Күдебаевтың кесірінен қырғыз азаматтары айыппұлға кесілді

2547
Adyrna.kz Telegram

Алматы және Алматы облысы полиция департаменттерінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың елден "Қаңтар қырғыны" кезінде қашып кетуіне болысқан бес қырғызстандыққа айыппұл салынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24.kg-ке сілтеме көрсете отырып. 

"Қазақстандық генерал Серік Күдебаевтың қашып кету фактісі бойынша қылмыстық істің бес қатысушысы жауапқа тартылды", - делінген хабарламада.

Бұған дейін барлық айыпталушылар кінәсін мойындау туралы келісімге қол қойғаны нақтыланған еді.

"Істің төрт қатысушысы – бейбіт тұрғындар, бесіншісі – ҰҚКД Шекара қызметінің бұрынғы қызметкері екені белгілі. Істі республиканың Әскери прокуратурасы жүргізді. Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар сотқа берілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, барлық қатысушыларға 350 мың сом айыппұл салынды", – деп хабарлады редакция.

Орайы келгенде айта кетейік, Серік Күдебаев 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталған. Атап айтсақ, Серік Күдебаев ҚК 370 бабы 4-бөлігі 1-тармағы (Ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк) бойынша жазықты болды. Ол 2020 жылдан 2022 жылға дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы болып жұмыс істеді.

Прокуратураның мәліметінше, сол оқиғалар кезінде полиция басқармасының бұрынғы басшысы департамент ғимаратынан шығып кеткен. Бөлімге белгісіз біреулер кіріп, қаруды тартып алған.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Серік Күдебаевты полицияның "генерал-майоры" арнайы атағынан, сондай-ақ мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды. Кейін Жетісу облыстық сотының ресми өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров айыпталушының ауруханаға түсіп қалуына байланысты сот отырысы кейінге қалғанын мәлімдеді.

Алайда кейін Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев сот отырысына келуден бас тартты.

Сәуірдің басында Серік Күдебаев шетелге қашып кетті деген ақпарат тарады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Күдебаевтың Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан ресми жұмыс істеп тұрған бекеттер арқылы өтпегенін мәлімдеді.

Сот отырысына келмегендіктен, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына халықаралық іздеу жарияланды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров атағы дардай генералдың қашып кетуіне ІІМ, шекара қызметі өкілдерінің қатысы бар екенін жеткізді.

27 сәуір Бас прокуратура Серік Күдебаевтың Түркияда ұсталғанын растаған.  Құзырлы орган Күдебаевтың Түркияда тұрақты тұруға рұқсат алмақ болғанын мәлімдеді. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер