Home » Басты тақырып » Ресей Қазақстанды АЭС салуға көндіре ала ма?

Ресей Қазақстанды АЭС салуға көндіре ала ма?

Ресей президенті Қазақстанда ұзақ уақыт дауға айналған АЭС салу тақырыбын қайта қозғап, құрылысқа жәрдем беруге әзір екенін мәлімдеді.

Қазақстанда 1990 жылдардың соңынан бері даудан арылмаған атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі қайта көтерілді. Бұл жолы жоба жылдам жүзеге асатын сияқты. Президент Владимир Путин Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен сәуірдің 3-інде Мәскеуде кездескен кезде АЭС салуға көмектесу ниетін жария етті.

Бір күннен соң Қазақстанның энергетика вице-министрі Мағзум Мырзағалиев елде АЭС салу туралы нақты шешім қабылданбағанын айтты. Оның айтуынша, елде атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалған.

Ресей мен Қазақстан атом қуатын бейбіт мақсат үшін өндіруге қатысты көптеген елдермен келісім-шарттар жасаған. Бірақ дәл осы мәселеге қатысты екі ел бір-бірімен мәміле қыла алмай келген.

Мәскеу бұған дейін де Нұр-Сұлтанға АЭС салып беру туралы ұсыныс айтып келген. Путиннің бұл мәселені президент қызметіне енді ғана кірісіп, алғашқы ресми сапарын Ресейден бастаған Тоқаевтың алдында көтергені – назар аударатын жайт.

Қазақстанның өз ішінде де бұл мәселе ұзақ уақыт бойы талқыланып келе жатыр. Әлем бойынша территориясында ең көп атом сынағы жасалған елді мұндай саудаға көндіру қиын. 1949 бен 1989 жылдары советтік Қазақстандағы Семей полигонында Мәскеу 340 рет жер астында және 116 мәрте әуеде атом бомбасын сынап көрген. Елдің солтүстік-шығысындағы аймақ тұрғындары бұл сынақтан түрлі кеселге шалдығып, әлі түгел айығып болмаған.

Қазақстанның энергетика министрлігі сәуірдің 4-інде арнайы хабарлама жариялап, АЭС салу алдында үкіметтің халықпен кеңесетінін ескертті.

РОСАТОМ

Сәуірдің 3-інде ресейлік БАҚ-та “Путин Тоқаевқа ресейлік технологияны пайдаланып Қазақстанда АЭС салуды ұсынды” деген тақырыптар жиі көзге түсті. Мақалаларда Путиннің екі елді жаңаша ынтымақтасуға шақырғаны туралы сөзі келтірілген. “Ресейлік технология” деген сөз елдің атом қуатына жауапты мемлекеттік бас мекемесі Росатомды меңзесе керек.

Қытай “Бір белдеу – бір жол” бастамасын ғаламдық сауда жобасына айналдырып, дамушы елдерге несие беру арқылы бизнес компанияларын төрт тарапқа таратып отыр. Несие ақша алған және өндіріс орындарын ұстап тұру үшін қытайлық технология мен мамандар қолданып жатқан мұндай елдер Қытайға ондаған жылдар бойы тәуелді болмақ. Осылайша Бейжіңнің әлемге ықпал ету аясы кеңіп барады.

Росатом да осындай стратегия қолданып келеді. Компания вебсайтында қаржы айналымы 100 миллиард доллар екенін мақтанышпен хабарлайды. Ресейлік атом қуатын өндіру мекемесі әлемнің 12 еліне атом реакторын орнатқан. Клиенттерінің ішінде Бангладеш, Египет, Үндістан, Беларусь, Иран, Түркия мен Қытай бар. Компания әлем бойынша АЭС салу тендерлеріне белсенді түрде қатысады. Росатом атом қуатын өндіру туралы Оңтүстік Америка, Африка, Азия мен Еуропа елдерімен келісім-шарт жасасқан.

Ирандағы атом электр станциясындағы жабдықты тексеріп жатқан ресейлік маман. 2007 жыл.
Ирандағы атом электр станциясындағы жабдықты тексеріп жатқан ресейлік маман. 2007 жыл.

Росатомның бір ғана ВВЭР реакторы бар АЭС салу құны 8 миллиард АҚШ долларынан басталады. Былтыр қазанда Путин Үндістанға барғанда Росатом осы елде алты ВВЭР реакторлы АЭС салу туралы келісім-шарт жасасты. Компания Үндістандағы Куданкулум деген жерде бұған дейін төрт реакторлы станция салуға кірісіп, екеуін іске қосқан.
Ресейдің қаржы мекемелері АЭС салдыратын елдерге несие бере қояды, ал ТВЭЛ компаниясы отын жеткізіп тұрады.

ҚАЗАТОМПРОМ

Қазақстанның Росатом үшін бөлекше клиент болатын сыңайы бар. Өйткені бұл ел 2009 жылдан бері әлем бойынша ең көп уран өндірушіге және экспорттаушыға айналған. Қазақстан уранды өндіріп қана қоймайды. Қазатомпром ұлттық компаниясы ұзақ уақыт бойы шыңдалып, шикізат уранды ядролық отынға айналдыру технологиясын меңгеріп алған. 2007-2017 жылдар арасында Қазатомпром америкалық Westinghouse электр қуатын өндіру компаниясының 10 пайыз үлесін де иеленген.

Қазақстанның уран қоры да бай, ядролық отын өндіру мүмкіндігі де бар. Қазатомпромның мамандары тек Ресейде емес, Жапония, Франция мен өзге де шет елдерде біліктілік жетілдірген.

АТОМ ҚУАТЫН БІРЛЕСЕ ӨНДІРУ

Ресей Қазақстанда уран өндіруге бұрыннан қатысып келеді. Путин “алты бірлескен кәсіпорынның уран өндіріп және байытып жатқанын” айтып қалды.

“Қазатомпром” 2018 жылы 15 290 тоннаға жуық уран экспорттаған. Оның 17 пайызы Ресейге жөнелтілген.

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев және Росатом басшысы Сергей Кириенко құжатқа қол қою рәсімінде. Алматы, 2016 жыл.
Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев және Росатом басшысы Сергей Кириенко құжатқа қол қою рәсімінде. Алматы, 2016 жыл.

Екі ел 2017 жылы Ангарскіде Халықаралық уран байыту орталығын ашқан. Аз байытылған уран өндіретін кәсіпорынды халықаралық ұйымдар бейбіт өндірісі үшін мақтап келеді.

МАГАТЭ мен Қазақстан үкіметі Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында да аз байытылған уран өндіру орталығын ашқан. Мұнда жеңіл реакторларға отын болатын 90 тоннаға дейін аз байытылған уран сақталады. МАГАТЭ мен Ресей шикізат уранды Өскеменге жеткізу бойынша бөлек келісім жасаған.

Сәуірдің 4-і күнгі мәлімдемесінде Қазақстанның энергетика министрлігі бес елдің АЭС салу тәжірибесін зерттеп жатқанын хабарлады. Тізімге Росатом да кірген. Министрлік қарастырып жатқан жобалардың ішінде газ отынды, судан қуат өндіретін және көмір қолданатын электр станциялары да бар.
Ресейлік “Интерфакс” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, осы елдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин ақпан айында “АЭС салу туралы шешім жуырда қабылданады және оны Росатом салады деп үміттенеміз” деген.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЭС-ТІ ҚАУІП КӨРУІ

1990 жылдардың соңына қарай АЭС салу туралы идея талқыланғанда құрылыс Балқаш көлінің жағасына түседі деген сыбыс тараған. Бұл жоспар жүзеге аспай қалып, сол аумаққа Оңтүстік Кореяның Samsung C&T Corp компаниясы 1320 мегават қуатты, көмір жағатын жылу электр станциясын салған.

2006 жылы Каспий теңізі жағасындағы Ақтау қаласының түбінде АЭС салу туралы және бір бастама көтерілген. Елдегі ең ірі мұнай мен газ кеніштері орналасса да, бұл аймақта электр қуаты тапшы. Бұл жоспар да орындалмаған. Бірақ 2009 жылы Ресейдің көмегімен Семей маңындағы Курчатов қаласына АЭС салу сөз болған. 2014 жылғы мамырда Ресей мен Қазақстан Курчатовта АЭС салу туралы меморандумға қол қойған.

Атом электр станциясы. (Көрнекі сурет).
Атом электр станциясы. (Көрнекі сурет).

Ал бұл жолы билік өкілдерінің неге Алматы облысындағы Үлкен ауылын таңдап алғандары түсініксіз. Алматы қазір Қазақстанның астанасы болмаса да, ең халқы көп қаласы. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев астананы солтүстікке көшірген кезде Алматыда жер сілкіну қаупі зор екені уәж болған.

Әзірше Қазақстанның АЭС салуға кірісетіні белгісіз. Мұндай жоспарды жариялаудың өзі кезінде елде түрлі наразылық тудырған. Бірақ Путиннің ұсынысынан кейін бірден АЭС салу ықтималдығы туралы айта бастауы қазақстандық үкіметтің бұл идеяны қазір шынайы қарастыра бастағанын байқатады. Ал Ресей елшісінің ақпанда айтқан сөзі бұл жобаның екі ел өкілдерінің арасында пысықтала бастағанына дәлел болатындай.

“Азаттық” радиосы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ресей бізге бәсекелес пе немесе Еуразиялық одаққа тықыр таянды

Ресей ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау федералдық қызметі (Россельхознадзор) Қазақстанның бес кәсіпорнының өніміне уақытша шектеу қойды.  Ал ...