Тоқаевты Путин неге қарсы алмады?

967

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Мәскеуге барды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі шет елге жасаған ең алғашқы сапары. Президент мінген ұшақ "Внуково-2" әуежайына біздің ел  уақытымен 14.00-де жетті. Әуежайда мемлекет басшысын Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин, Ресей Сыртқы істер министрлігі хаттама департаментінің басшысы Игорь Богдашев пен Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов қарсы алды.

Әлеуметтік желідегі жұрт бір елдің басшысын терезесі тең адам емес, министрдің орынбасары қарсы алғанына наразы. Дипломатия заңдылығына сүйенсек, әр қадамы санаулы мұндай кездесулердің әрбір сәті өлшеп-пішулі. Сондықтан, неше рет кірпік қаққанына дейін санап отыратын журналистер қауымы түгілі, қарапайым жұртшылық та ҚР уақытша Президентін РФ Президенті күтіп алмағанына аң-таң.

Бұл жағдайдан нені жорамалдауға болады?

Біріншісі, Тоқаев уақытша Президент болғандықтан,  Қазақ Елі басшысын  хаттама департаментінің басшысы күтіп ала берсе де болады деген тоқтамға келуі. Дипломатиялық тілде бұл бола береді.

Екіншісі, РФ Президентінің әлі де Тоқаевпен санаса қоймайтындығын көрсетеді.

Үшіншісі, Кремль қожайынының Елбасыға деген "өкпесі" бары анық. Осыған дейін де интернет беттерінде Ресейдегі билік ауысса, Қазақстан жолымен ауысатыны бірнеше мәрте жазылған болатын. Назарбаевтың жүрген жолын қайталады деген бұл Путиннің саяси амбициясына әрине, жақсы атақ емес. Оның үстіне Елбасымыздың ортақ валютадан да құрық үзіп кеткенін экономикалық сарапшылар айта бастады. Соңғы кезде Қазақстан солтүстік көршімізге қарағанда, Батыс пен Еуропаның қабағын көп бағып кетті. Осының бәрі жиналып келгенде ҚР уақытша Президентін Мәскеу салқын қабақпен бір ықтырып алмақ ниетіндегі саяси қадам екенін бажайлауға болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер