Әблязовқа Франциядан кетуге 30 күн берілді

1585
Adyrna.kz Telegram

Мұхтар Әблязовке бірнеше жыл бойы тұрып жатқан Франциядан кетуге 30 күн берілді. Бұл туралы Әблязов Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жұма күні түстен кейін мен атқарушы полициядан 30 күн ішінде Франциядан кетіп, мені қабылдауға дайын елге баруым керек деген бұйрық алдым. Олар 2022 жылғы 8 желтоқсандағы сот шешіміне сүйеніп отыр, - деді Әблязов.

Ол 2020 жылдың қыркүйегінде Францияның оған саяси баспана бергенін еске салды. Алайда 2 жылдан кейін сот оны саяси баспанасынан айырды. Экс-банкир француз сотының шешімінде саяси астар бар екенін және бұл бұрын-соңды қабылданбаған шешім екенін айтты.

Бұл жерде олар маған АҚШ сияқты басқа елге немесе кез келген өзге де көрші мемлекетке кетуді ұсынды. Бірақ менде виза да, төлқұжат та жоқ. Сондықтан мен ешқайда кете алмаймын. Менде сотқа шағымдануға құқығым бар және оны пайдаланамын, - деп қосты Әблязов.

Еске салайық, Әблязовке қатысты Қазақстанда және бірқатар басқа елдерде қылмыстық істер қозғалған. Сондай-ақ 2020 жылдың желтоқсан айында Мұхтар Әблязов Ресейде БТА банк ісі бойынша сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Ресей соты Әблязовтің үш жыл ішінде – 2006-2009 жылдар аралығында қол астындағы қызметкерлерімен бірге банктен 58 миллиард рубль, яғни 330,3 миллиард теңге ұрлағанын анықтады.

Ал Қазақстанда банкир сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылған – 2017 жылы ол ақша жымқырғаны үшін кінәлі болатын. 2022 жылдың желтоқсан айының басында Мұхтар Әблязов Францияда босқын мәртебесінен айырылғаны белгілі болды.

Бұл ретте француздық БАҚ Әблязовтың Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін екенін жазған еді. 2023 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қазіргі уақытта Қазақстан мен Франция арасында экстрадициялау туралы келісім жасалмағанын түсіндірді. Осы жылдың мамыр айында Францияның кассациялық соты Мұхтар Әблязовке қатысты сенімге қиянат жасау және ақшаны жылыстату ісі бойынша істі тоқтату туралы апелляциялық сот шешімінің күшін жойғаны хабарланған болатын.

Пікірлер