Суға жауапты Сүлейменовадан - сюрприз. Қауіпсіздік Кеңесінен соң Үкіметте ұсыныс қана айтылды

2823
Adyrna.kz Telegram

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова еліміздің суармалы егіншілік дамыған оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы өткір мәселе екендігін айтты. Ол көрші елдер болжамы ақталмағанын, сондықтан қажетті су қоры жинақталмағанын мойындады. Ол суды үнемдеу үшін күріш алқаптарын қысқарту керектігіне тоқталды. Отырыста бұл мәселенің күріш бағасына әсері де сөз болғанымен, нақты жауап айтылмады. Өткен айда Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінде су тапшылығын жою жайлы айтылғанымен, Үкіметтің уәжі "өйту керек, бүйту керектен" ұзамады.

ЗҮЛФИЯ СОНДА СӨЙЛЕДІ

Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде министр Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығы жағдайы шиеленіскен күйде қалып отырғанын атап өтті.

"Бүгінгі таңда Жамбыл облысында мұздықтардың әлсіз еруіне байланысты Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз мөлшерде толтырылуы алаңдайтын жағдай қалыптастырып отыр. Қырғызгидрометтің 2023 жылғы вегетациялық кезеңге арналған алдын ала болжамы бойынша, Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының су мөлшері Шу және Талас өзендері нормадан 100-ден 120 пайызға дейін артады деп күтілді. Алайда келіп түскен су мен су қоймаларының толықтығына жүргізілген мониторинг болжамның расталмағанын көрсетеді. Қырғызстанның су ресурстары қызметінің мәліметінше, өзендердегі су құрамы нормадан екі есе төмен болды», - деді министр.

Сонымен қатар, министр атап өткендей, Жамбыл облысында өңірді сумен қамтуға кері әсерін тигізетін бірқатар мәселелер анықталды.

"Бүгінгі күні нақты пайдаланылған суармалы жерлер туралы нақты деректер жоқ екені белгілі болды. Әкімдіктің мәліметінше, 181 мың гектар суармалы жер болса, биылғы жылы жасалған келісім-шарттар бойынша "Қазводхоз" тек 93,6 мың гектарды ғана сумен қамтамасыз етіп отыр. Жағдайды ескере отырып, бұл жағдайда ауыл шаруашылығы дақылдарының сумен қамтамасыз етілуіне басымдық беріп, су айналымы мен суару тәртібін қатаң сақтау қажет», - деді ол.

Ал, Түркістан облысында Шардара су қоймасында су тапшылығы байқалады.

Сүлейменованың айтуынша, Қызылорда облысында да Шардара су қоймасындағы су тапшылығына байланысты шілдеде суармалы жерлерді, әсіресе күріш егістігін сумен қамтамасыз етуге қатысты апатты жағдай туындауда.

«2023 жылы 83,9 мың гектар алқапқа күріш егу жоспарланса, іс жүзінде 88,107 мың гектар алқапқа егілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға дерлік артық. Күріш егістіктерін азайту қажет. Су тапшылығына байланысты бассейндік инспекция тұрақты суару үшін суды пайдалану лимитін қысқартты», - деді ол.

МИНИСТР ЕРБОЛ БҮЙДЕДІ

Зүлфия Сүлейменованың дегендеріне ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мынандай уәж айтты.

«Бізде егін егу мен оның көлемі азаймайды. Күріш бойынша біз өзімізді толығымен қамтамасыз етеміз, сонымен қатар өнімдеріміздің бір бөлігін шетелге экспорттаймыз",- деген ауыл шаруашылығы министрі күріштің болжалды бағасы туралы да айтты.

"Біз күріш тұтынушылар үшін жеткіліксіз болған жағдайда бағаның үлкен өсуін болжай алмаймыз. Барлығы стандартты түрде. Біз жақсы өнім күтеміз», - деп жауап берді ол.

Қарашөкеевтен ең құрығанда осы жылдың соңына дейін күріш бағасының қаншалықты қымбаттауы мүмкін екенін анықтау сұралған.

«Бұл сауалға ешкім жауап бермейді. Егер көлем бірдей болса, онда үлкен өсімді күтпейміз. Бізде жыл сайын сол егін көлемі. Одан артық тұтынбадық. Экспортқа көп экспортталмайды. Жалпы инфляция аясында мүмкін, еліміз бойынша баға сәл көтерілуі мүмкін», — деп топшылады Қарашөкеев.

ҮКІМЕТ ҰСЫНЫСПЕН ҒАНА ШЕКТЕЛЕ БЕРМЕК ПЕ?

Мамыр айында Ақордада өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да экология және су қауіпсіздігі мәселелері қарастырылған. Одан кейін өткен Үкімет отырысының сиқы мынандай. Ұсыныс айту, мәселені ортаға салудан әрі ұзамаған шенеуніктерді көреміз. Тіпті ауа райын болжауда да балама жолдардың қарастырылмағаны бұл салада қарапайым мәселелердің өзі ауыр шешілетінін байқатса керек.

Ал болжамға қарағанда, 2040 жылға қарай Орталық Азия аймағында су мәселесі үлкен түйткілге айналуы мүмкін. Су басындағы елдер мен су аяғындағы елдер арасындағы мәміленің керекті деңгейде болмауы, су тазалау шараларының мардымсыздығы, демографиялық өсімнің жоғарылауы аймақтағы су тұтыну мөлшерін арттыра түспек.

 

Пікірлер