор болса да, Президент ретінде сайлау әділ ірі таза өтеді деп айтуға міндетті.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Егер қолда бар ақпаратқа сенсек, заң бойынша сайлауға биліктің атынан Тоқаев түседі. Назарбаев өзінің сенімді адамы ретінде  президенттік орынға Тоқаевты ұсынды. Тоқаев әзірге уақытша президент. Сондықтан заңды түрде сайлаумен бекітілгені дұрыс. Ал сайлаудан күтерім ең бастысы уәде берілгендей әділ сайлау өтсе. 100 пайыз әділ өтпесе де,  демократияға жақын сайлау өтсе. Әйтпесе, бізде соңғы 20 жылдағы сайлаулардың қалай өткенін жұрт жақсы біледі. Сайлауға деген ел ішінде сенімсіздік бар. Президент сайлау әділ әрі таза болады деп жатыр. Негізі, әділ сайлау өткізуге Тоқаев та, оның командасы да мүдделі. Өздеріне деген хавлықтың сенімділігі қазіргі президентке ауадай қажет.

Басқа кандидаттарға келетін болсақ, "Ақжол" мен "Коммунистік" партия түсетін шығар. Олардың сайлауға түсу-түспеуі маңызды емес. Ештеңе де шешпейді. Сол бұрынғы қуыршақ кандидаттарын қосады.

Ал, биліктің басты бәсекелесі оппозиция біріге ала ма? Бірігіп ортақ кандидат шығара ала ма? Осы мәселені шеше алса Тоқаевтың басты  бәсекелесі осы оппозициядан шыға ма деп ойлаймын. Екі ай деген аз мерзім емес. Сондықтан уақыт аз, жетпей қалды деген сылтау ғана ма деп ойлаймын.

Бұл сайлау алдындағы сайлау сияқты концерт-цирк болмайтын шығар. Ешкім танымайтын кандидаттар түспейтін де шығар деп үміттенемін.

P.S. Қазақстандағы Президент сайлауы Конституцияда көрсетілген уақытында тек бір рет – 2005 жылы 4 желтоқсанда өткен. Қазақстанда соңғы президент сайлауы 2015 жылы 26 сәуірде өтті. Ол да кезектен тыс сайлау болды.  Қазақстанда бес рет президент сайлауы және бір рет мемлекет басшысының өкілетін созуға арналған референдум өтіп, барлығында Нұрсұлтан Назарбаев басым дауыспен жеңіске жеткен.

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер